"Сіңлім о дүниеге кетерін сезгендей": оқырман тылсым жағдай орын алғанын айтты

0
251

«Сендердің естеріңде әбіржіген емес, әдемі мама боп сақталып қалайын»


Біз өмір сүріп жүрген әлем түрлі тылсымға толы. Құпиясын ашу қолымыздан келмейтінін білгесін, аса мән бермейміз.

Сондай бір тылсым жағдайды әңгімелейтін хатты ERNUR.KZ порталы редакциясының оқырманы жолдапты.


"Жақында туыс сіңлім дүние салды. Жол апатына түсіпті. Тұрмыста еді. Күйеубала екеуі бес перзентті өсіріп-жеткізіп отырған. Балаларының арты төрт жаста, үлкені енді мектеп бітіріп жатыр.

Қаралы хабар жете салысымен ағайын-туыс жиналып, жетіп бардық. Үлкен қызы келесі аптада ҰБТ тапсыруы керек болған екен. Соны ертерек тапсырғаның жақсы деп мектеп директорына, білім бөліміне өтініш жазып жүріп осы күнге ауыстыртып, қалаға апарып-әкеле жатқан беті екен. Бұлар отырған такси көлігін артынан басқа бір көлік соққан. Қызы бірнеше жерінен жарақат алған, әйтеуір басы аман. Ал өзі сол жерде тіл тартпай кетіпті.

Қыздары нағашы апасына келіп, еңіреп жылап отырғанын көргенде, егілмеген жан қалмады. Айтуларынша, мамалары он шақты күн бұрын «Мен жоқ болсам, тамақтарыңды қалай істейсіңдер? Тамақ істеп үйреніңдер» деп екі үлкен қызына ас пісіруді үйрете бастаған екен.

Соңғы кезде өз-өзіне қарап, үнемі боянып жүретін болыпты. «Сендердің естеріңде әбіржіген емес, әдемі мама боп сақталып қалайын» дейді екен. «Мама, ертең өлетіндей неғып өйтіп айтасыз? Әлі біздің тойымызда, балаларымыздың тойында жүресіз. Сол кезде қартайған, әже болған түріңізді де көреміз ғой» депті үлкен қызы. «Қартайған кезімді қоя берші, қазіргі түрімді жаттап алсаңдаршы» деп күліпті қалжыңдап.

Соның бәрін қыздарының аузынан естіп отырған көпшілік «Еее, байғұс, өлетінін сезгендей екен ғой» дестік. «Сонда мамам өлетінін білді ма? Бізге неге айтпады? Көкем құтқарып қалатын еді ғой» деп он жасар қызы одан сайын жылайды. Туралап келген ажал алмай қоймайтынын ол бала қайдан білсін.

Осы жасыма келгенше, бірнеше кісінің өлетін күнін алдын ала сезіп, соған дайындалғанын естідім осылай. «Адам өз өлімінің жақындағанын сезеді деген рас екен ғой» дедім. Қазақта «бой жазу», «бой жасау» деп айтады екен мұны."