«Төртінші рет үйленбек»: шымкенттік келіншек баласына жол бермей отырған әкесіне өкпелі

0
1 018

«Үш әйелмен ажырасқаны шекесіне тимеген екен»


«Төртінші рет үйленбек»: шымкенттік келіншек баласына жол бермей отырған әкесіне өкпелі
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім» демекші, анадан ерте айырылған тұл жетіммін. Анасы бар адамдарға қызыға да, қызғана қараймын. Түрі, сөйлеген сөзі мамама ұқсайтын кісі көрсем, құшағына кіргім келеді, еркелегім келеді. Қайтейін... Кейде Құдай неге мамамды емес, папамды ала салмады екен деп те ойлаймын», - дейді Нұргұл есімді келіншек.


Шымкенттік оқырманымыз әкесіне деген өкпе-ренішін ERNUR.KZ арқылы айтуды жөн көріпті.


«Тағдыр кейде біз күтпеген тосын жағдайларды алдымыздан даярлап қояды екен. Ауырмаған, өмірінде «шаршадым» деп жантая жатып көрмеген мамамыз бір күнде өмірден өтіп кете барды. Ол кезде студентпін, үлкен әпкем тұрмыста, екі інім әлі үйленбеген. Есіміз ауысып кете жаздады. Күні кеше көз алдымызда жайраңдап отырған мамамыздың таңертең шомылуға ваннаға кіріп, есікті ішінен құлыптаған күйі шыға алмай қалуы екі кішкентай ініме үлкен соққы болды. «Есікті дер кезінде аша алмадық, құтқаруға болар еді» деп екеуі әлі күнге дейін өздерін кінәлі санайды.


Не десек те, өмір ары қарай жалғаса береді екен. Мамамыздың жылдық асын өткіздік. Іштегі өкініш, мамама деген сағыныш азайған жоқ, тек сондай күйде өмір сүруге көндігіп қалғандай болдық. Әпкем аптасына бір рет келіп, бізден хабар алып кетеді. Қалған уақытта папама, екі ініме өзім тамақ істеп, үйдің шаруасын үлгергенімше атқарып жүрдім. Бірақ бәрібір папамызға бірдеңе жетіспейтіндей, күні-түні даладағы тапшанда күрсініп, бір нүктеге қадалып отыратын әдет тапты. Ол кезде жаспын ғой, еркектің әйелсіз күн көре алмайтынын онш түсінбеймін.


Бір күні папамның екі әпкесі, қарындасы, мамамның сіңлілері мен жеңгесі келді. Олар келеді деп күтпегем, барымды қойып шай бердім. Сөйтсек олар өзара телефонмен келісіп, сөйлесіп, ортақ шешімдерін біздерге естіртейін деп келген екен. «Әкелеріңді үйлендірмесек болмайды» деді олар бізге. «Неге, мамамның орнын ешкім баспайды!» деп бірінші қарсы болғанымды жасырмаймын. Мамам жатқан төсекті, оның тірнектеп жиған дүниесін басқа біреудің иемденіп кеткенін қаламадым, әкемді қызғандым. Бірақ үлкен әпкем маған басу айтты. «Әкеміз үйленбесе болмайды, жақсы адам кездессе әкелсін» деп жағдайды түсіндірді.


Екі айдан соң бір әйелге үйленді. Папамның үлкен әпкесі екеуін таныстырған екен. Кішігірім дастархан жайып, некелерін қидырып, ел-жұртқа таныстырып алдық. Бұрын тұрмысқа шығып, балалы бола алмай ажырасқан екен. Сосын бір мекемеде есепші боп істеп, құжаттары дұрыс болмай, «ақша жымқырды» деген айыппен екі жыл түрмеде отырып шыққан кісі екенін кейін естідік.


Өтірік айтпай-ақ қояйын, басында бізге жап-жақсы қарады. Інілерім жатырқаса да мен барынша үйге үйренісіп кетуі үшін жылы сөйлеп, папамның туыстарын, өзімнің нағашыларымды таныстырып, мерекелерде азын-аулақ сыйлық жасап, екеуінің үй боп кетуіне барымды салдым. Бірақ өздері тіл табыса алмады-ау. Жиі сөзге келіп қала берді. Екеуі араздасып қалған күндері бізден де маза кететін. Дастарханға біреуі отырса, екіншісі жоламайды. Қарадай қысылдық. Ақырында әлгі әйел үйден кетіп тынды. Араларында не болғанын сол күйі біле алмадық, папам ашып ештеңе айтпады.


Бір жылдан соң папамның екінші әпкесі тағы біреумен таныстырды. Бір қызымен күйеуден ажырасып келген екен. Ол қызы бойжетіп, шетелге оқуға кетіпті. Папам екеуі көп кездескен жоқ, екі аптаның ішінде асығыс үйленіп кетті. Қызыл сөзге шешен біреу боп шықты, әңгіме айтқанда оған ешкім ілесе алмайтын. Аузы ауырмайды, не әңгіме бастасаң, соны өрбітіп әкететін қасиеті бар. Бірақ тірлікке келгенге салақтың нағыз өзі боп шықты. Папамның киім-кешегін айтпағанның өзінде, өзінің ішкиімдерін жуып ала алмайтын. Әр жерде шашылып, сасып-бықсып жата береді. Оған папамның жыны келеді, әбден тазалыққа үйреніп қалған адам. «Жуынып алшы, үстіңнен иіс шығып тұр» деп әйелін әрең шомылдыратын.


