«Үш кемпірді аттап өтіп еді»: жетісайлық әйел қайынсіңлісінің бақытсыздығына үлкендердің наласы себеп болды дейді

0
6 068

«Бір перзентке зар болып жүр»


«Үш кемпірді аттап өтіп еді»: жетісайлық әйел қайынсіңлісінің бақытсыздығына үлкендердің наласы себеп болды дейді

иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Оңтүстіктің қыз алып қашу деген салты барын бүкіл ел білетін шығар. Егер қыз көнбей, «кетемінге» басса, онда есік алдына жасы үлкен әжелердің көлденең жата қалатынын да жасырын емес. Менің қайынсіңлімді алып қашқан жігіттің үйінде де дәл осындай жағдай болған. Бірақ қызымыз ондай ырымға сенбестен, көлденең жатқан кемпірді аттап өтіп, барған жерінен келіп қалды», - дейді жетісайлық Балнұр есімді әйел.


Қайынсіңлісінің содан кейінгі өмірін Балнұр ханым ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Гүлім қайынағамның бес ұлдан кейін көрген бір тал қызы еді. Содан ба, өте ерке болып өсті. Қайынағамыз ауқатты кісі болды да, қызының аузынан шыққан әр сөзін заң деп қабылдап, дер кезінде орындайтын. Мектеп бітірген соң қаладан бір бөлмелі пәтер әперіп қойды, қалаған оқуына түсірді. Қызымыз өте сымбатты еді, алдындағы бес ағасы сөзін сөйлеп, әкесі еркелетіп отырған соң ба, біз көрсеткен, айтқан жігіттердің ешқайсысын жақтырмайтын. Ауылдағы сыныптас достарынан қалада да ешбір жігітті менсінбейтінін, ешкіммен жүрмейтінін еститінбіз.


Бір күні сол қызымызды бір жігіт басып алып қашыпты. «Гүлімді алып қашып кетіпті» деген хабарды құрбыларынан естіген сәттен-ақ хабаршыларды күтуге қамдана бастадық. Күткен кісілер келді. Қызымыз Төлеби ауданындағы ауылдардың біріне келін болыпты. Күйеу бала әскери оқуды енді бітірген екен. Өзінен кейін бір інісі бар көрінеді. Құдағи жалғыз, құда бірнеше жыл алдын қайтыс болған деп айтты.


«Менің қызым сендерге мал ма, ай-шайға қарамай алып қашып кетуге қалай дәті барды? Қол-аяғы, ақыл-есі сау бала болса, алдыма келіп, батамды алып үйленбей ме? Мынау қай басынғандық?!» деп қайынағамыз келген хабаршыны кері қайтарып жіберді. Әкелген қалың малының ақшасын да алған жоқ. «Алдымен біздікілер барып, қызбен сөйлессін, «қаламын, ұнатамын» десе, әңгіме содан кейін басталады» деп шешімін айтты. Ағайындар у-шу, «Әй, мұның не, бақытты болсын деп тілесеңші, келген кісілерден ұят қой» деп үлкендер жағы басу айтып еді, оны тыңдаған да жоқ.


Сонымен үлкендер жағы ақылдаса келе Гүлімнің мамасын, мені, сосын ең кіші қайынағамызды құдалардың ауылына жіберетін болды. Бәріміз апыл-ғұпыл киіндік те, жолға шығып кеттік. Барғанша абысыныма «Жеңеше, жігіт жақсы болса, барған жері дұрыс болса, қызды бекерге қозғамаңыз. Құдайдың бұйыртып тұрғаны осы шығар» деп айтумен болдым.


Не керек, айтқан ауылына, қызымыздың келін болып түскен үйіне кіріп бардық. Жесір әйелдің үйі белгілі ғой, кішкентай ғана үй екен. Өзі мектепте еден жуушы болып істейтін көрінеді. Үлкен ұлы оқуын енді бітірген, бір әйелдің тапқаны не болсын. Жұпынылау тұрады екен.


