"Ұлымды үйлендірсем, бір қыздың обалына қалам ба деп қорқамын"

0
490

"Ол не айтса да, өтірік айтқандай сезіктеніп тұрамын..."


"Жалғыз ұл өсіріп отырған анамын. "Жалғыз да болса, он ұлға татиды" деп қуанып жүруші едім. Одан немізді аяймыз, әкесі екеуміз бар тапқанымызды осы баланың үстіне әкеліп жапсырдық, аузына тықпаладық. Барлық жағынан алда ету үшін түрлі үйірмелерге, білімін жетілдіру үшін тағы да ақы төлеп, қосымша сабақтарға жібердік. Баламыздың болашағы үшін деп, ол ешқашан қиналмасын деп пәтер де сатып алып қойған болатынбыз" - ERNUR.KZ редакциясына алматылық ана хабарласып, мұның шақты.


"Бір баладан соң, дәрігерлер менің денсаулығыма байланысты екінші баланы босануға шектеу қойған. Жолдасым да «Маған сенің өмірің бәрінен қымбат. Осы ұлымызға қанағат етіп, он балаға татитындай етіп өсірсек, арманым жоқ» деп қолдау білдірген болатын.

Осылайша бар тілеуіміз осы ұлымыздың үстінде болып, жалғызымыздан зор үміт күттік. Жалпы ата-ана ретінде біз ғана емес, айналасында оған қолдау білдіретін адамдар көп болды. Ұстаздары да үнемі мақтау айтып, болашағы жарқын болатынына сенім білдірген. Бірақ қай жерден жаза басқанымызды, ұлымыздың қай жерден қателескенін білмей дал болып, басымыз қатып отырған жайымыз бар.

Әлі үйленіп, үй болып үлгермеген жиырмадағы ұлымның ұнамсыз қасиетті бойына жұқтырып алғанын кеш білдік. Жүріс-тұрысы түзу, қақ-соқпен ісі жоқ ұлым құмар ойынның құрығына ілініп қалыпты. Үш ұйықтасам да менің ұлым осындай жеңіл жолмен ақша табу жолына түсіп кетеді деген ой келмеген.

Үйіміздің ауласының өзінде бір ломбард, екі букмекер кеңсесі бар. Одан бөлек, қаншама онлайн ойындар бар, оған құмар ойындарды насихаттайтын қаптаған жарнаманы қосыңыз. Соның әсерінен оның ойы жеңіл ақша табуға ауысқан болар. Әлі де ұлымды осылай ақтап алғым келіп отыр. Дегенмен, бұл әрине құптайтын, жақтайтын іс емес.

Ұлым ақша тігуді мың теңгеден бастап, одан әрі көбейте берген. Ақшасы болмаған кездері туыстардан түрлі сылтаумен, өтірік оқиғалар ойлап тауып ақша сұраған. Ойынға әбден есі кеткен ұлым шамамен 3 млн теңгені құмар ойынға тіккен. Кейін ұлыма ақша берген адамдар бізге келе бастады.

Баламды осы құмарлықтан арылтамыз деп астымыздағы көлігіміз бен оған арнап алып қойған пәтерімізді сатып, қарыздарынан құтқардық. Бүгінде баламның өмірі де, мінезі де қатты өзгерген. Жұмыс істегісі келмейді. Депрессияға түскен сияқты. Бұрынғы мен білетін балам жоқ. Ең жүрегіме бататыны, ол не айтса да өтірік айтқандай сезіктеніп тұрамын. Оның қандай екенін туыстары да, достары да жақсы білгендіктен, ешкім ақша бермейді. Сондықтан ақша табу үшін қылмысқа бара ма деп те қорқамын.

Маған осы жерге жазу оңайға соқпады. Дегенмен, бұл менің ғана баламның басындағы оқиға емес. Бұл – бүкіл қоғамның дерті. Осындай қайғылы оқиғаға тап болса да, ешкімге сырын білдірмей, іштей қан жұтып жүргендер қаншама.

Мен секілді зар жылап отырған аналар мен қан жұтып отырған әкелер азайса, тіпті болмаса екен деп тілеймін аналық жүрегіммен. Жастарымыздың жарқын болашағына тұсау салып, адымын аштырмайтын осындай ойын кеңселерін түп-тамырымен жойып жіберуге үкіметтің құзыреті жетеді ғой.

Осы ұлды үйлендіріп, немере сүйсек деген арманымыз бар. Туған-туыстар да «Бұл баланы үйлендіру керек, сонда ойынды ұмытады» дейді. Менде де сондай үміт бар, бәлкім ұлымның сүйгені бар шығар, сол қызға үйлендірсем, тура жолға түсер деп. Өзінен сұрасам, қазір үйленбейтінін, сүйген қызының да жоқ екенін айтады. Әрине, ойыннан бас алмай жүрген жігіт махаббатты қайтсін?! Үйленуің керек деп мәжбүрлеп үйлендіріп, бекерге біреудің қызына обал жасаймын ба деп те арым жібермейді."