«Үлкен жеңгеңді осында әкеп отырғызамын. Қаладағы үйді кіші жеңгеңе беремін»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
Бір туған бауырлардың мұраға таласып, бет-жүзін көрместей ажырап кететінін бұрын телехикаялардан көреуші едік. Мұндай оқиғалар өз арамызда да болады екен. Мәселен, түркістандық Сәбитті туған ағасы үйінен қуып шығыпты.
Жағдайдың қалай, неден басталғанын ERNUR.KZ тілшісіне өзі былай деп баяндады:
- Мен үйдің кенжесімін. Өзімнен үлкен екі ағам, екі әпкем бар. Әкеміз мен кішкентай кезімде өмірден өтіп кеткен. Бала күнгі кейбір әңгімелері, бейнесі ғана еміс-еміс есімде. Көбіне анама жақын болып өстім. Ол кісі бес баланы бағып-қағу жолында талай бейнетті көрді. Бұрынырақта қозықұйрық теріп, оны Ташкентке апарып сатып, сонымен бізді асыраған. Кейін колхоздың малын бақты, сауыншы да болды. Істемеген жұмысы жоқ. Сонда да бізді әкесі бар балалардан кем етпеді. Үлкен ағам мен әпкемді жоғары оқу орнында оқытты.
Анамыздың бақилық болғанына да он бес жылдай уақыт болды. Қазір бәріміз үйлі-жайлымыз, шүкір. Десе де ағамның осыдан он екі жыл бұрынғы ісі көңіліме қаяу салған еді. Ұмыта алмаймын. Қазақ о баста бұл өмірде істеген әрбір ісіңнің жауапсыз қалмайтынын, қайта айналып бумеранг сияқты өзіңе келетінін дәл болжап, бір-ақ ауыз сөзбен «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп айтып кеткен ғой. Атаға ғана емес, жалпы, адамға жасаған әрбір жақысылығымыздың да, жамандығымыздың да өзімізге қайтатынына енді көзім жетіп отыр.
Қош, сонымен, анамыз өмірден өткенде мен қарашаңырақтың иесі едім. Жаңадан үйленгем, әйелімнің аяғы ауыр-тұғын. Қартайған шешемді емдетеміз, күтіп-баптаймыз деп жүріп, оның атында жазулы тұрған үйдің мәселесін шешіп алуды ұмытып кетіппіз. Сол кейін өз басыма таяқ болып тиді ғой.
Анам өмірден өткен соң үй қарашаңырақтың иесі, әрі сол үйге тіркеуде тұрған адам ретінде менің атыма аударылған. Ол кезде бауырларымның ешқайсысы «Үйде кім қалады, мына үй кімнің атына жазылады?» деген мәселені көтерген жоқ. Арада үш жыл өткенде ең үлкен ағам үйге таласып шыға келді.
Күздің күні еді, үйде шай ішіп отырғанбыз. Әшейінде алдын ала телефон шалып, хабарласып келетін ағам кіріп келді. Тегін келмегенін сәлемінен-ақ байқадым. Көп созған жоқ, «Сендерге әңгімем бар. Мына үйді кезінде әкем екеуміз тұрғызғанбыз. Қышын құйып, лайын тасып, әбден еңбегімді сіңіргенмін. Әрі осы әулеттің үлкені ретінде қарашаңырақта мен қалуым керек. Бұл әңгімені анамның топырағы суымай тұрып қозғағаным ұят деп үндемедім. Енді өз жағдайларыңды жасап, бала жоқ, басың жас кезде өз баспанаңды қамдап ал» деді.
Туған бауырымнан, әкемдей көрген ағамнан мына сөзді есту маған оңай тимеді. Төбеме найзағай түскендей, отырған орнымнан тұра алмай қалдым. Сасқанымнан «әзілдемеңізші, аға» дей беріппін. «Әзілім емес, брәтішкә. Екінші рет үйленетін болдым. Үлкен жеңгеңді осында әкеп отырғызамын. Қаладағы үйді кіші жеңгеңе беремін. Екі әйелді бір үйге жайғастыру оңай емес. Мен осылай шештім» деп, сөзін қысқа қайырды да, орнынан тұрып кетті.
