"Балаларыммен араларында татулық, бірлік бар. Мені мамалап сыйлағандарына ризамын"
"Ене мен келіннің арасында неше түрлі жағымсыз әңгімелер айтылады. Осы нәрсемен қанша күрессек те, дұрыс емес екенін айтып келе жатсақ та, әлі де түсінісе алмай жүргендер көп. Себебі, сөз жүзінде бәрі де дұрысын айтып, тілімен орақ ора береді. Ал іс жүзіне келгенде, өз басына түскенде бойында неше түрлі сезімдер ойнап, қарсылығы туып, әркім өз «МЕН»іне салып кетеді. Ене кішірейгісі келмейді, келін «Мен де адаммын» деп аттандайды" деген түркістандық апа ERNUR.KZ порталы арқылы жас келіндер мен енелерге айтар ақылын жеткізді.
"Осы орайда өз енем жайлы айтып кеткім келіп тұр. Ол кісі өте сабырлы, дана адам болды. Әр сөзді айтпас бұрын ішінен бес-алты қайтара ойланып, саралап-салмақтап алатын әдеті бар еді. Іске келгенде де солай. Ол кісіден үйренгенім, түйгенім көп.
Әсіресе, тұңғышымды босанып келгенімде өте үлкен қолдауын сезіндім. Перзентханадан келгесін жиен немересін көруге үйге әке-анам келді. Сол кезде анам «Енді бала тудым деп жатып алма. Тұрып, енеңе жәрдем бер. Үлкен кісі ғой, ауртпалық салма. Сен жассың ғой, біртіндеп өз-өзіңе келіп аласың» деп ақыл айтты. Сондағысы енемнің бір өзі қонақ күтіп зыр жүгіріп жүргенін көріп, жаны ашығаны шығар. Әлде «Құдағи қызына ештеңе үйретпепді» деп айтпасын деп қысылғаны ма.
Сол сөзінен кейін орнымнан тұрып, үй тірлігін істей бастадым. Өзім ауырыңқырап жүргенмін әрі түн баласы тыныш ұйықтамағандықтан, шаршауым да бар. Сонда да анамның «ұят болмасын» деген ақылын тыңдап, тірлікке араластым. Бірақ, енем мүлде қарсы болды. «Қой, айналайын, сен жоқта да біткен бұл тірлік. Бар, балаға қара. Ол ұйықтаса, сен де ұйықтап демалып ал. Таңертең де ерте тұрам деп әуре болма. Түні бойы бала емізіп шығасың, ұйқың қанғанда бір-ақ тұрарсың» деп шыр-пыр болды. Сол кезде енемді қатты жақсы көріп кеттім әрі көзімнен жас шығып кеткен еді.
Сол кезде тиіспей ұйықтатқаннан мен ұйқыбас, жалқау, жаман келін болып кеткен жоқпын. Бала да өсті, денсаулық та қалпына келді. Өзім үшін, отбасым үшін ерте тұруды да үйрендім. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дегенді анам өте жиі айтатын. Бұл да өз кезегінде өте жақсы өсиет. Бірақ, ешуақытта бітпейтін сол істерді тым болмағанда жас босанған кезде қоя тұрып, өзіңе тыныштық беруге болатынын марқұм енем үйретті.
Қазір өзім де енемін. Екі келінім бар. Екеуінің де кішкентай бөпелері бар. Сол себепті таңертең ерте тұруын мүлдем талап етпеймін. Өзім де кезінде жас ана болдым, түнгі ұйқы нәрестемен қалай болатынын жақсы білемін. Түнде бірнеше рет оянып балаға қарау оңай емес. Кезінде маған енем қандай түсіністікпен қараса, қазір мен де келіндеріме солай қарауға барымды саламын. Аналық мейірім жасаймын. Бөпелері есейген соң өздері-ақ, ерте тұрады ғой.
Сонда да қалағанынша ұйықтап, кешке дейін төсегі жиналмай, басыма шығып жатқан олар жоқ. Аллаға шүкір, түсініктері бар! Өз істеріне, үй шаруасына мығым. Ең бастысы немерелеріме жақсы қарап, денсаулығына мән беріп, баптап, сау бала өсіріп жатыр. Жолдастарымен араларында береке, бірлік бар. Мені мамалап сыйлағандарына ризамын, одан артық не керек!
«Сен міндеттісің. Мынау сенің жұмысың» деп діңкілдеп жүріп келінді таңертең ерте оятып алдыңыз делік. Ол ұйқысы қанбай, ренжіп жүріп шайыңызды әзірлеп берсе, оның несі дұрыс? Шын ықыласымен сыйламай тұрса, бір кесе шайыңды міндетті болған соң ғана құйып берсе, сол жаман ғой."