"Енелерге сабақ болсыншы"
Сурет: i.pinimg.com
"Ішімде реніш сақтамауға, "Қанша дегенмен анасы ғой" деп кешіріммен қарауға тырыстым. Бірақ бұдан кейін баланың ақысына да, менің ақыма да кірулеріне жол бермейтінімді ескертіп айттым" деді ERNUR.KZ порталының оқырманы.
"Менің басымдағыдай мәселе қазір сирек кездесетін шығар деп ойлап едім. Өйткені, қазіргі ұрпақ бұрынғыдай емес, олар өз құқықтарын жақсы біледі, ешкімді басындырмайды деп өзіме де сенімді болғанмын.
Ата-анам маған жақсы тәрбие берді деп айта аламын. "Қыз мұраты кету» екенін ұқтырды. Бірақ тек қана үй тірлігін біліп, бала бағып, ата-ененің, күйеудің қас-қабағына қарап өмір өту керек деп тәрбиелемеді. «Қазір заман басқа, білім қу, оқы, дамы» деп көбінесе сол жағына мән берді. Тұрмысқа шығарда күйеуді менің арман-мақсаттарыма шектеу қоймайтын, мені қолдап, алға қойған мақсаттарыма жету үшін көмектесетін жан керек деп таңдадым.
Жасым жиырма сегізге келгенде ондай жігітті таптым. Ол да өзім секілді білім қуған, тек осы салаға өзін арнаған жан. Екеуміздің ой-пікіріміз бір жерден шығады, арман-мақсаттарымыз да ұқсас, егер отбасын құратын болсақ, бізден үлгілі отбасы шығатындығына сенімді болдық. Әлбетте, арамызда махаббат та болды.
Солай біз отбасын құрдық. Жолдасым ауылда туып-өскен, ал мен қалалық жерде өстім. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Осыны білгесін біздің үйленуімізге болашақ ата-енем қарсылық танытты.
Анасы «Ұлыма өзімен жасты кәрі қызды алып бермейміз, жиырмадағы жас қызды аласың» депті. Оны маған айтқан жоқ, келін болып түскеннен кейін басқа біреулерден естідім. Сол сәтте көңіл-күйімнің түскені рас, бірақ ішімде реніш сақтамауға, "Қанша дегенмен анасы ғой" деп кешіріммен қарауға тырыстым.
Айы-күнім жетіп, босанатын сәт келгенде ауылға, ата-енемнің жанына баруға тура келді. Сол кезде енемнің шынайы бейнесін байқадым.
Тұңғыш баламның жөргекпұлына көз тігіп, ақыры тартып алғандай етіп алып қойды. Басында "Бұл менің балам, балама үкімет тарапынан берілетін жөргекпұлын өзім аламын" деп, оған алдын ала жоспар құрып та қойғанмын. Сөйтсем, енемнің ойынша бұл жерде күйеуімнің де сіңірген еңбегі зор екен. Өзінің айтуы бюойынша...
Қайынсіңлімді ұзатамын деп жүрген. «Жасау алуға ақша таппай отыр едім, жақсы болды ғой» деген кезде мен таң қалдым. Сонда егер мен балама жөргекпұл алмасам ол қалай жасау жинайтын еді, соны түсінбеймін.
Күйеуіме айтып жылап алдым. Мұндайды алғаш көріп тұрғандықтан, қабылдай алмадым. Күйеуім не десін, бір жағында сүйген жары болса, бір жағында туған анасы. Анасына да қарсы сөз айта алмайды, менің де көңілімді қалдырғысы келмейді. Сосын ол мені жұбатып, «Мейлі, бере сал сол ақшаны. Саған керек нәрсенің бәрін өзім алып беремін. Кешірімді болшы, ол менің анам ғой» деген соң ғана, күйеуімді жақсы көргендіктен, оған жаным ашығандықтан, бұл мәселеге көз жұмып қарадым.
Бірақ оған бұдан кейін баланың ақысына да, менің ақыма да кірулеріне жол бермейтінімді ескертіп айттым. Содан бері енемнің маған деген көзқарасы жақсы емес. Негізі бұған дейін де жақсы болды деп айта алмаймын, өйткені ол ұлының маған үйленгеніне о бастан қарсы болған еді ғой.
Мен бұл оқиғамды негізі келіндерге емес, енелерге сабақ болсыншы деп жазып отырмын. Келіннің табысына немесе немересіне түсетін жәрдемақыға көз сүзіп, қол сұқпаңыздаршы. Бұл адамның жеке шекарасынан аттау болып саналады."