​«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды

0
7 275

Өзі төрт жігітпен қатар жүріп, жылатпайтынына тұрмысқа шыққанын айтады


​«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды

«Таңдаған тазға жолығады, отырып қаласың» деп айта береді... Әркімнің бір бұйырғаны бар. Сонда да тұрмысқа шығуым керек екен деп асықпай, жігітпен жүріп көріп, оны зерттеп алып барып некелесу керек. Мен солай еттім», - дейді шымкенттік келіншек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген өз оқиғасында.

Оның айтуынша, бірнеше жігітпен қатар жүрген сатқындық емес. Керісінше, басқа жігіттерді де сынап көрмей, зерттемей тұрмысқа шыға салу – қыздың өзіне деген сатқындық деп санайды ол. Бастысы, ардан аттамасаң болғаны.


- Мені сол кезде жұрттың бәрі сөкті, жамандады. Тіпті, бірнеше жігітпен кездесіп жүргенім сол жігіттердің құлағына тиді. Бірақ ешбірі ұстап алмаған соң ештеңе дей алмайтынына сенімді болдым.

Жалпы, қыз баласына сенімділік аса қажет. Егер жігіттің алдында сенімді болсаң, ешкім де сені қорлай алмайды. Сондықтан да батыл болу керек.

Мен бұл жерде «бірнеше жігітпен жүріңдер» деп ашық үндеп тұрған жоқпын. Егер жігітіңе деген сенімсіздік, күмән болса басқ жігітті де көр, сына, байқа. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жігітпен жүру деген «төсекке жату» деген сөз емес. Тіпті, сүйіспей-ақ оның кім екенін білуге болады.


Біздің өңірде мектепті бітіргеннен жан-жақтан барлығы «күйеуге тию» туралы әңгіме басталады. «Пәленшенің ұлы, түгеншенің інісі» сияқтылармен таныстыру, мақтау сияқтылар, құда түсулер дегендей... Біздің де үйге келді, бірақ мен «жігітім бар» дедім. Бірақ жоқ еді. Екінші курсты бітіргенде барып жігітке қарай бастадым, олар да маған көз салды. Бірақ мен ешқашан сезімнің жетегінде кетпедім. Мен үшін жігіт – ол болашақ күйеу, балардың әкесі, асыраушы, мені аялап отыратын азамат болу керек. Мен солай ойлайтынмын және сол себепті бірнеше жігіті көргім келді.


Ең бірінші сөз салған жігітке дос болуды ұсындым, егер жарасып жатсақ қарым-қатынасымызды әрі қарай көреміз дедім. Тап сол кезде құрбым арқылы танысқан үлкендеу жігіт те көңіл білдірді. Оған да не «жоқ», не «иә» демедім. Кездесуге шақырса шығып, бірге қыдыратынбыз. Көңіліме жағады-ау деген үшінші жігіттің де шақыруын қабыл алдым. Ал төртінші жігіт тек хат жазатын, онымен де сөйлесіп жүрдім.


Шынымды айтсам, ешбіріне құлай ғашық болғаным жоқ. Бірақ төртеуі де мен үшін бәрін істеуге даяр екеніне көзім жететін. Кейде әдейі алыста болса «кездескім келіп тұр» десем ұшып жетуші еді (жігіттерден кешірім сұраймын сондай қатыгездігім үшін). Ешбірін тәніме жуытпадым, кездескенде болашақ жоспарларын, өмірге көзқарасын, білімге деген пікір дегендей түрлі жағынан әңгіме айтушы едік. Мені әсіресе «келінді құлдай жұмсайтын, әйел деген еркектен төмен дейтін» көзқарасқа деген пікірлері қатты қызықтырды.


Әйелдің отбасындағы рөлі туралы жиі тартысып қала беретін жасы үлкен жігітті бірінші «босаттым». Себебі, ол нағыз әйелге зат деп қарайтын күйеу болары белгілі еді. «Бәрі әйелге байланысты, әйел жақсы болса еркек те жақсы» деп бар жауапкершілікті әйелге итере салатын еркек екені белгілі болды.


Бірінші болып сөз салған жігітпен араны болашаққа деген дым жоспары жоқ болғаны үшін үздім. «Пападан ақша алу керек еді, мама ақша сап жіберді, ағам көлік сыйлаймын деді» деген сөздерінен-ақ оның өзіндік талабы, «өзім жасап көрсем, жетістікке жетсем» деген ниеті жоғын түсіндім.


Ал үшінші жігіттің жүрегінде мейірім жоқ еді. Маған көз тастаған жігіт болса жаға ұстаса кету, менің алдымда өзін батыр етіп көрсетіп, кішілерге әкіреңдеуі тез көңілімді суытты.


Басында тек қана хат жолдайтын жігіт қана білімге құмарлығымен мені өзіне баурай берді. Кітапханадан шықпайтын, қолы бос болса бір тиын болса да таба берейін деп даяшы боп істейтін және онысынан еш намыстанбайтын. «Қашанғы әкемнен ақша сұраймын, онсыз да оқытты» деп үнемі үйін ойлап жүретін.


Сосын өзінің туған күнінде ең бірінші анасын құттықтауы және үнемі оған алғыс хат жазатыны ұнады. Мен өз анама, әкеме, бауырларыма алғыс айтуды содан үйрендім. «Анасын осылай сыйласа, демек әйеліне де жақсы қарайтын күйеу болады» деп түйіп қойдым.


Сосын тағы бір разы болғаным, үнемі алдағы жоспарларын айтатын. «Білмеймін, орындала ма, жоқ па, мен осыны жасағым келеді, осындай алғым келеді, осы елге саяхаттап, ол үшін мынанша ақша жинағым келеді» деп отырғанда онымен бірге өзімнің де қиялыма қалай ерік бергенімді білмей қаламын.

Басқалар сияқты маған қымбат жұмсақ ойыншық, 101 раушан, алтын, ресторан сыйлаған жоқ. Ақшаның қадірін білетін, арзан да бірақ есте қаларлықтай кеш сыйлаушы еді. Еркек-әйел деп айтыспайтынбыз, тек адамгершілік туралы көп айтатыны ұнады. Оқуды бітіргенше екі жыл бойы сол көзқарасынан өзгермеген жігіттің етегінен ұстасам қор болмайтынымды, жылатпайтынын түсіндім, - дейді қазір екі перзентті болып үлгерген келіншек.


«Білесіз бе, бұрынғы арманын, жоспарларын бірінен соң бірін іске асырып жатыр күйеуім. Соған қуанам, шүкір деймін. Білікті маман болғанының арқасында жұмысқа шақырушылар, бір реттік жұмысқа тапсырыс берушілер көп. Соның арқасында табысты. Мені де жұмысқа шығуға үгіттеп жүр. Ал менің балалармен ғана айналысқым келеді. «Білімің қарайып қалады, не үшін оқыдың? Дамып тұруың керек» деп айтып отырады үнемі. Таңдап жүріп тұрмысқа шыққаныма разымын және бойжеткердерге де солай етуге кеңес берер едім», - деген ол тұрмысқа шықпаған замандастарына ақылын да айтты.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты


«Енеңнің көңілдесі бар дейді»: Жас келін өсекке таңылған енесі үшін ауылда тұрғысы келмейді