Павлодардағы әуежай келесі жылы ашылатын болды

0
90

Жаңарту жұмыстарына қосымша 9,3 млрд теңге бөлінді.


Павлодардағы әуежай келесі жылы ашылатын болды

ERNUR.KZ. Осы жылдың 1 сәуірінде Павлодар облысындағы жалғыз әуежай жұмысын уақытша тоқтатқан болатын, деп жазады inbusiness.kz.

Бұған дейін аталмыш әуежай Павлодар облысын Астана, Алматы қалаларымен жалғаса, бүгінгі таңда аталған өңір тұрғындары пойыз немесе жеке көлік қызметін пайдалануға мәжбүр.

Айталық, бұған дейін Павлодар қаласынан Алматыға небары 1 сағат 40 минут аралығында жететін болса, енді пойызбен бір тәуліктен аса жүреді. Әу баста мұндай қолайсыздық осы жылдың желтоқсанына дейін ғана жалғасады деп уәде етілген еді. Алайда қаржының тапшылығы салдарынан жұмыстар толық көлемде атқарылмай, әуежайдың ашылуы мерзімі келесі жылға шегерілді.

Атап айтқанда, жұмыстарды аяқтауға 9,3 млрд теңге жетпей қалды. Сондықтан таяуда бұл қаржы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қалыптастырылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражатынан бөлінді. Бүгінгі таңда бұл сома арнайы есепшотқа түсіп, қажетті келісімшарттар жасалып, қазынашылық органдарында тіркелді. Бөлінген қаражаттың есебінен жобаны 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарлануда.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолы мен әуежай перронын қалпына келтіруді, заманауи жарықтандыру, бейнебақылау және дренаж жүйелерін орнатуды қамтиды. Жұмыстар әуеайлақтың сәйкестік сертификатын сақтау қажеттілігіне байланысты орындалуда.

Бас мердігер – "Kyrylys Group RK" ЖШС. Жобаның жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстардың 47%-ы орындалған. Аумағы 178 мың шаршы метр болатын асфальт-бетон жабынын фрезерлеу жұмыстары жүргізіліп, жер жұмыстары мен дренаж жүйесін орнату аяқталды. Ал ұзындығы 16,2 шақырым болатын қоршаудың 95%-ы орнатылды. Жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату жалғасуда. Мердігер ұйым 1,4 млрд теңгеден астам сомаға материалдар мен жабдықтар сатып алды, 35 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізіліп, қуаттылығы сағатына 240 тонна асфальт-бетон зауыты орнатылды.