​«Туған әке-шешем емес екенін білгенде күрт өзгерді»: тараздық келіншек күйеуінің қылығын түсінбей жүр

0
10 341

«Шымкенттегі балалар үйінен алыпты»


​«Туған әке-шешем емес екенін білгенде күрт өзгерді»: тараздық келіншек күйеуінің қылығын түсінбей жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қойныңдағы әйеліңе сенбе» деп еркектер айтып отырады ғой. Шындығында күйеуге де сенім жоқ екен. Мен өмірімдегі ең үлкен құпияны айтамын деп, басыма бәле тілеп алдым. Енді отырсам да, тұрсам да мені ата-анама қарсы қойып, арамызға шоқ тастап отырады» дейді Арайлым есімді келіншек.


Тараз қаласында тұратын оқырманымыз өзінің асыранды бала екенін 30 жылдан кейін біліпті. Құпияға толы тағдырын Арайлымның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Бала кезімнен ерке өстім. Папам мен мамам бетіме жел, маңдайыма күн тигізбей өсірді. Үйдің жалғыз қызы болдым. Бойжете бастаған шақта «мен неге жалғызбын» деп көп сұрайтынмын. Сонда мамам «папаңның бұрын отбасы болған, одан екі баласы бар. Кейін ажырасып, маған үйленген. Ал мен оқу, жұмыс деп көп жүріп, сені туғаныма қуандым» деп түсіндіретін.


Папам жақсы қызметте істеді, мамам да мұғалім болатын. Менің сабақты жақсы оқуыма, түрлі үйірмелерге қатысып, жан-жақты боп өсуімді екеуі де ерекше қадағалады. «Мен жүзуге барам» десем папам ерінбей таситын. Әлі күнге дейін ерекше жақсы көреді. Тұрмысқа шыққан күні қимай ағыл-тегіл жылаған. «Ерте кетіп барасың» деп қимай...


Қазір өзімнің екі перзентім бар. Ата-анама жақын, көрші мөлтекауданда тұрамыз. Жалғыз қыз болғасын төркінге жиі барып, хабар алып тұрамын. Олар да немерелерін көргенде қуанып, бір жасарып қалады. Өзімді бақытты қыз, бақытты жар, жақсы ана сезініп жүре берер ме едім, бір күні күтпеген нәрсе орын алды.


Мамам Сарыағаш қаласына шипажайға кетті. Әкем күндіз жұмыста. Үйде ешкім жоқ кезде мамамның «керек болады» деп тастауға қимай жүрген біраз заттарын реттестіріп, тастап, үйді тап-таза етіп жинап берейін дедім. Бар ойым мамамды қуанту еді. Сонымен үйдің бұрыш-бұрышын тінтіп, шаңдарын сүртіп жүріп көк папка тауып алдым. Киілмейтін киімдер салынған сандықтың түбінде жатыр екен. Алып қарағанда өзімнің метіркелерім қолыма түсті. Жанында асырап алу туралы құжат та жатыр.


Асырап алу туралы қағазды көргенде өз көзіме өзім сенбей, ары қарай ақтара бастадым. Папканың бір бұрышында Мекенбаева Арайлымнның қайтыс болғаны туралы куәлігі шықты. Қолымдағы қағаздарды ерінбей оқып, түсінгенім, әке-шешемнің Арайлым деген қыздары болған. Жасы менімен шамалас. Бірақ ол шетінеп кеткен де, кейін бұлар мені балалар үйінен асырап алған. Асырап алғаны туралы анықтамада Шымкенттегі бір балалар үйінің мекен-жайы жазылыпты. Демек, мен Шымкентте туған қызбын...


Туған әке-шешемнің кім екенін білгім келмейді, осы тағдырыма ризамын. Әсіресе папам мен мамамның дәл маған құты түсіп, мейірімі ауғанына шүкір деймін. Балалар үйінде өссем жағдайым қандай болар еді... Бірақ шыққан руымды білсем деген ой келеді, анда-санда.


Шындықты білгенімді әкеме айтайын деп бірнеше мәрте оқталдым да, соңынан ол ойымнан айныдым. Себебі олардың маған деген аппақ көңіліне қаяу түсіргім келмеді. Бірақ ішімдегі сырды біреуге ақтару керек боп, күйеуіме айтып қойдым. Мені жұбатып, демеу болатын шығар деп ойлағам. Бірақ күйеуім төркініме барам десем «сен оларға ешкім емессің, балаларымыз да бөтен ғой» деп сөзімен шымшып алады.


Папамның бірінші некесінен екі баласы бар деп едім ғой, жақында папамның туған күнін жасадық. Сонда екі ұлы әйелдерімен, балаларымен келіп, көп жыл үзіліп қалған байланыс қайта жалғанды. Папам екі баласын емірене сүйіп, марқайып, бір арманы орындалғандай қуанып қалды.


Енді менің күйеуім «Папаң анау үйді, көлікті, бір бөлмелі пәтерді кімнің атына аударады, өзінің туған екі баласы тұрғанда сені қайтсін? Осы бастан қамданып, үлкен үйді өз атыңа жаздырып алсайшы» деп айта береді. Осы күні менің күйеуіме мен емес, үй керек сияқты, сезімінен күмәндана бастадым.


Қалай болғанда да папам мен мамама ризамын, соңғы демдері қалғанша қызметін жасап, ақ батасын алсам арманым жоқ. Ал үйді папам кімге қалдырады, оны өзі шешсін. Жетім өспегенімнің өзі үлкен байлық екен».