"Жас қыздың жетегінде жүр": күйеуі опасыздық жасаған келіншек не істерін білмей жүргенін айтты

0
734

"«Ажырасам» деп қорқытып та көрдім..."


көрнекілік үшін сурет: i.pinimg.com

"Мұңымды жолдас келіншектерге айтқым келгенмен, намысым жібермейді. Мойындау ауыр болса да, айтайын, төркінім қорған болып жарымады. Жалғыз сіңілім бар еді. Оның өз проблемасымен миы ашып жүр. Сондықтан сіздерге мұңымды шағып отырмын. Сөге көрмеңіздерші"...

Осылай деп ақтарылған Назира ERNUR.KZ оқырмандарына өз басынан өткенін айтып беруді жөн көріпті.


"Тұрмыстағы әйелмін. Бірақ күйеуім өзінің қызынан санаулы жас қана үлкен бойжеткеннің жетегінде жүр. Осы нәрсе әбден шаршатты.

Бәлкім ол осындай жағдайдың болғанына өзін емес, мені кінәлайтын шығар. Ер адам артында қалар ұрпағының , яғни ұлының болғанын қалайды ғой. Ал бізде үш қыз. Ұл болмағандықтан ойы басқаға ауды ма әлде шынымен кеудесіне желік бітті ме, отбасына опасыздық, сүйген жарына сатқындық жасады.

Осы тоқалы пайда болғалы маған зекіп сөйлейтінді, кейде қойған сұрағыма жүре жауап беретінді шығарды.
Адам ретінде сыйлаудан қалып барады. Менің жазығым не сонда? Жастай қосылып, бар өмірімді арнап, үш қызды тауып бергенім бе?

Алғашқы кездері менен тығылып оған телефонмен смс жазып, далаға темекі шеккен болып шығып кетіп, жасырынып сөйлесетінін сезуші едім. Менің сезіп қойғанымды білгелі ашықтан-ашық тайраңдайтын болды.

Отбасымның тірегі деп сенім артқан күйеуімнің осылай жасауы арқама аяздай батады. Басынан өткізген адам ғана менің жағдайымды жақсы түсіне алар. Күйеуіме іштегі ренішімді айтсам да, қыздарым үшін кешірімді болуға тырысып, кетпеп едім. Бір жағынан, ел-жұртқа күлкі болмайық деп, отбасымыздың ішкі жағдайын сыртқа білдірмеу үшін түк болмағандай жүре берейін деп едім. Бірақ, күйеуімнің теріс жүрісі ауыл-аймаққа әшкере болып үлгерді.

Үлкен қала болмағанымен, тұратын жеріміз шағын. Адамдар бір-бірін таниды. Елдің біразы бетіме келіп айтқанда алғаш білген кездегіден де қатты батты. Жылап отырып, күйеуімнен бұрынғы қалпына оралуын жалынып сұрадым. Өткеннің барлығын ұмытамын, бұрынғыдай бақытты өмір сүрейік қыздарымыз үшін деп ақылға келуін өтіндім. «Ажырасам» деп қорқытып та көрдім.

Тыңдамай шығып кетеді. Қорықпайды. Қыздарымның болашағы үшін өзімнің көнуіме тура келіп тұр. Қыздарым бірінен соң бірі жетіліп тұр. Үлкеніміз сөз байласқан жігітімен таныстырып та қойған. Жақында тұрмысқа берсем деген ойым бар. Бірақ, отбасылық жағдайым мәз болмай тұр. Құдағи атанып, шалқып жүретін шағымда өзімнің күйеуімнің жасағаны жаныма батып тұр. Ажыраса қалсам, қызымның күйеу бала алдында жүзі жарқын болмай қала ма, әкесімен қатар тұрып ұзатайын деп ойлаймын. Сондықтан, ажырасамын деген ойдан қазірше аулақпын.

Күйеудің бетін қайтара алмаған соң, қызбен сөйлесуге бардым. «Талғамға талас жоқ, ұнатам мен де» дейді жер бетінде жігіт қалмағандай.

Қазір күйеуім әр нәрсені сылтауратып соның жанында қонып қалады. Күн сайын киім ауыстырып киіп, жасарып барады. Соның қасына қонып келгенде көңілденіп, ән салып кетеді. Қымбат сыйлықтар жасайтынын да білемін. Бәрін біле тұра, ештеңе істей алар емеспін.

Қыздарыма бұл жайлы ашылып айта алмаймын. Олар іштей сезіп жүрген шығар. Бірақ, менің көңілімді түсірмейін дей ме, ылғи да менің көңілімді аулауға тырысады, әкелері туралы жақ ашпайды.

Кетейін десем ұят, қыздарым бар. Олар мен қандай шешім қабылдасам да қолдайтынын білемін. Дегенмен, соншама жыл бірге өмір сүріп, енді жетілдім, енді болдым-толдым, қыздарымыздың қызығын көреміз дегенде бір шешімге келу де қиын болып тұр. Әлі де күйеуімнің желігі басылар, ең бастысы мен оны кешіріп тұрмын ғой, мені де түсінер деген ой келеді. Бірақ күннен күнге табалап, намысымды жер қылып, ашықтан-ашық көзіме шөп салып жүр."