​«Төркінімнен қолдау таппадым»: түркістандық әйел күйеуінің таяғына 17 жыл шыдап келгенін айтты

0
2 252

«Ол мені өзінің туған ағасымен жүрді деп айыптады»


​«Төркінімнен қолдау таппадым»: түркістандық әйел күйеуінің таяғына 17 жыл шыдап келгенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің үлкен қолдауы төркіні болуы тиіс. Күйеуіңнен таяқ жеп, ата-енеден жылу көрмей жүрген жанға «шыда, өлмейсің, сүйегің сол үйден шықсын» деп төркіні «жығылған үстіне жұдырық» көрсетсе, онда әйелдің ертеңге деген сенімі қалмаса керек.


Түркістандық Жансұлу есімді әйел 17 жыл дегенде күйеуінің озбырлығынан әрең құтылыпты. Бірақ денсаулығы мен жүйекесі тозған. Көрмегені жоқ, сөйте тұра анасы мен бауырлары «ақымақсың, ит те болса күйеуің еді, шыдай алмадың» деп түртпектеп отыр екен. Ешкімге айта алмаған жан сырын Жансұлудың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Өз өмірімде күлгенімнен жылағаным көп болғасын маған барлық әйел азап үшін туғандай көрінеді. Әйелдің мойнындағы міндет, жауапкершілік, бейнет еркектерге қарағанда жоғары. Ал егер күйеуіңнен қолдау болмаса, онда бағыңнан сорың басым болады екен. Менің маңдайымның соры бес елі болды.


Күйеуім Серікпен студенттік шақтан таныс болдық. Сөз салып, артымнан қалмай біраз жүрді. Сосын кездесуді бастадық. Әңгіменің майын тамызып, әдемі сөздерімен көңілімді көтеріп, уәдені үйіп-төгіп берген соң «бұдан артық қандай күйеу керек» деген ойда болғаным рас. Бірақ қасымдағы құрбыларым мені оған тең көрмеді. «Жансұлу, осы жерден тоқтата сал, мынауыңның сайраған тілі болмаса, басқа ештеңесі жоқ. Сенің теңің емес» деп қанша мәрте айтты. Солардың сөзін құлаққа ілмедім.


«Менің жігітім бар, үйленейік деп айтып жатыр» деп мамама, әпкелеріме айтқанда да «Оқуыңды бітіріп, жұмысқа тұрып алсайшы, неге асығасың?» деп сөйлегені бар. Өйткені өзімнен үлкен әпкем әлі тұрмысқа шықпаған-тұғын. «Айсұлуды күте берсем байсыз қалатын сияқтымын, бұл тек жұмысты ғана ойлайды ғой» деп әпкемнің де көңіліне қаяу салғанымды жасырмаймын.


Не керек, ешкімнің сөзін де, өзін де «қыстырмай» тұрмысқа шығып кеттім. Серік мені алып қашты. Артымнан қуып келген әпкем, бауырларым «Өзің келдің, біз саған ескерттік! Енді бірдеңе деп үйге жылап барушы болма!» деп қайта-қайта айтып, құлағыма құйып кетті. Бірақ ол сөздерге жастықтың, махаббаттың буымен онша мән бермеген екем.


Серіктің шынайы бет-бейнесі беташардың ертеңіне-ақ ашылды ғой. Енем «мына әйелің тамақ істеуді білмейді екен. Сорпасы сылдыр су, татымы жоқ» деп беташардың ертеңіне екеумізді шағыстыруды бастады.

Білмеймін, бірінші көргеннен ол мені жақтырмады. «Дұрыстап тамақ істесең қайтеді? Неге мен сен туралы жаман сөз естуім керек?!» деп айқайлады күйеуім. «Мен әлі бұл үйдің тәртібін, режимін, нені жақсы көретінін білмеймін ғой, апам жаймен соны үйретіп жіберсе болады ғой» деп сөйлегенім үшін алғашқы шапалақ бетіме тиді. «Сонда сен мамамды кінәлап тұрсың ба?» деп өзіме бәле жапты.


«Сорлы, нең бар еді байға тиіп? Енді артқа қайтатын жол жоқ, кеше ғана әпкем «Өзіңнен көр енді» деп кеткен. Ол үйге қай бетіммен барам» деп іштей өзіме ұрысып, көзімнің жасын бір сығып алып тірлігімді жасап жүре бердім. Менің үндемей кешіргенімді күйеуім жуастыққа балады-ау. Күнде болмаса да айына екі-үш мәрте таяқ жегізу оның тұрақты жұмысына айналды.


Мұғалім болам деген арманым адыра қалды. Қара күйелеш болып, ошақтың үш бұтына қамалған ауылдың қара табан әйеліне айналдым. «Мінезі қиын» деген сөз бар ғой. Сол менің ата-енеме арнап айтылғандай. Болмашы нәрсені үлкен проблемаға айналдырып, әп-әдемі шай ішіп отырған жерімізден ұрыс бастап жіберетін. Атам мылжың, күйеуім әкесіне тартқан екен. Көп сөйлейді, тамақ шайнап отырып аузы-аузына жұқпай әңгіме айтады. Кейде соған шашалып, аузындағысын дастарханға шашыратып, берекемізді кетіреді. Ондайда «Ойбай, мынау қақалып қалды, сүлгі бер» деп енем бақырады. Дер кезінде құрығыр сүлгі де табыла қалмайды ғой, ас үйден алып келу керек. Ондайда сөз маған тиеді, ақыр-аяғында қайын атамның шашалып қалғанына мен кінәлі боп шыға келем.


