«Балалары ағамыздың ісінен ұялып, намыстан жарылуға шақ жүр»
көрнекілік үшін сурет: stock.adobe.com
«Сәлеметсіздер ме, қымбатты ERNUR.KZ ұжымы!
Осыдан бес жыл бұрын ағамыз асыл жарынан мезгілсіз айырылды. Әне-міне қызығын көреміз деп отырған, ержетіп қалған қос ұлы бар еді. Сол кезде үлкен ұл он тоғызда, кішісі он жетіде болатын. Тағы бірер жылда келін әкеліп, аға-жеңгемнің қолын жылы суға малып, қызығын көрсетуге дайын тұрған зіңгіттей жігіттер.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» деген ғой. Қазіргі күні екі ұл да үйленіп, бала сүйіп отыр. Бірақ ағамыздың жағдайы алаңдатып тұр. Ол жанына серік болар әйел іздеп бір саудагермен көңіл қосыпты. Негізі ұлдары «әкеміз үйленсе, қарсы емеспіз» деген соң сұрастырып жүріп, жақсы жерден шыққан деген бірнеше кісімен таныстырғанбыз. Бірақ олармен сөзі жараспады ма, әйтеуір тіл табысып кете алмаған. Енді міне, өз таңдауын жасаған сияқты.
Бірақ сонысы дұрыс таңдау болса «бақытты болсын, екеуі бір-біріне серік боп, ептесіп-септесіп жақсы өмір сүрсін» деп тілейтін едік. Солай болмай тұр.
Бұл әйелді ауыл адамдарының ешқайсысы жақтырмайды. Ол жайлы жақсы айтпайды. Естуімізше ол әйел бұрын-соңды бірнеше рет тұрмыста болған, әр ажырасқан сайын күйеулерінің дүние-мүлкін үптеп кеткен деседі. Сауда жасауы да жай сылтау, ел-жер аралаудың себебі сияқты. Ағамыздың қалай басын айналдырып алғанын білмейміз, бірақ сол әйелмен байланысқалы бері қатты өзгерген. Өз үйін сол әйелдің атына аударып беріп қойғанын кіші баласы айтты.
Қазір ағамызға ешкім керек емес боп қалған. Ағайын-туыстың той-жиынына келмейді. Бауырларын, тіпті өз кіндігінен тараған екі ұлы мен немерелерін де ұмытты. Тапқанын сол әйелдің алақанына апарып салатын көрінеді. Көбіне үйге қонбайды екен. Қона қалса да, «Мына үйді босатыңдар, өз үйлерің болғанша пәтер жалдап тұрыңдар. Біз Сәуле екеуміз осында тұрамыз» деп мазаларын алатын көрінеді.
Содан барлығымыз жиналып ағамызды ортаға салып, сөйлескен едік. «Ол әйелді ұнатып тұрсаңыз, ең болмаса үйленіп алыңыз. Ел-жұрттың алдында жүзіңіз ашық болады. Балаларыңыз да ұялмай, бастарын көтеріп жүреді. Сонша жасқа келіп жасырынбақ ойнап жүргеніңіз жараспас» дегенбіз.
Бірақ олар біздің айтқанымызға құлақ аспады. Екеуі бір-бірімен қосылмайды да, не ажырамайды. Қартайғанда ағамның осылай жүргені жаныма батады. Балалары әкелерінің қылығынан намыстанып, жарылуға шақ жүр».
(оқырман хаты қаз-қалпында берілді)