"Осыдан соң өзімнің қорғансыз емес екенімді, тұл жетім еместігімді, мені қорғайтын, артымда тұрған тірегімнің бар екенін сезіндім"
Ана деген – биік ұғым. Әрбір бала үшін анасынан артық сұлу жан жоқ. Осы сөздің өміршеңдігін ERNUR.KZ редакциясына келген кезекті оқырманның хаты дәлелдеп отыр. Алайда, хатты оқып шыққан соң "Ана деген атқа сырт келбетімен ғана емес, әрекеттерімен, үлкен махаббатымен де лайық болса екен, шіркін!" деген өкінішті ойға тірейді.
"Менің анам орамалы қисайып, жан-жағынан самай шаштары қобырап, алдыңқы тістері түсіп қалғандықтан, сөйлеген кезде сөздері ысылдай шығатын әйел ретінде есімде қалыпты. Бірақ сыртқы келбеті осындай болса да, қатты жақсы көрдім. Оның әлемдегі ең сұлу әйел екендігіне сенетін едім.
Бірақ аналардың барлығы бірдей емес. Інім екеумізді балалар үйіне жетектеп әкелгенде шамамен 5-6 жастағы баламын. Інім ештеңені түсіне қоймайтын жаста еді. Бар болған үш жастағы бөбек. Ал мен шамалы естиярмын. Сонда да анамның басына қандай жағдай түскенін ұғатындай халде болмадым ол кезде.
Бізді қайда алып келгенін түсіне қоймасам да, анам мен үлкен апайлардың өзара әңгімесінен ұққаным – бізді осында қалдырып кетпекші болғаны. Мен жылап, анамның етегіне жармасып, тастай қып ұстап, жібермеймін. Бізді тастап кетпесін деген ойым ғой.
Сонда анам «Қызым, мен сендерді асырай алмаймын, өзімді де ішкіліктен тыя алмай жатырмын. Бірдеңеге ұрынып, барлығы кеш болып кетпей тұрғанда осында болғандарың жақсы. Мұнда сендерге апайларың жақсы қарайды. Қарындарың тоқ, жылы, таза жерде жатасыңдар. Ойыншықтарың да болады» деп ашығын айтты.
Анам бізден ұзап бара жатқанда енді ол кісіні көре алмай қаламын ба деген балалық қорқынышпен ышқына айғайладым. Жыладым. «Анашым, кетпеші... Мен тез есейіп кетемін, сосын сізді өзім бағамын» деп жылағаныммен, менің балалық жүрегімнен шығып жатқан сезімдеріме ешкім жауап бермеді.
Анам тіпті біздің әкеміздің кім екенін де білмесе керек. Білсе айтар еді «Пәлен жерде сендердің әкелерің тұрады. Өскенде іздеп табарсыңдар» деп.
Сонымен біз балалар үйінде қала бердік. Мұнда жаман өмір сүрдік деп айта алмаймын. Себебі, мен бұдан да жаман өмірдің қандай боларын көргенмін. Солай бұл тағдырымызға да үйреністік. Сөйтіп, тоғызыншы сыныпқа көшіп, бойжетіп келе жатқанымда мені бір отбасы асырап алуға ниеттенді. Інім екеумізді бірге бермеді. Бәлкім, ол үшін біраз жүгіруге тура келген шығар, әйтеуір жаңа отбасы мені ғана асырап алды. Өзім де қарсылықсыз келістім.
Жаңа ата-анаммен жақсы тіл табыстық. Ол кісілер қалауымды сұрайтын, менімен кеңесетін. Мен де өз қалауларымды оларға қысылмай айта алатынмын. Солай ата-анаммен ақылдасып, тоғызыншы сыныпты бітірген соң «киім дизайнері» мамандығы бойынша колледжге оқуға түстім. Бала күнімнен тігінге деген қызығушылығым бар болатын. Өзіме киім тіге алмасам да, інімнің, өзімнің көйлек-шалбарларымның етегін қысқартып немесе басқаша өңге енгізіп, өзгерістер жасағанды ұнаттым. Сәнді киінгенді жақсы көретінмін. Бірақ ондай мүмкіндік қайдан болсын?!
Содан мен бала кезімдегі армандарымды іске асыруға мүмкіндік туғанына қуандым. Асырап алған ата-анам – жасы ұлғайған кісілер. Олардың туған ұл-қыздары бар. Қызы тұрмыста, жалғыз ұлы да үйленген, шетелде тұрады. Сондықтан, ол кісілерге жанына серік болатын әрі үй тірішілігіне көмек беретін қыз бала қажет болған.
Мен ол кісілердің қолынан тірлігін алып, барлығын жайғастырып, тамағын жасап, үйді жинап, барлығына үлгердім. Колледждегі сабағыма түске дейін барып келемін, түстен кейін бір мейрамханада даяшы болып жұмысістедім. Демалыс күндері де тыным таппаймын. Осы еңбексүйгіштігіме қарап ата-анам риза болатын.
Әрдайым бір жұмысты аяқтағанда «Рахмет, қызым. Азаматсың. Сен біздің күнімізді жарық еттің» деп алғысын білдіріп жатқанда ерекше қуанушы едім. Туған ата-анам болмаса да, олардан артық мейірім көрсетіп, өз қыздарынан кем көрмеді.
Ендігі ойым інімде. Інім балалар үйінен шыққанда оны оқытып, жақсы жерге жұмысқа орналастырсам, сосын екеуміз бірігіп өзіміздің үйімізді алсақ деген арманым болатын. Бәрібір інімнің де өзінің қара шаңырағы болуы керек. Ол үйленіп, отбасын асырауы керек. Менің де іздеп барар төркінім болуы керек. Ал бізде әке-шешеміздің қалдырып кеткен мұрасы жоқ. Үйіміз жоқ. Сондықтан, ең басты армандарымның бірі осы еді.
Бірақ, екінші курста оқып жүрген кезімде мені алып қашып кетті. Ол жігітпен кафеде жұмыс істеп жүрген кезімде танысқанбыз. Жақсы танимын деп айта алмаймын, бір-бірімізді сырттай танимыз.
Не істерімді білмей, анама хабарластым. Анам деп отырғаным – асырап алған апам. Сол кісіге жылап қоңырау шалғанымда «Шолпан, қызым. Сені қинап алып қашып кетті ме? Шыныңды айт, әкең «кетем десе, екеуміз барып алып келеміз» деп жатыр» деді. Сол сөзіне көңілім босап кетті. Бірақ ол кісілерді әбігерге түсіруді жөн санамадым да «Жоқ, мама. Өзім сөйлесіп жүрген жігітім еді. Осында қала берейін» деп телефонды қоя салысымен өкіріп бір жылап алдым.
Қаншама жылдан бері ата-ананың мейіріміне шөлдеп өскен менің іштегі өксігім әкемнің «Барлығын қиратып тұрып алып кетем» деген сөзімен шығып кеткендей болды. Осыдан соң өзімнің қорғансыз емес екенімді, тұл жетім еместігімді, мені қорғайтын, артымда тұрған тірегімнің бар екенін сезіндім. Мен енді қалай да болмасын бақытты болмауға хақым жоқ."