Бұл әпкелерге сабақ болсын.
«Ешкімге қалай өмір сүру керектігін айтудың қажеті жоқ. Дұрысы, жақын адамдарыңның өміріне араласу, олардың өз қолымен жасаған қиындығынан құтқару да керек емес», - деп бастады әңгімесін шымкенттік Ару есімді әйел.
Оның өмірден түйгені – әркім өз өмірін сүргені дұрыс. Маңызды сәтте «бүйт, сөйт» деп ақыл айтудан пайда жоқ. Ақыл-кеңес берген дұрыс, бірақ шешім қабылдауды, таңдау жасауды әркімінң өзіне қалдырған жөн. Сонда ешкім ертең бақытсыздығына, мәселесіне сені кінәламайды. Ал жақыныңның бақытсыздығына өзіңді кінәлаудан артық азап жоқ.
Ару қателігін басқаларға сабақ ету мақсатында жан азабын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:
«Отбасында үш перзентпіз, үш қыз. Әкеміз жол апатынан қайтыс болғанда мен небәрі он екі жаста едім. Анамыз бізді қатарымыздан қалдырмай өсірді, жоғары білім әперді. Төртеумізге қарап отырып, әпкемнің өміріне қызығамын. Қазіргі кезде арамыздағы бақытты жан сол ғана.
Оның күйеуі, бала-шағасы бар. Анам да, сіңлім де оны ешнәрсеге кінәламайды, ренжімейді. Өйткені ол ешкімге ақыл айтқан емес, ешкімнің жеке өміріне араласпаған. Отбасымызда мәселе көбейген кезде тұрмысқа шықты да кетті. Ал мен сол мәселені шешуге барымды салып шыж-быж болдым. Тіпті өзімді құрбан еттім. Одан ешнәрсе ұтпадым, керісінше әлі күнге дейін кінәлау сөздерді естіп келем. Сол оқиғаны айтып берейінші.
Біздің арамыз екі жас. Әпкем төртінші курста оқып жүргенде мен екінші курс студенті едім. Ал сіңлім мектепте бітіруші түлек.
Сіңлім 11-сыныпта оқып жүріп, аяғы ауырлап қалды. Жүкті боп қалғанын өзі де білмеген. Шаранасы үш айлық кезде ғана ағзасындағы өзгерістерді байқаған. Тексерілген, көзі анық жеткен.
Анам естіп талып қала жаздады. Әпкем күрсінді де «18 жастан асқан есі бар қызсың, ары қарай не істеу керектігін өзің шеш» деді. Ал мен интернетті ақтарып, аборт жасатудың салдарын оқып бердім. «Баланы алдырып тастасаң кейін мүлде жүкті бола алмай қалуың мүмкін. Бұны ойламадың ба? Оның үстіне үш айлықтан асқан шарананы алдыру сенің өміріңе де қауіпті» деп, шыр-пыр болдым. Сіңлімнің денсаулығына, өміріне алаңдадым.
Не керек, мен оны тууға үгіттедім. Осы менің басты қателігім. Негізі сіңлімнің анасы және өз басы бар. Жап-жас боп оның өмірі үшін шешім қабылдағаным дұрыс емес. Бұны кеш түсіндім.
Сіңлім мектепті бітірген соң арада алты ай өткеннен кейін босанды. Бірақ перзентханадан шығарда баласынан бас тартпақ болды. Ол «Мен әлі қыдырып үлгермедім. Білім алып, тұрмысқа шығамын деген арманым бар. Ал бұл бала менің өміріме кедергі болады» деді жылап. Бұл жолы да анам тек күрсінумен болды. Ал әпкем «Сенің тағдырың, сенің балаң, өзің біл» дегендей үндемеді. Мен тағы да сіңлімнің жеке өміріне араласып, «Бала – Тәңірдің берген сыйы. Сен одан бас тартпа. Күнә ғой» деп ақыл айттып көндіруге тырыстым.
Ол баланы алып үйге келді. Бірақ оған мейірімі оянбады, қарағысы да келмеді. Қырқынан шықпай жатып сіңлім жігіттермен танысып, кездесе бастады. Анам «Балаңа қарасайшы» деп ұрысса, «маған бала керек емес. Ару ғой райымнан қайтарған, енді өзі қарасын» дейді. Шырылдаған нәрестеге мен қарадым. Ал анам өмірдің қиындығын әбден көрген, оның енді түнімен балаға қарағанын қаламадым.
