Жылы жымиып, “үйден қаймақ пен нан әкеліп едім” деді...
Біз күйбең тірліктің арасында ең жақын адамдарымызбен 1-2 сағат отырып шай ішуге уақыт бөле алмаймыз. “Кейін хабарласамын”, “Бара алмай қалдым, басқа жолы көрісерміз” дейміз. Бірақ ол басқа жолы, басқа күн ешқашан келмей қалуы мүмкін екенін ойланбаймыз. Абай атамыз айтпақшы "Адамзат бүгін - адам, ертең - топырақ" екенін тез ұмытамыз.
ERNUR.KZ порталына келген хаттар арасында Оразкүл атты оқырманның хаты осындай ой тууына себеп болды.
Қарапайым ғана шай. Бірақ ол шайдың үстінде айтылған жылы әңгімелер, апайдың даналыққа толы мысалдары есімнен кетпейді.
Бірте-бірте біз жақын сырласқа айналдық. Ол менің анаммен құрдас, бірақ арада ұрпақ айырмашылығы барын мүлде сезбейтінбіз. Кейде анаммен сөйлесіп отырғандай күй кешетінмін. Ақылын айтып, демеу болатын. Кейде құрбымдай әзілімен күлдіріп, жанымды жадырататын. Негізі жаныңа жақын мұндай адам көп кездесе бермейді.Бір жылдай уақыттан кейін күйеуімнің жұмыс бабына байланысты басқа қалаға көшіп кеттік. Бірақ ол апаймен байланыс үзілген жоқ. Мерекелерде хабарласып, артынша ол ауылдағы жаңалықтарын айтып жазатын. Мен өзімнің жаңа жұмысым жайлы бөлісетінмін. “Қонаққа келіп кетсей, қаймағымды сағынбадың ба?” дейтін. Мен “Қаймағыңды да, өзіңді де сағындым” деп жазатынмын.
Осылайша алты жыл өте шығыпты. Бір кезде үнсіздік орнады. Хат та, хабар да жоқ. Уайымдадым. Көңілім алаңдап, бір күні қысқа ғана смс жібердім “Қалайсыз? Хабарсыз кеттіңіз ғой...” деп.
Келген жауап жүрегімді тіліп түсті: “Анашым Раббысына қайтты. Сізде қарызы жоқ па еді?”
Тынысым тарылып, көзіме жас тығылды. Сенгім келмеді. Екі қолым дірілдеп, жүрегім бір сәт тоқтап қалғандай болды. Жанымды жылытып келген бір шырақ сөнгендей күй кештім. "Жаныңыз жәннатта болсын, жақсы адам…" дедім күбірлеп.Сол күн менің өміріме үлкен сабақ берді. Егер осы жазбаны оқып отырып, жаныңызға жақын бір адам есіңізге түссе, дәл қазір хабарласыңыз. Ертең кеш болуы мүмкін. Мен енді жақын адамдарыммен әр кездесуді бағалауға тырысамын."