Қызымыз бізді көргеннен «кетемін, қалчмаймынға» басты. «Мен мынаны үш-төрт-ақ рет көргенмін, ұнатпаймын. Мына үйде бір минут та қалғым келмейді» деп айқайға басты. Күйеу бала ұзын бойлы, аққұба өңді жігіт екен. Жуас сияқты, бізбен сабырлы амандасты да, «Алып қашқаныма айып етпеңіздер, жағдай осылай болып қалды. Бірақ мен Гүлімді шын сүйемін. Оны бақытты ету үшін барымды саламын. Тек сіздер ақ баталарыңызды берсеңіздер болды. Біздің үйде қыз жоқ, анам Гүлімді өз қызындай аялайды» деді. Жан-жақтан ағайындары қоршап алған, «Құдалар, бір ашуларыңызды беріңіздер, екі жас бақытты болсын» деп жалынып жатыр.


Бір кезде абысыным сөйледі. «Менің қызым көп емес, қала бер деп тастап кете салатын. Әкесі ана жақта сіздерге өкпелеп жатыр. «Ер-жігіт болса алдымнан өтіп, құда түсіп әкетуі керек еді» деді. Ең соңғы шешімді қызымның өзі айтсын, оны жылатып кете алмаймын» деді. Сол-ақ екен, Гүлім «Мен төрт жылдан бері мынадай ауылда, мынадай үйде өмір сүру үшін оқыған жоқпын. Менің орындалмаған арманым көп, қалмаймын» деп шығуға ыңғайланды.


Ауылдың салты емес пе, үш кемпір шығаберіс есіктің алдына көлденең жата қалды. «Ақ шашымды, жасымды сыйласаң аттай көрме, осы жерге тастай батып, судай сің, қарағым. Қарғыс алма, бата ал!» деп жалынып жатыр. Бірақ оған қарайтын қыз болмады, үш кемпірді аттап өтіп, біз мініп келген көлікке барып отырып алды. «Безірейген қыз екен ғой мынау, ә? Ойпырмай, жігіттің наласы ұрады деп қорықпай ма екен? Бізді осыншама жалындырды-ау» деп артымыздан сөйлеп қала берді.


Содан бері он жыл өтті, Гүлім қайынсіңлім әлі тұрмысқа шыққан жоқ. Үлкендер жағы айтып-айтып шаршады. Ауылға келген сайын біз де жанымыз ашығандықтан неше түрлі жігіттердің суретін көрсетеміз, айтамыз. Сондайдан қашты ма, бес жыл бұрын Қарағанды жаққа көшіп кетті. «Құрбым сонда жұмыс істейтін еді, шақырып жатыр» деген сылтау айтты. Жасы келген қыз, бұрынғыдай әкесінің де сөзі өтпейді. «Жолың болсын! Қайда жүрсең де аман бол!» деп қала берді.


Қарағандыда қарап жүрмей, екі баласымен ажырасқан бір еркекпен азаматтық некеде тұрып жатыр екен. Онысы ауылға келген емес, түрін де көрмегенбіз. «Туыстарың бізді мазаламасын, тыныш өмір сүргім келеді» дейтін көрінеді. Қайынсіңлім жылына бір мәрте өзі сопайып келіп, бір аптадан соң қайтып кетеді. Жылдан жылға қартайып жатыр, бір перзентке зар болып жүр.


Соңғы келгенінде «Жеңеше, сол баяғы жігіттің көз-жасы ұрды ма, балалы бола алмай жатқанымның себебі осыдан сияқты. Былтыр келгенде ол жігітті вокзалдан кездестіріп қалдым. Ақтауда әскери болып істейді екен. Үйленіп, үш балалы болыпты. Оны көрген сәтте баяғы тастап кеткен күнім есіме түсіп, іштей өкініп қалдым» деп сырын ақтарды.


Мен мұны өзге бойжеткендерге сабақ болса екен деп айтып отырмын. Біреудің наласына, көз-жасына қалуға болмайды. Мына өмір – бумеранг. Кімге не істесең, алдыңа сол келеді».


Балнұр өз ойын осылай деп түйіндеді. Ал сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма?


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Келіндерім сыйдырмай отыр»: кейуана қартайғанда қайда барып тұрақтарын білмей жүр


«Әйел ретінде қызық емессің»: түркістандық әйел бала да туып, ақша да табумен айналысқанына өкінеді