Балаға қарау оңай емес. Жыладым, қиналдым. Түнде ұйқымды төрт бөлуден шаршағанымда әпкеме «Сенің де інің ғой, жұбатшы» дейтінмін. Ол «Уақытым жоқ, бүгін кездесуім бар. Тұрмысқа шығуым керек» деп, кетіп қалатын. Анам «Аборт жасата салғаны дұрыс еді-ау...» деп айтып қалатын. Бұл сөзінен мен «Нең бар еді? Бұл қиындықты өзің тілеп алдың ғой» дегенді ұғатынмын. Сіңліме ес кірер, әлі-ақ аналық сезімі оянады деп күттім.
Осылай уақыт өтіп жатты. Институттағы оқуыма барам да одан қайтқанша асығам. Өйткені үйдегі балаға қарау керек. Стипендияма өзіме киім алудың орнына сіңлімнің баласына ойыншық, қажетті заттарды алатынмын. Өстіп жүрген бойжеткеннің жігітті ойлауға, танысуға уақыты да болмайды екен.
Бір күні әпкем тұрмысқа шығып кетті. Артынша сіңлім де бір ер-азаматпен қол ұстасып кете барды. Сіңлімнің күйеуі ажырасқан, үш баласы бар азамат еді. Тұрмыстық жағдайы, табысы жақсы еркек. Сіңлім оның байлығына қызыққан болар деп топшыладым. Жоқ, олай емес екен. Сіңлім менен бұрын тұрмысқа кетуге асығыпты...
Арада екі жыл өткенде сіңлімнің күйеуі қайтадан өз отбасымен татуласты. Яғни, бірінші некесіндегі әйелімен табысты. Ол үш баласын қимайтындығын, бірінші әйелін ұмыта алмағанын айтыпты. Оның үстіне сіңлім екеуінің араларында бала да болмап еді.
Содан бері сіңлім тұрмысқа шыққан жоқ. Көп жігітпен танысты, қарым-қатынас құруға әрекет жасады. Бірақ әйтеуір жолы болмай-ақ қойды.
Мен де тұрмысқа шықпадым. Сіңлімнің баласына қараумен, оны балабақшаға апарып, мектепке жетектеп жүргенде өмірімнің көктемі қалай өтіп кеткенін аңғармадым. Әрине, ешкімді кінәлай алмаймын. Өйткені сіңлімнің баласының өміріне жауапкершілікті алған өзім. Ол мені «мама» дейді. Сіңлімнің оған деген мейірімі әлі оянбаған, тіпті баласы оған керек те емес. Ашуланғанда баласын тоқпақтап алады. Ал мені сөзімен «ұрады».
«Үлкен әпкем тұрмысқа шыққанда сені де күйеуге кетіп қала ма деп қорықтым. Сен кетіп қалсаң, балам аяғыма тұсау болатынынан қорқып, екі рет-ақ кездескен еркектің ұсыныса келісе салып едім. Асықпағанымда жақсы жігіт жолығар еді ғой. Өмірімнің быт-шытын шығардыңдар» дейді маған. Анам үндемейді мұндайда, бірақ көзінен мені кінәлайтынын көрем. Сіңлімнің өміріне араласып нем бар еді десеңізші.
Егер сол кезде әпкем сияқты бейтарап қалғанымда, қазір өмірім басқаша болар ма еді деп ойланам. Сіңлімнің де өмірін бүлдірдім деп өзімді өзім жазғырып жүрмін. Ешкімнің өміріне жауапкершілік алудың қажеті жоқ екен. Одан да өз өміріңе жауапты болған дұрыс. Бұны кеш түсіндім... Өкінем...»
Ұқсас оқиғалар:
«Үш сағаттық тойды жасау үшін 3 жылға КРЕДИТ алдым»: түркістандық ана өз ісіне өкінетінін айтты
«Әр босанған сайын күйеуім басқамен кездеседі»: жас келіншек ерінің бұл қылығын түсіне алмай жүр