«Ақшасы жоқ шалды қайтсін, «бала сенен емес, кете бер» деп үйіне әкеп тастапты»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Кәрі түйе ойнақтаса, жұт болар» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Бірақ оның астарына үңіліп, мағынасына ден қойып жатқан адам бар ма қазір? Қариялардан қадір кетті ғой», - дейді Назым есімді жезқазғандық келіншек.
Нағашы әпкесі мен жездесінің ешкімге айтпаған құпиясын біздің оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті. «Басқалар осыдан сабақ алып, ойланса екен» дейді ол.
«Ойбай, Анар ауруханаға түсіп қалыпты, барып жағдайын білмесем болмайды, жақын жерде менен басқа кімі бар оның. Мені апарып келші» деп мамам телефон соққасын бас тарта алмадым. Өзі демалыс күні еді, балаларды күйеуіме тастап, асығыс жолға шығып кеттік. Бауыр дегенде адамның шығарға жаны бөлек екен ғой, Астанаға барғанша мамам әпкесін уайымдап барған. Бірақ кейін кездескенде кішкене беті бері қарап, тәуір болғанын көрдік.
Нағашы әпкем мен жездем негізі Оңтүстік жақтан. Жездеміз екеуі сол жақта талай жыл кәсіппен айналысып, дүниені жеткілікті жинап алғасын Астанаға келіп қоныстанған. Екі қызын осында ұзатты, үлкені Алматыда, екіншісі Астанада тұрады. Жағдайлары жақсы. Қазірдің өзінде гектарлап жылыжай салып, соның жемісін жеп отыр. Одан бөлек «конный клуб», мейрамхана, спа-салон сияқты бизнестері жетерлік. Әпкем де қаражаяу адам емес, білім саласында талай жыл еңбек етіп, мектеп директоры болған адам. Әлі де тың, өзін күтіп қалған адам, соңғы үлгідегі киім, алтын, бренд сөмке дегеннің бәрін әпкемізден көреміз...
«Сен қайта бер, мен әпкемнің қасында бір аптадай болам, өзім барам» деп мамам мені қайтарып жіберген. Бір аптадан кейін үйге келді. Өңі сынық, көңілі алаңдаулы. «Не болды, әпкем тағы ауырып қалды ма» деп сұрақтың астына алдым. Сөйтсем бар мәселе Сағындық жездемізде екен.
«Е, несін айтасың, Сағындық қартайды ғой, енді ақылы кірген шығар деп жүрсек, көрсететін концерті әлі алда екен. Жас күнінде көледенең етектіні бос жібермеген жүргіш еді. «Сенің күйеуіңнен жүктімін» деп есігінің алдына неше қыз келіп, нешеуі шерменде боп кетіп еді? Солармен алысып жүріп осы күйеуін адам етті ғой. Енігісі не, жетпіс екіге келгенде «ажырасамыз» деп әпкемнің миын ашытып, ауру қылып отыр»деп мамам жылап қалды.
Сағындық жездеміз бір күні сауда орталығындағы лифтіде отызға әлі толмаған бір бойжеткенмен танысып қалыпты. Өте сұлу, керім екен. Еш жерде жұмыс істемейтін бойжеткен бақуат шалды уысына түсіргісі келді ме, кім білсін, «мен сізге ғашық боп қалдым» деп қайта-қайта кездесуге шақырып, ақыры тұзағына түсіріпті.
Махаббаттан басы айналған екеуі шетелдерге бірге қыдырып, жездеміз ашықтан ашық жүріс жасай бастаған. «Қартайғанда енді кімге керек» деп әпкем де мән бермеген бе, әлде көшеден қосылғандармен алысып шаршаған ба, осы жолы үндемепті. Бірақ бірнеше айдан кейін сұлу бикешке күйеуі көлік, пәтер сыйлап, күндіз-түні телефон құлағынан түспей қалғанын байқап, істің насырға шапқанын түсінген. «Жетер енді, іштің, жедің, ойнадың, күлдің, бәріне үндемедік. Бірақ тым артық кетіп барасың, осы жерден тоқта, құда бар, немере бар, күйеу балалардан ұят» деп ақылға шақырған.
Сөйтсе жездеміз «мен одан кетпеймін, Шолпанның аяғы ауыр, маған ұл туып береді» деп міз бақпай отырып алыпты. Әпкем байғұс қайтсін енді, жылап-жылап, бәрін сол қалпында қабылдауға шешім қабылдапты. Іштей қиналған, қыздарына да тіс жарып айтпаған. «Туса туып бере қойсын, арманы сол еді ғой» деп бәріне мойынсұнған.
Сөйтсе әлгі сұлу бикеш «ұлды болғың келсе әйеліңмен заңды түрде ажырасып, маған үйленесің, әйтпесе аборт жасатам» деп шарт қойыпты. Онсыз да сол бикештің үйінде тұрып жүрген шалының жоқтығына үйренсе де «ажырасамыз» деген сөзін естіп әпкем ауруханадан бір-ақ шығыпты. «Дүние-байлық не керек, дұрыс адам болып қартаймасаң. Ол қыздың көксегені - шалдың байлығы. Сол баланың осы шалдан екеніне де күмәнім бар. Қартайғанда «құтырып» өнер шығарғаны қарашы, бәрінен де күйеу балалардан ұят болды. Ертең олар қыздарыма не дейді, беттеріне баспай ма? Қыдырсын, ішсін-жесін, бірақ «ажырасамыз» дегені өлтіріп барады» деп әпкем мамама сырын айтып, әбден жылапты.
Осыдан кейін не болды дейсіз ғой, әпкем «бүкіл дүние-мүлікті екі қызың мен менің атыма жазып берсең, онда ажырасуға келісем» деп шарт қойыпты. Одан бөлек мықты адвокат жалдап, өздеріне тиесілі бизнесті, банк шотындағы миллиондаған ақшаларды алып, шалын дымсыз қалдырған. «Ол менің дүниеме қызығып отырған жоқ, бала туса болды» деп келіскен жездеміз екі сөмке киіммен жас тоқалдың пәтеріне кіріп барыпты. Сөйткен сұлу бикеш «менің балама ақшасы жоқ әке керек емес, оны қалай асыраймын» деп бірнеше айдан кейін жездемізді қуып шығыпты. «Бала сенікі емес, еш уайымдамай, кемпіріңе бара бер» деп есігінің алдына дейін өзі әкеп тастапты.
«Келді, сүмірейіп, екі жағы суалып, дымы қалмапты. Мысықтабандап, аяғының ұшымен жүр. Не айтсам да басын шұлғып, мүләйім боп қалған. Енігі шекесіне тиген шығар, сәл болмағанда бүкіл жиған-тергенінен айырылып қала жаздады» деп әпкем мамама соңғы жаңалықты жеткізіпті.
Отбасында береке, сыйластық, әйелге деген құрмет, адалдық болмаса тірнектеп жинаған ен байлықтан рахат жоқ екен-ау. Қарияларға Құдай ынсап бермесе, қиын, абыройсыз қалуы әп-сәтте. Осыны өзге кісілер де есіне сақтап алса екен...»