«Уақытша» келінім бар»: қызылордалық ана қолындағы келіні жайлы сыр шертті

0
13 137

«Аяғының ауырлағанын атасына айтыпты»


«Уақытша» келінім бар»: қызылордалық ана қолындағы келіні жайлы сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ата-енеңе не істесең, алдыңа сол келер» дегенді өзім ене болғанда түсіндім. Түсіндім де, жақсы келін болған күндерімді еске алып, қуандым. Себебі қазір өзім төрт келіннің енесімін. Бәрі сайдың тасындай, тірлікке де, өнерге де, мінезге де бай», - дейді зейнеткер-ұстаз Шарапат ана.


Оқырманымыз отбасылық өмірінің кейбір сәттерін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп беруді жөн көріпті.


«Біз негізі көңілді отбасымыз. Құдай маған бес бала берді, қызым жоқ. «Қызым жоқ, ертеңгі күні кіммен сырласам» деп уайымдаушы едім, шүкір, қызға бергісіз төрт келінім бар. Бұйыртса кенже балам да үйленіп, сырласатын тағы бір келінім келіп қалар.


Қазір мен үш келіннің еншісін беріп, төртіншісін қолда ұстап отырмын. Осы келінімді көрем де, баяғы жас кезімді еске ала берем. «Келін – ененің топырағынан» деп бекер айтпаған екен. Мен де алғаш келін болып түскенде енемнен қаймығып, көбінше атаммен, күйеуіммен сырласатынмын. Білмеймін, марқұм атамның мен дегенде шығарға жаны бөлек-тұғын. Базарға барса көп кездесе бермейтін жемістерден 1-2 дана болса да әкеліп беруші еді. Қалауымды енеме айтудан қаймығатын ақымақтау болған екем.


Келін боп түскеніме көп бола қойған жоқ, аяғым ауырлап, кәдімгі тары көжеге жерік болдым. Үйді әбден іздеп, қуырылған тары таппадым. Содан бір күні атама «Ата, мен тарыға жерікпін, базардан қуырылған тарыдан 1 кило әкеп беріңізші» деп айта салғам. Сол кездегі атамның түрі әлі есімде, қызарақтап, біресе күліп, «Жарайды, қазір-ақ барып келемін» деп екі кеште көшеге шығып кеткен.


Сол күні енем ашуланып, «О заман да, бұ заман, атасына екіқабаттығын айтқан келінді бірінші көруім, масқара! Не тәрбие көргенсің, отырмыз ғой қасыңда» деп құттықтаудың орнына ұрысып берген. Кейін енемнің мінезін түгел «оқып» алдым. Сол кісінің көңілі тоқ болса басқараларының да жайраңдап жүретінін түсіндім.


Енем марқұм қашан болмасын алдында құрдай жорғалап, жүгіріп жүргенімді қалайтын. Ұны жақсы білетін мен ішіндегісін тауып, бұлжытпай орындайтын едім. Келін ішіндегісін тауып тұрса, қай ене көңілін көтермесін? Енем екеуміз кейін келе жақсы тіл табысып кеттік. Енің тілегімнің бәрін орындады. Қажетімнің бәрін берді.


Енемнің қадірін, ол кісінің ене болған кездегі көңіл-күйін өзім келін алғанда түсіндім. Бұрын жайнап-жадырап жүруші едім, бәрі мені «күн келін» деп атайтын. Ене болғалы кішкене қабақ түйе бастағанымды сездім. Аздап қытымырлау мінез пайда болды. Бұрын барымды шашып жеп, тамақты молынан жасайтын адам едім, келін келгелі «үнемдеп жаратыңдар» деген әңгіме айтылды. Іштей өзіме таңғалып, марқұм енемді еске алып, дереу сабама түсе қоямын.


Айтайын дегенім, қазір қолымда тұрып жатқан төртінші келінім менен аумайды. Баяғы жастық шағым қайталанып жатқан секілді. Жиырмаға толмай жатып есігімнен аттады. Балалығы да, шалалығы да болды. Менен қатты қорқатын, тіпті «кел, шай ішейік» деп шақырсам, шайды дайындап, мың сылтау тауып, дастарханнан кетіп қалатын. Ал атасымен қалса бәрі басқаша. Жұмысындағы, баяғы бала күніндегі қызықтарын айтып, дауысы жарқын-жарқын шығатын.


Бір күні шалым «Келіннің аяғы ауыр сияқты, «Ата, ащы қымыз таба аласыз ба, жақын жерде сондай сатыла ма?» деп менен сұрады. Сен өзің былай сырласып, сұрап көрсейші» десін. Кәдімгідей ашуланып қалдым. Дереу келінді бөлмеме шақырып «Аяғың ауыр ма, қымыз ішкің келсе мен отырмын ғой, ондай нәрсені неге маған айтпайсың?» деп сұрақтың астына алдым. Сөйтсем келінім аяғының ауырлағанын өзі де білмейді екен, тәбеті тартқан соң атасына айта салған. Кейін білгенім, күйеуім осы келінін ерекше еркелетіп, анда-санда бізге білдірмей «шай ішерсің» деп неше түрлі тәттілер әкеліп беріп жүріпті. Баяғы марқұм атам мен өзімнің жас кезім есіме түсіп, дереу тәубеме түстім.


Қазір арамыз қыл өтпестей, татумыз. Алтын келінім бәрін «уақытша» тындырады. Негізі мен үйдегі заттардың орны ауысқанын қаламаймын, бәрі рет-ретімен, үйреншікті жерде тұрса деймін. Ал келінім жаңашылдыққа құмар, көзімді ала бере кілемдердің орнын ауыстырып қояды, жиһаздарды да жылжытып, бірдеңені «бүлдіріп» жүреді. «Неге бұлай қойдың?» десем, «Мама, уақытша ғой, кейін сіз қалағандай қойып берем» деп алдып қояды. Әрбір тірлігі «уақытша» деген жауаппен аяқталады. «Осы сен неге мені «уақытшамен» алдайсың?» деп сұрайм ғой әлгі жерде. «Апа, бұл өмірде барлық нәрсе уақытша ғой. Тіпті менің сізге қызмет етіп жүргенім де уақытша тірлік, ертең кенже бала үйленсе біздің де еншімізді беріп жібересіз ғой» деп күледі.


Оның осы ақжарқын мінезін көрем де, ешқайда жібергім келмейді. Кенжетайымның алғаны қандай адам боп шығады, ол жағы Аллаға аян. Сондықтан өзіме ұқсаған келінмен өмірімнің соңына дейін тату-тәтті өмір сүрсем деп ойлап қоямын. Мен ұлдарымды емес, келіндерді таңдаймын. Себебі ұлдарымның ата-анасына деген ықылас-пейілдері бірдей, ал келіндерде айырмашылық болады екен. Менің жүрегімнен өзіме ұқсағаны шығып тұр. Ал ол бұған қалай қарайды екен?..»