Жарты жылда үйіміз адам танымастай өзгерді. Кілем де, перде де, кірден көрінбейді. Күні бойы үйде, ал мен дипломдық жұмысыма дайындалам деп кітапханадан шықпаймын. Үйге келсең тамақ дайын емес, бұрыш-бұрыштың бәрін шаң басып тұра береді. Оны көрген соң үндемей тұра алмай, бір-екі мәрте сөйледім. «Қызың маған дауыс көтереді, үлкен екен деп сыйламайды» деп папам екеумізді шағыстырғысы келді. Бірақ папам «қызым дұрыс айтады, осы үйді әйел боп сен игеріп кете алмай отырсың» деп жиналып қалған өкпе-ренішін айтты.


Сондай-сондай әңгімелерден соң ол әйел де төркініне кетіп қалды. Бірақ папама екінші рет ажырасқаны қатты әсер етті. Бұрын тірліктен қолы босамайтын, әйтеуір бірдеңені істеп, үйге кіргізе алмайтын папам күні бойы үйден шықпайтын адамға айналды. Оны мұндай күйде бұрын-соңды көрмегем, әпкеме «папамды тағы бір рет үйлендіріп көреміз-ау, әбіржіп кетті» дедім.


Не керек, әкеміз бір сыныптасының балдызына үйленді. Базарда сауда істейтін, өзінің шағын бутигі, басында баспанасы, астында машинасы бар әйел екен. «Мені құда түсіп әкетесің» деп шарт қойыпты. Содан үлкендер жағы тарту-жоралғыларын алып барып, алдарынан өтіп, ырғап-жырғап әкелді. Папамыздың көңілденіп жүргеніне бәріміз қуандық. «Енді осы әйелмен тату-тәтті, бақытты өмір сүріп кетсе болар еді» деп іштей тіледім.


Папамыз үйленіп, көңіліміз жайланған соң мен де жігітіме тұрмысқа шығуды ұйғардым. Сөйтіп жігітімнің әке-шешесімен біздің үйдегілерді таныстырып, тәтті шай ішілді. Той күні белгіленіп қойған. Әпкем бар, бәрі менің киім-кешегімді қаражаттап, артымнан апаратын дүниелерін түгіндеп, бәрі шапқылап жатыр. Қыз ұзататын жақтың шығыны шаш-етектен ғой. Папамның жиған-тергені таусылып қалды ма, «Нұргүлдің тойына 500 мыңдай қарыз бере тұр, тойдан кейін қайтарам» деп сұрапты.


Негізі өгей шешеміздің өзінің бизнесі, дүние мүлкі болса да осы уаққа дейін папам одан бір тиын сұрамаған. Өз ақшасын өзі қалағанынша жаратып жүретін. Осы жолы көмек сұраған шығар енді. Сөйтсе ол кісі «Ақшамның бәрін айналымға салып, тауарға тапсырыс беріп қойғанмын, көк тиын бере алмаймын» деген. Оған папам ренжіп, ашуланса керек, «мен сенен қарызға сұрап отырмын ғой, ертеңіне қайтарам» деп екеуі сөзге келіп қалған. Ақырында өгей шешеміз бүкіл заттарын алып, өзінің пәтеріне кетіп қалды. Тойда папам жалғыз өзі сопайып, ішінен тынып тұрды. «Әйеліңіз қайда» деп сұрағандарда есеп жоқ. «Ауырып қалды» деп өтірік айтуға мәжбүр болдық.


Білмеймін, папамнан да кінә бар шығар, бірақ үш әйелі де кетіп қалыпты деген ат бәрімізге оңай тимеді. Мен де күйеуге тиіп кеттім, екі ініммен үшеуі ғана қалды. Ол да маған уайым болды. Ініме «енді сенің үйленетін кезегің, анау үйге күтім керек, жүретін қызың болса таныстыр, үйлендірейік» деп әпкем екеуміз айтып жүрміз. Жақында бір қызбен таныстырған. Әп-әдемі, қарапайым, ауылдың қызы екен. Бізге бірден ұнады. Енді сол қызды әперейік деп жүрсек, папамыз «алдымен мен үйленіп алайын, келіннің қолына қарап қалғым келмейді» деп төтесінен қойып қалды.


Үш рет үйленіп, ажырасқаны әлі шекесіне тимеген сыңайлы. Жасы болса жетпіске таяп қалды. Әбден аузы күйді ғой, енді баласына жол беріп, жастарға бақыт тілеп отырмай ма? «Үйленем» дегенін естігенде жыным келді. Еркек дегенде ес жоқ екен ғой. Енді үйленіп, ол әйелі де кетіп қалса елдің бетіне қалай қараймыз? Папам соны неге ойламайды, өзіне айтайын десем өкпелетіп алам ба деп қорқам. Ойымды папамның қарындасына жеткіздім. Сол кісі жақсылап түсіндірсе болар еді...»