​Тамаққа ащы бұрыш салып, киімді үтікпен күйдіріп кетеді»: жас келін қайынсіңлісінің құйтырқы тірлігінен шаршағанын айтады

0
1 113

«Құдайдан ертерек күйеуге тиіп кетуін тілеп жүрмін»


​Тамаққа ащы бұрыш салып, киімді үтікпен күйдіріп кетеді»: жас келін қайынсіңлісінің құйтырқы тірлігінен шаршағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның бәріне бірдеу ұнау, олардың көңілін табу мүмкін еместігін түсінемін. Бірақ ең жақын құрбың аяқ астынан өзгеріп сала берсе, онда бірнеше жылдық достығыңның зая кеткені емес пе?» - дейді Нұрсая есімді келіншек.


Түркістандық келіншектің айтуынша, төрт жыл университетте бірге оқып, бір нанды бөліп жеген құрбысы мұны ағасына жар етіпті. Сол сәттен бастап екі достың арасына сызат түскен. Отбасындағы жағдайды Нұрсая ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берген еді.


«Тәңірге тәубе, денім сау, жақындарым аман... Тек кейде-кейде өмірдің қиын тұстары болып жатады. Әсіресе біз сияқты жас келіндер кейде шағымданатын, сырласатын жан табыла бермейді. Ал іштегі өкпе-ренішті біреуге айтып, жеңілдеп алмасаң, онда өзіңе қиын болады екен. Психологтардан естігем. Сол себепті ең жақын құрбыммен болған жағдайды сіздердің сайттарыңыз арқылы айтып беріп, жеңілдеп алсам деймін.


Тұрмыстамын. Міне, бесінші жылға аяқ бастық. Осы уақыт ішінде екі перзенттің анасы атанып үлгердім. Мақтанғаным емес, аяулы жар, мақтаулы келінмін. Ата-енем мені жақсы көреді. Күйеуім де бетіме келген емес. Тек жар дегенде жалғыз қайынсіңлімнің әрекеттері шаршатып жіберді. «Жақсы жеңге» деген атты ала алмай-ақ қойдым.


А. – менің құрбым әрі қайынсіңлім. Екеуміз бірнеше жыл пәтерде бірше тұрып, бір кеседен тамақ ішкен жақын дос едік. Студент болып жүргенде бір-екі мәрте А.-ның ауылына қыдырып барғанмын. Сонда оның ағасы мені ұнатып қалған екен. Диплом алған күні ағасы мені алып қашты. Өмірде екі-ақ рет көрген адамым, түк сезім жоқ жүрегімде. Бірақ құрбымның ибалы мінезі, оның маған деген сыйластығы шегінуге жол бермеді. Осылайша тағдырым бір-ақ күнде шешіліп, құрбымның жеңгесі атанып қала бердім.


Отбасылық өмірім жиіркенішпен, күдік-күмәнмен басталса да, аяғы тәтті сезімге ұласып кетті. Тұңғышымыз дүниеге келген соң күйеуіме деген құрметім одан сайын арта түсті. Ата-енем де немере сыйлағаныма риза болып, бір ауыз ауыр сөз айтпаған. Тек құрбым өзгеріп кетті. Бұрынғы сырласулар қалған. Табалдырықты аттап, бетім ашылған сәттен бастап оны танымай келемін. Мұрнын шүйіріп, көкірегін көкке тіреп, көзі төмен түспей қойды.


А. әрбір ұсақ дүние үшін келіп айқай шығарады. Талай рет бетімнен шапалақпен тартып та жіберген. Күйеуім екеуміздің арамызға от салып, бұрын болмаған нәрселерді болдырып, шағыстырады. Ол үшін мен мына өмірдегі ең нашар адам екенмін.


Тағдырдың мазағын қарамайсыз ба, студенттік шақты бірге өткізген біздер енді бір мектепте мұғалім болып жұмыс істейміз. Әлі тұрмысқа шыға қоймаған соң атамыз мектепке мұғалім етіп кіргізген. Таңертең екеуміз екі бөлек жолмен барамыз, қайтарда да кездеспеудің ретін тауып, екі бөлек келеміз. Әріптестердің алдында да реті келсе мені мұқатып алғанды жақсы көреді.


Жуған кірім, істеген тірлігім, әзірлеген тамағым, жиған үйім, тіпті қалай жүргенім де оған ұнамайды. Бетіме басып, бұйырып сөйлеп, қарғысын жаудырып тұрып айқай шығарады сол үшін. Тіпті, «Шіріп бара жатсың ба, неге осы жуына бересің? Әлде бір жерің алтын боп, соны жарқырата алмай жүрсің бе?» деп намысыма тиетін сөздер айтады.


Мұндайда күйеуім мен енем үшін тілімді тістеп қалам. «Қызым, кететін адам ғой. Жалғыз қыз боп бетінен қақпап едік, тәтті аузыңның дәмін кетірмей-ақ қой. Бір сөзден қала сал» деп басып отырады. Жас дейтіндей жас емес, екі жылдан кейін отызға келеді. Тұрмыс құру түгілі, жігіттермен де сөйлеспейді. Мінезі өте тік екен. Студент кезде мүлдем басқа сияқты еді...


Бір күні үйде ешкім жоқ еді. Екі баланың тамағын беріп, төсегіне жатқыздым да, қайынсіңліммен сырласып, сөзге тартқым келді. Дәптер тексеріп отырған. Ақырын ғана сабақты сұрағансып жанына отыра қалдым. «А. баяғы студенттік шақтар есіңде ме? Екеуміз талай қызықты бастан өткізіп едік. Сол күндерді сағынамын. Жеңгең болсам да сен менің құрбым боп қала бересің ғой, неге маған деген көзқарасың өзгеріп кетті?» деп енді әңгіме бастап келе жатқам, орнынан атып тұрды да, бетімді ұп-ұзын тырнақтарымен тырнап, шапалақпен тартып жіберді. Әп-сәтте не болғанын түсінбей қалдым. Көзімнен жас ыршып түсті. Бес жылдан бері ішіме жинап келген өкпем ақтарылып сала берді. А.-ға айтпаған сөзім жоқ. Ол да бақырып-шақырып жатыр. Екеуміз жұлысуға шақ қалдық.


Сөйтсем, «Құдай бере салған» қайынсіңлім ағасы мен ата-анасының бар ықыласының маған ауып, мақтаулы келін атанғанымды көре алмай жүр екен. «Сені ағама әперген менде ес жоқ екен. Ойламаған жерден бағың ашылып, рақатқа кенеле салдың. Ал менің жүрісім – мынау. Не бай жоқ, не бала жоқ. Әке-шешемнің көзіне күйік болдым» деп үйді басына көтерді.


Осы оқиғадан бері, міне, екі ай өтті. Әлі бір-бірімізге қарап сөйлемейміз. Бірақ қайынсіңлім мені аяқтан шалуын үндемей тындырып жүр. Жуып қойған ыдысымда қоқысқа тастап жібереді немесе сындыра салады. Тамағыма байқатпай тұз салып, бұрыш төгіп кетеді. Енді бірде күйеуімнің екі жейдесін үтікпен күйдіріп, бөлмемізге іліп кетіпті. Сол үшін әжептеуір айқай болды. Қылықтары бес жасар баланікіндей.


Қанша жерден қайынсіңлім ғой деп сыйлағым келсе де, соңғы уақытта менің де жүйкем сыр бере бастағандай. Осы күні жатсам да, тұрсам да қайынсіңлімнің бағы ашылсыншы деп Құдайдан тілеп жүрмін».