Ата-енем зейнетақысының көк тиынын бізге ұстатпайды. Күйеуім такси жүргізушісі боп ауыл мен қаланың арасында адам тасиды. Ол қай жыртыққа жамау болсын. Үшінші балам өте әлжуаз боп туылған, «балаңыз анемия, көбірек көкөніс, жеміс-жидек жегізіңіз, тамағы құнарлы болсын» деп айтады. Өзіне ғана шақтап әкеліп, бөлмеме тығып, арасында балама беріп тұрам. Соны бір күні енем байқап қойыпты. «Мынау әйелің бізден тығылып тамақ ішеді» деп Серікке мені шағыстырып, ол әңгіменің байыбына бармай жатып мені өлгенше ұрып-соқты. «Түк көрмеген, неге менің ата-анамнан тығылып тамақ жейсің, ашсың ба?» деп қол жұмсады. Түсіндіруіме мүмкіндік бермеді.


Сол күні сүйретіліп жүріп киім-кешегімді жинап, үш баламды алып төркініме кеттім. Бірақ мені құшағын жайып не шешем, не ағам қарсы алған жоқ. «Өзің бірдеңе дегенсің, еркек бекерге ашуланбайды» деп айтқаныма сенбей қойды. Ертеңіне күйеуім кешірім сұрап келіп еді, ләм-мим деместен мені жетектетіп қайтарып жіберді.


Бала-шағаға киім керек, тамақ сұрайды. Болмаған соң ауылда қандай жұмыс бар, соны істеуге шықтым. Он бес сиыры бар бір әйелдің азанда-кешке сиырын сауып, күбісін пісіп, құртын жасап келем. Оның арасында «үйімнің сыртын әктеп берші» дейтіндерге барып, ақыға жалданам. Күздігүні ауыл маңындағы алма бағына жұмысшы болам. Әйтеуір қатардан қалмай, тәуір киініп, балаларыма керегін әперіп тұру үшін тырбанып еңбек еттім.


Мен жұмыс істеген жердің қожайындары «Шиеттей бала-шағаң бар ғой, мә, мынаны ал» деп кейде ұстамайтын заттарын, кимейтін киімдерін беретін. Ондайды әкелген күні Серік тағы ұратын. «Қай байың берді?! Неге ол сені жарылқай қалды?!» деп миымды ашытатын. Менің осылай тырбанып, еңбек етіп, шыр-пыр болып жүргенімді қайынағам мен абысыным ғана түсінді. Серік екеуміз ұрысып қалсақ сол екеуі менің сөзімді сөйлейтін. Бауырын басуға тырысатын.


Өткен жолы кезекті бір төбелесте күйеуім «Сен Аманғалиді суарып жүрсің. Әйтпесе менің бауырым бола тұра неге сенің сөзіңді сөйлейді?! Сен сыған қатынсың, оның басын айналдырып алғансың» деп төбемнен жай түсіргендей әңгіме айтты. Бұрынғы әңгімелеріне, нақақ күйе жаққандарына шыдап, көңіліме алмай жүре беруші едім. Мынау әңгімесі жаныма қатты батты. Сол сәтте есімді жинап алдым.

«Болды, Жансұлу, сені өз бауырымен қосып, қарабет қылғысы келген адамнан не үміт күтіп жүрсің? Есіңді жиып, бала-шағаңмен тыныш өмір сүр ендігі!» деп ойладым да, жылап отырып қайынағама телефон соқтым. «Аға, мына бауырыңыз осылай деп жатыр. Мен енді бұдан артық төзе алмаймын. Ертең біздің үйге бәріңіз келіңіздер, мен де төркінімді шақырып, бұл мәселені шешуім керек» дедім.


Төркінімнен екі әпкем, ағам, мамам келді. Отырып он жеті жыл бойы жиналған өкпені, оның мені қалай қорлағанын, көрген азабымды ағайын-туыстың алдында жайып салдым. Қайынағам бауырына қол жұмсап, абысыным маған алара қарап, әлгі жерде сойқан-соғыс болды. Бір күйетінім, соның бәрін естіп отырса да туған ағам, анам «Сен біздің қызды неге қорладың?!» деп күйеуімнен жауап алмады. «Әлде де төрт бала үшін үй боп кетуге тырысып көріңдер» дегенде төркіннен де қайыр-үміт жоғын түсіндім.


Сол күні киім-кешегімді жинап, керек заттарымды алып, екі кішкентайымды ертіп қалаға, құрбымның үйіне кетіп қалдым. Қазір ажырасуға арыз бергем, үлкенім мектеп бітіргелі отыр. Емтиханнан өтіп алса, оларды да өз қолыма аламын. Бір айдай уақыт болды, құлағым тыныш, жаным жай тапқандай. «Бүгін не деп қалар екен» деген үрей жоқ. Сұлулық салонындарының еденін жуам, күндіз нан жауып сататын наубайханада сатушымын. Бұйырған несібемді теріп жеп жүрмін.


Айтқым келгені, күйеудің таяғына шыдап жүре бермей, ертерек ажырасудың жолын ойлау керек. Бір-ақ рет берілетін өміріңіз тек өзіңізге қымбат, қадірін біліңіз. Мен осыны түсіну үшін 17 жылымды құрбан еттім».