"Оған тек менің мамандығым мен тапқан табысым керек болған сияқты"
«Алты ағаң бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас» деген сөз рас екен. Бәлкім, ата-анамыз болғанда басымда мұндай мәселелер болмас па еді?" дейді ERNUR.KZ редакциясына хат жолдаған Нұргүл атты оқырман.
"Маған ағамның жаны ашығанымен, оның да отбасы, балалары бар. Жеңгем бәрібір қайтып келген қайынсіңлісіне жақсы көзқараспен қарамайды. Менің қазіргі мәселем сол.
Ата-анам өмірден өткенде тым жас едім. Әлбетте бұл қайғыны көтеру маған оңай болмады. Сол себептен сабағым да нашарлап кеткен болатын. Ол кезде жетінші сыныпта оқитынмын. Оған дейін озат оқушы болғанмын, кейін көңіл-күйім жабырқаңқы болып, сабақ оқу туралы ойлануды қойдым. Мектепке барып-келемін әйтеуір. Мұғалімдерім де жағдайыма алаңдап, барынша көтермелеуге тырысты.
Өзім де сосын ойландым, ақыры білім қуып, ізденуді қаламасам, жаным қалаған мамандыққа түсіп, елге де, өзіме де пайдам тисін деп, тоғызыншы сыныптан соң, құжаттарымды алып колледжге тапсырдым.
Бала күнімнен медицина қызметкері болуды армандайтынмын. Ақ халат киген абзал жандарға ерекше қызығатынмын. Мен де солардай болсам екен деп қуыршақтарыма дәрі беріп, екпе салып ойнайтынмын. Сол бала күнгі арман мақсатыма айналып, медбике болуды таңдадым. Солай қолыма диплом алып шықтым. Өзім қызығушылықпен оқыған соң, жақсы бағалар алып, ұстаздардың мақтауына ие болып жүрдім.
Кейін тұрмысқа шықтым. Жолдасым маған үйленерден алдын «Анам медбике келінінің болғанын қалайтын еді, алдымнан сен шыға келдің» деп әзіл-шынын араластырып мені қағытатын.
Екеуміз бір-бірімізді ұнатып үйлендік. Бірақ енеммен арамыз жақсы болмады. Оған тек менің мамандығым мен тапқан табысым керек болған сияқты.
Медбике болып жұмыс істеймін. Жалақымды тиын-тиынына дейін енемнің қолына ұстатамын. Сонда да жақпаймын. Анасымен тіл табыса алмағаным үшін күйеуімнің де маған суып бара жатқанын байқап жүрмін. Мінездерін көрсете бастады ол да.
Ал мен мұндай өмірге шыдай алмай жүрмін. Мұңымды шағып, алдына жылап баратын әке-шешем де жоқ. Ағама айта алмаймын. Жеңгемнің маған жаны ашып, «келе ғой» демесін білемін. Анда-санда төркіндеп қыдырып барғанның өзінде жақтырмайды. Сондықтан, шыдап өмір сүруден басқа амалым жоқ секілді..."