Әйелім жылап отыр. Мен ештеңе түсіне алар емеспін. Дереу басқа бауырларыма хабарласып, үлкен үйге жиналуларын өтіндім. Бәрі келді. Обалы не керек, олар менің сөзімді сөйледі. «Нұреке, салсаң өзің тұрған үй еді. Жағдайың нашар, баспанаң жоқ болса мейлі, ініңнен үйді алам дегенің қай сасқаның? Мынаны ел естімесін, Сапарбектің балалары үй үшін қырылысып жатыр деп көрінгенге күлкі боламыз» деп әпкем ағамды райынан қайтармақшы болды.
Ағам дегенінен айнымады. Бірде-бір бауырының сөзін құлағына ілген жоқ, «Қарашаңырақ менікі болады» деп, ақыры айтқанын болдырды. Дүние үшін төрт бауырын ысырып қоя салды. Сөз өтпейтінін түсінген аға-әпкелерім мені жұбатып әлек. «Басың жас қой, баспана табылады. Бәріміз сені үйлі етеміз» деп бізді көшіріп әкетті.
Райхан екеуміз қалаға, аэропорттың маңындағы екі бөлмелі жер үйді жалдап, сонда өмір сүрдік. Әйелім сауда істеді, мен көлік бөлшектерін сататын дүкенге орналастым. Сөйтіп жүріп екі ұлымызды өмірге әкелдік. Обалы не керек, бауырларым сөзінде тұрды. Бірі жер алуға көмектесті, екіншісі цементін әперді, әпкем «кірпішіңді ал» деп ақша берді. Өзіміз жинаған ақшаға шатырын жауып, кішігірім, үш бөлмелі үй соғып алдық. Қазір сол жерде тұрамыз. Құдай бізді өлсін деп жаратып па, жұмысымыз өрге домалап, қазір өзім темірден түрлі бұйымдар жасайтын цех ашып алғанмын. Қарамағымда бес-алты ұста бар. Табысым жақсы. Енді есігімнің алдынан үлкен етіп үй соғып жатырмын.
Ал енді біз тұрған қарашаңырақта қазір ағам тұрып жатыр. Қаладағы үйін екінші әйелінің атына жазып берген еді, онысы бес жылдан соң ағамды үйден қуып шықты. Жүргізіп отырған бизнесі де кері кеткен, бұрынғыдай табыс жоқ. Қарашаңырақтағы бәйбішесінің қолына барып, мал бордақылаумен айналысып жатыр. Өмірдің бумеранг екенін осыдан-ақ білуге болады ғой.
Үйге таласқан күннен бері мен ол кісімен араласпай кеткенмін. «Келіннің аяғы ауыр ғой, қыс келіп қалды. Бұлар қайда барады?» деместен, бізді қуып шыққан бауырыма қалай бүйрегім бұрсын? Ол істеген той-жиынға бармайтынмын. Мен де ағамды шақырмай сүндет той өткіздім. Десе де мұның бәрі жүрекке үлкен салмақ екен. Іштей өзімді мүжіп жүретінмін.
Сол ағам жақында үйіме келіп, бізден кешірім сұрады. «Саған қиянат жасаппын, кешір мені. Дүние қолдың кірі екен. Су боп ақты да кетті. Өзіңнен ажырағаным менің де жаныма батып жүр, араздықты доғарайық» деді. Бауырдан безіп қайда барамын? Кешірдім, татуластық. Әйтсе де көңіл түкпірінде баяғы ашу-реніш қалады екен.
Бұрын қара шаңырақтан еншісін алған ұл мен жасауымен ұзатылған қыз ата-анадан қалған мұраға таласпайтын. Қазір оған қарап жатқан ешкім жоқ. Заман басқа. «Дүние үшін туғанынан бас тарта салатындар бар. Сондықтан үйдің құжатына, мұрагерлікке мұқият болған дұрыс», - дейді Сәбит...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қызымды туа сала біреуге беріп жібердім»: жамбылдық әйел өткені үшін қатты өкінетінін айтты
«Жаназадағы төбелес»: түркістандық бойжеткен жеңгелерінің масқара болған қылығын айтып берді