​Шымкентте Beine.Pro интернет журналының тұсаукесері өтті

0
93

Beine.Pro — Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін фото, видео және иллюстрацияға негізделген контент түрінде ұсынатын дербес интернет журнал.


​Шымкентте Beine.Pro интернет журналының тұсаукесері өтті

Шымкентте визуал медиа — Beine.Pro интернет журналының тұсаукесері өтті. Kiiz space өнер кеңістігінде ұйымдастырылған іс-шараға өңір журналистері, медиа сарапшылар, түрлі саланың кәсіби мамандары, бұған дейін жасаған контенттің кейіпкерлері, баспасөз хатшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

Beine.Pro — Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін фото, видео және иллюстрацияға негізделген контент түрінде ұсынатын дербес интернет журнал.

Beine.Pro-ның визуал контент продюсері, фотожурналист Әйгерім Бегімбет жобаның неден басталғанын айтып берді.

— 2019 жылдан бері Internews Kazakhstan ұйымының қолдауымен «Түркістан тіршілігі», «Үрейін жеңген», «Түркістан әйелдері», «Сусырау» медиажобаларын жасап, фотокөрмелер өткізіп, тәжірибе жинадық. Бұдан бөлек, ÓzgeEpic креатив хабының бастамасымен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен «Ауыл мектебі» фотокөрмесін және А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің қолдауымен «Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесін өткіздік. Енді осы жобалардың ізімен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін, аймақтағы проблемаларды, адам тағдыры мен хикаяларды негіз ете отырып, фото және видеомен байытылған сапалы репортаждар жасауды жалғастырамыз, — деді Әйгерім Бегімбет.

Beine.Pro командасы әйел мен бала, ауыл өмірі, экология, ғылым-білім, денсаулық, өнер, урбанистика, бизнес, жасанды интеллект тақырыптарына баса назар аударады. Beinepro.kz сайтында фоторепортаж, видеорепортаж, сторителлинг, дата жобалар жарияланады. YouTube-тағы BeinePro арнасында қаралым саны 300 мыңнан, TikTok пен Instagram-дағы видеолардың қаралымы 200 мыңнан асты.

— Beine.Pro — уақыт ағымына байланбаған контент өндіріп, жариялайтын медиа. Біз өңірдегі тыныс-тіршілікті түрлі визуал форматта жеткізгіміз келеді. Сондықтан да әуел баста фото және иллюстрация контент болса, кейін видеоконтент жасаудың да маңызын түсініп, видеорепортаж, рилс жасауды жолға қойдық. Бұл Beine.Pro интернет журналының толыққанды медиаға айналуына алғышарт болды, — деді интернет журналдың мультимедиа журналисі әрі жоба үйлестірушісі Жанерке Хумар.

Beine.Pro интернет журналының негізгі құндылығы үшеу: Жаңашыл. Жауапкершілік. Адалдық. Яғни Beine.Pro — жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын ұстанып, жаңашыл контент өндіретін медиа.

— Бұған дейін жасаған барлық медиажобаның контенті түрлі платформада жарияланып келді. Соның барлығын бір ортаға жинап әрі медиажобаларды жалғастыру, жаңа тақырыптар қосып, тұрақты контент өндіретін редакцияға айналуды жоспарлап, Beine.Pro интернет журналын құрып отырмыз. Мәселен, «Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесінде фотосы қойылған 14 ғалым туралы фоторепортаж, мақала, сұхбат дайындап жатырмыз. Редакциямыз — горизонталь құрылымда жұмыс істейтін шығармашылық бірлестік. Авторлармен жұмыс істеуді нығайтамыз. Монетизацияның түрлі әдіс-тәсілін енгіземіз. Жаңа форматтарда контент жасаймыз. Мақсатымыз — жасанды интеллект пен заманауи digital құралдарды қолдана отырып, бірақ шынайылықтан ауытқымай, өмірдің өзін қаз-қалпында көрсететін сапалы контент өндіріп, жергілікті медианарықты дамытуға үлес қосу, — деді Beine.Pro интернет журналының бас редакторы Жәнібек Нұрыш.

Beine.Proинтернет журналының логотипі — өмірдің өзін қаз-қалпында көрсету идеясын бейнелейді. Логотип авторы — график дизайнер Шыңғыс Әбдіразақ.

— Мен журналдың Beine.Pro атауы «Beine» (бейне) сөзінің «проекциясы» дегенді білдіреді деп түсіндім. Яғни «бейне» — ақпараттың бастапқы нысаны болса, «.Pro» — сол бейненің кеңейіп, түрлі медиа форматтарда көрініс табуын меңзейді. Логотиптің өзегі — проекция метафорасы. Бренд айдентикасында кішкентай шаршының үлкен шаршыға проекциялануы арқылы форма сақталады, мән жоғалмайды деген идея көрініс тапқан. Бұл — ақпарат, ой немесе дауыс кеңейіп, түрлі форматта тараса да, өз түпкі мағынасын жоғалтпайтынын бейнелейтін концепция, — деді Шыңғыс Әбдіразақ.

Тұсаукесер «Тіршілік» және «Түркістан әйелдері» медиажобасында қойылған фотокөрмеден басталып, Beine.Pro интернет журналының презентациясына ұласып, Қазақстанның түрлі өңірінен келген медиасарапшылар: Молдияр Ергебеков, Бақыт Аманжолқызы, Думан Смақов, Жұлдыз Әбділда, Асхат Еркімбай, Асқар Ақтілеу қатысқан панельдік дискуссияға жалғасты. Медиасарапшылар пікірталқыда медиа этикасы, интеллектуал медиа, редакция стандарты, медианың стратегиясы, фактчекиң мен дезинформация, өңірлік медианың кіріс көздері және жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика туралы айтты.

Қазіргі таңда интернет журналдың beinepro.kz сайты, YouTube-та @beinepro арнасы, Facebook, Instagram, TikTok пен LinkedIn-де @beine.pro парақшалары, WhatsApp пен Telegram-да арнасы бар.

Бөлісу