Бағдаршам күтіп тұрғанда жаныма бір жігіт келді. Маған бір-екі рет қарағанын білемін...
Сурет: avatars.dzeninfra.ru
«Қарап отырсам, біздер (әйелдер жағы) ер-азаматтарға ренішті көп айтамыз. «Қазіргі еркектер майдаланып кеткен, анау-мынау...» деп баға беріп жатамыз. Оған жігіттердің қыз баласына сыйластық көрсетпеуі, күйеулердің әйеліне зәбір көрсетуі, опасыздық жасау сияқты жағдайлар себеп. Дегенмен, сол көптің арасында ер-азамат деген атқа лайық, құрметке, пір тұтуға тұрарлықтары да жоқ емес қой. Бір «мігіттің» кесірі жақсы, тәрбиелі жігіттерге сөз тигізеді” деп ойын білдірді ERNUR.KZ оқырманы ақпараттық портал тілшісіне.
«Мен қазір бір жақсы жанды мақтағым келіп отыр. Сол арқылы өмір тек жаман адамдардан ғана тұрмайтынын, жақсы азаматтардың көптігін тілге тиек еткім келеді.
Студент кезімде сабақтан кейін тәулік бойы істейтін супермаркеттің кассасында жұмыс істедім. Бір тәулікте үш ауысым, мен түстен кейін барып, түнгі тоғызда шығамын. Сол күні кассаны тапсыруда мәселелер шығып, кешігіп сағат он бірге қарай қайттым.
Жалпы бала күнімнен қараңғыдан қорықпаймын, жалғыз жүре беремін. Таксиге шығынданғым келмей, пәтерге жаяу бара салайын деп, жол жағалап жүре бердім.
Бағдаршамға келіп тоқтағанда жаныма бір жігіт келіп тұрды. Маған бір-екі рет қарағанын білемін. Жасыл жанғанда көшеден өтіп, әркім өз жолымен кете барды. Бір кезде артымнан біреу жүргендей сезініп, бұрылып қарай салсам, жаңа басқа жаққа бұрылған жігіт артымда келе жатыр екен.
Әрине, жаман ой бірінші болып келеді. «Ойлаған арамдығы бар ма екен?» дегендей қауіптеніп, ішімнен Құдайға сыйынып келе жатырмын. Жаман оймен тап берсе қалай қорғануды, қашуды ойластырып... жан-жағыма қараған боп артқа көз тастам қоям, әлі еріп келеді.
Бір кезде «Қарындас!» дегенін естідім. Даусы қауіпті адамдікіне ұқсамайды. Тоқтадым. «Қайда барасыз? Бұл уақытта неге жалғыз жүрсіз?» деп жөнімді сұрады, мен да жағдайды түсіндірдім. «Мм, дұрыс екен. Сонда да мұндай уақытта жүру қыз балаға өте қауіпті. Таксимен қайтқаныңыз дұрыс еді. Байқасаңыз, жаңа өткен жолыңызда топ-топ жігіттер жүр, солардың бірі арам ойлап тиіссе қайтер едіңіз? Соны ойлап артыңыздан жүріп келемін. Негізі бірден жеткізіп салайын деп айтқым келген, бірақ қорқып кете ме деп айтпадым. Кейін ойласам, үндемей артыңыздан ергенім де қате екен, себебі сіз бәрібір дұрыс түсінбейсіз» деп күлді.
«Иә, қорыққаным бар. Тиіссе қалай қорғанам, қайда қашамын деп ойластырып та қойып ем» деп мен де қосыла күліп жібердім. «Менің де қарындастарым бар, солардай көріп, біреу тиісіп қалмасын деп алыстан болса да қарап жүре тұрайын деген ем. Бәрі жаман емес, бірақ нашар жігіттер өте көп, мойындаймын. Менің еш арамдығым жоқ, тек уайымдап тұрмын. Енді үйіңізге дейін бірге барып жеткізіп салайыншы, танысайық, анау-мынау деп мазаңызды алмаймын» деді.
Сол сәттегі сезімді айта алмаймын. Не деген мейірім, қамқорлық! Неге екенін білмеймін, «Қарындастары қандай бақытты!» деген ой келді еріксіз.
Сөйтіп, үйіме дейін сөйлесіп бардық. Шынымен жол бойы атың кім, қайдан боласың дегендей сұрақтар қоймады. Адамдық парыз, ағалық қамқорлық, ата-ана, т.б. тақырыптарда өте жақсы ойларын айтты. Мені подъезге кіргізіп, өз жөнімен кетті.
Сол бейтаныс – өмірде жақсы жігіттердің барын дәлелдеген азамат. Әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Біз айналадан жаман оқиғаларды көп естіп жүрегіміз шайылып қалған, қорқамыз, сенбейміз. Танымайтын адамға сенбеген де дұрыс, өз қауіпсіздігің үшін. Бірақ, бірден жаман ойламай, сақтықпен қоса, жақсы адамдардың барына сеніп, бейтаныс адамға сыйластық танытуды да ұмытпау керек екен. Қыз-келіншектер жігітін, күйеуін айтып, ер-азаматтарды жамандап жатса, міндетті түрде осы жақсы оқиғаны айтамын.
«Қазір ол жігіт отбасылы, бала-шағалы шығар. Өзі де, жан жары да бақытты болар. Қарындастарына ағалық қамқорлықтың ең жақсы үлгісін көрсетіп жүрген шығар» деп ойлап қоямын кейде. Қайда, қандай күн кешіп жүрсе де, бастысы аман болсын.»