"Ешкім саған қызмет етуге міндетті емес. Өзіңе керектіні өзің жасап ал. Алған әйелің саған қызмет ету үшін ғана келмейді"
"11 жыл бұрын жолдасыммен ажырасқам. Отбасылық өмірде жолым болмады. «Жібекті түте алмаған жүн қылады, келінді күте алмаған күң қылады» дегендей болды" деп еске алды өткенін ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырман.
"Енем жас келін деп қанатының астына алып, үй тірлігіне, өз ережелеріне үйретудің орнына жұмысқа сап қойып «Ал, енді не істер екенсің, бәлем?!» дегендей қадалып қарап отыратын. Оның қарап отырғанынан қарадай сасқалақтап, не істеп, не қойғанымды білмей қаламын. Бұрыннан білетін, істеп жүрген ісімнің өзі оңа қоймайды.
Сосын басталады «Түрінің әдемі болғанын қайтейін, тамақты қатырмайды, не нан жаюды білмейді», «Білімді болғанның не керегі бар, бір банка да жаба алмайсың» деген сияқты зәрлі сөздері. Кішкентай қате жасап қойсам, соны қуана-қуана бетіме баса жөнеледі.
Бірнеше жұмысты қатар істесем де, барлық айлығымды енем алатын. Өзіме керегімше алып қалайын десем, айқай-шу шығарады. Күйеуім сонда мені ешқашан қолдамаған.
Кейін бөлек шықтық. Жалдамалы үйде тұрдық. Сонда да ол табысын енеме қарай тасиды. Өз алдыма шаңырағым болуы керек, ақша жинайын, жер алайын, үй салайын деген ой жоқ. Кейін ойынға ақша тігетінді, қаттырақ сөйлесем, ашуға мініп, мені ұратынды шығарды.
Бір айқай-шудан кейін түн ішінде 2 баламмен пәтерде қалдырып кетіп қалды. Содан қайтып келген жоқ, «Ажырасамыз» деген хабары ғана жетті. Жауапкершілігі жоқ адамның кесірінен жұмыссыз, 1 және 3 жасар баламен қалып қойдым.
Ата-ана, бауырларым балаларыма қарайласып, жұмысқа шықтым. "Ендігі жерде өз күнімді өзім көрейін. Мен мықты болуым керек. Балаларым менен күйреуік әйелді емес, еркекке бергісіз ананы көруі керек. Бүгін «Пәленшенің қызын күйеуі тастап кетіпті» деп пыш-пыштаған ел ертең «Екі баланы жалғыз өзі ешкімнен кем қылмай жетілдірді» деп мақтайтын болсын. Ұлдарымның алдында мәртебем биіктейді» деп жігерлендірдім.
Күйеуіммен бірге тұрғанда артық ақша жұмсамауға, үнемдеуге үйреніп қалғанбыз. Өзім де, балаларым да. Сол әдеттен таймай жүріп екі жылда әжептәуір ақша жинадым. Сөйтіп, елімізге белгілі банктің бағдарламасы бойынша көпқабатты үйден пәтер алдым. Енді біз көшіп-қонып жүрмейміз. Екі ұлым өз баспаналарына қол жеткізгенше анасының үйінде алаңсыз жүретін болды.
Қазір жасым – 40-та. Шүкір, өзім іштей мақсат еткен мақтау сөздерді ел-жұрт өзіме де, сыртымнан да айтып жүр.
Екі ұлым ержетіп келеді. «Қай жерде, қандай жағдайда болсаң да ешкімге күнің қарамасын. Ешкім саған қызмет етуге міндетті емес. Өзіңе керектіні өзің жасап ал. Алған әйелің саған қызмет ету үшін ғана келмейді. Бір-біріңді сыйлау, көмектесу – екеуіңе де ортақ міндет» деп үйретіп жүрмін.
Төсектерін, бөлмелерін, киімдерін өздері жинайды. Шұлық, ішкиімдерін жуады. Оны намыс санамайды. Үшеуміз кезектесіп ас пісіріп, ыдыс жуа береміз. Осының бәрі ер баланы қызтеке етіп жібермейді. Қайта «тұрмыстық мүгедек» болмауға, өзі үшін жауапкершілік арқалауға үйретеді. Кейін әйелдерін күң көрмей, үй шаруасында көмектесетін болады. Одан еш жерлері кеміп қалмайды деп ойлаймын.
Қайта ұл-қыздарына жақсы әкенің образын көрсете алатын болады. Бастысы, өз әкелері сияқты сәл жаны қиналса әйел-бала-шағасын тастап қашып, менің етегіме келіп тығылмайды деп сенемін."