"Апта ішінде қандай сәтсіздікке ұшырадыңдар?"
Сурет:
"Қателіктен қорықпай өскен бала – ертең тәуекел етуден, жаңа тәжірибе жасаудан, бастамалардан, бір рет сүрінсе қайта тұрудан қорықпайтын тұлғаға айналады"
ERNUR.KZ оқырманы осындай құнды ой түюіне түрткі болған оқиғаны баяндап берді.
"Қара шаңырақта тұрғандықтан ба екен, біздің тәрбиемізбен көбіне атам айналысқан. Мен ес білгелі атамның бізге қоятын бір ерекше сұрағы бар еді. Әр аптаның соңында, жексенбілік кешкі ас үстінде ол бізден "Апта ішінде қандай сәтсіздікке ұшырадыңдар?" - деп сұрайтын. Сосын жеке-жеке жауап беруімізді күтетін.
Басында бұл сұрақ мені абыржытып жіберетін. Өйткені бәріміз жетістікпен мақтануды ғана білеміз. Мектепте ең жақсы баға алу, спортта жеңімпаз болу, бәрі мінсіз болуы керек сияқты. Бұндай жетістігін айтқан бала марапаттау, мақтау сөз күтетіні белгілі. Ал нашар баға алғаныңды, әлдекіммен төбелескеніңді айтып көрші, атаң не дейді екен. Реакциясынан қорқасың. Бірақ атам сәтсіздігімізді сұрап, бетімізге қарап күтіп отырғанда амал жоқ айтуға тура келетін.
Бір рет "бәрі жақсы" дейсің, екінші, үшінші рет "сәтсіздікке тап болмадым" деп айтасың. Бірақ атам "апта ішінде бір рет те сәтсіздік болмауы мүмкін емес" дегенде, күмілжиміз.
Мен алғаш рет тестен нашар баға алғанымды қорқып әрең айтқанымда, атам: "Енді қай жерден қателескеніңді білдің бе? Қателеріңді сараладың ба?" деді. Мен бас шұлғыдым. Атам "Келесіде сол қатені жібермесең жоғары балл жинайсың!" - деді түсіндіріп. Ұрыспады, ашуланбады. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Осы сәт менің санамда терең із қалдырды.
Сол күннен бастап мен қателесуден қорықпайтын болдым. Шахмат ойынында жеңілсем де, сыныпта мұғалімнің сұрағына жауап бере алмай қалсам да, үй тапсырмасында шатасып кетсем де, өзімді қор сезінбедім. Өйткені атам маған ең маңызды сабақты үйреткен екен, сәтсіздік – дамудың бір бөлігі екенін.
Кейін есейгенде бұл тәрбие өз жемісін берді. Жаңа бастамадан қорықпадым. Жұмысымда идеялар ұсынудан тайынбадым. Құлаған сайын қайта тұруды әдетке айналдырдым. Жұрт күлетін шығар деп емес, өзімді сынау үшін әрекет етуді үйрендім. Жолым болмаса, басқа салада өз қабілеттерімді байқап көрдім.
Менің өмір жолымның осылай өрбуіне себепкер болған – мені сәтсіздікте жазаламай, керісінше оны дамуға қадам, өсуге жол деп қарсы алуды үйреткен атам еді.
Бүгінде мен де әкемін. Балаларым сәл өскен соң "Апта ішінде қандай сәтсіздікке ұшырадыңдар?" деп сұраймын. Олардың әрбір сүрінген қадамына ашуланбай, керісінше: “Жарайсың, сынап көрдің ғой! Енді қай жерде қателескеніңді білесің. Келесіде әрекетің жақсырақ болатынына сенем” деп арқасынан қағамын. Өйткені мен қателіктен қорықпай өскен бала – ертең тәуекел етуден, жаңа тәжірибе жасаудан, бастамалардан, бір рет сүрінсе қайта тұрудан қорықпайтын тұлғаға айналатынын білем."


