​"Жұмсау үшін қонаққа шақыра ма?": жас келіншек үлкендерге келіндердің де адам екенін ескерткісі келеді

0
389

"Құрмет пен мейірім көрген жерге өзі-ақ шын жүрегімен қызмет етеді"


​

Сурет: egemen.kz

"Келін - тек жұмыс күші емес, ол да басқалар сияқты адам. Оны қонаққа тек шай құйғызып, ыдыс жуғызу үшін шақыру адамгершілікке жатпайды. Құрмет пен мейірім көрген жерге қай келін болсын өзі-ақ шын жүрегімен қызмет етеді емес пе?" деген келіншек ERNUR.KZ тілшісіне мұндай ойдың туындауына себеп болған жағдайды айтып берді.


"Күйеуімнің ағайын бауыры қоныстойға қонаққа шақырған болатын. Сыйлық, шашуымызды алып, бардық.

Тамақ беріліп, ас қайырып, құран оқып болғасын үлкендердің біразы сыртқа шығып кетті. Қайтатыны қайтып, қайтпағаны әңгіме айтып тұр. Іштегі қалғандарға қайтадан шай әкелді. Осы кезде бағанадан бері тамақ, шай, тәрелке тасып зыр жүгіріп жүрген үш-төрт келін де дастарқанға отырдық. Осы үйдегі абысын ғана байыз тауып отыра алмай, ары-бері ыдыс тасып жүр. Жинап-тазалап алуға асығады ғой кім болса да.

Бір кезде екінші кесе шайды енді аузымызға апара бергеніміз сол еді, осы үйдің күйеуге кеткен қызы «Қой, мен мамама көмектесейін. Әйтпесе мына келіндер қозғалайын демейді» деді. «Өзі келін түсіргенше мамамның көрген күні осы енді» деп сөзінің артын әзілге айналдырғансып күліп қояды.

Шайға енді отырған төртеуміз бір-бірімізге қарадық. Үшеуі орындарынан тұрып-тұрып, тәрелке-табақтарға жармасты. Мен отыра бердім. Іштей жыным кеп, қырсығып қалдым.

Тағы бір-екі кесе шай ішкесін ренішім тарқап, мен де тұрып көмектестім. Бәрін жинасып, ыдыстарын жуысып кеттік.

Әлгі қызын айтамын да. Соншалықты үлкен емес, бізбен қатарлас, ары кетсе бірімізден бір-екі жас үлкен, бірімізден кіші. Сөйте тұра тілінің ащысын қарасаңшы, шымшып, шағып сөйлеп. Солай айтпай-ақ өзі көмектесе берсе болмай ма? Сонда келіндерді тек тірлік істеуге шақыра ма, түсінбедім. Онсыз да жаңаға дейін отырмай көмектестік. Тіпті істейтін түк болмаса да, қонақтардың қасына кеп қыстырылыспай, асүйде тұрдық қой селтиіп.

Өзім қонақ шақырсам, ешкімді жұмсамаймын. Күйеуімнің туған інісінің келіншегін де, абысынымды да, жаңа түскен ағайындардың келіндерін де үйге шақырғанда жұмсаған емеспін. Өздері ұяла ма, «көмектесейін» деп қолыңдағы тірлікке жармасатындар болады. Ондайда ауыр емес, тез бітетін бір-екі істі беремін де, «Осыны істесең, болды. Сосын барып дастарқанға отыр. Өз үйіңде істейсің, қазір қонақ боп келдің ғой» деп отырғызып қоямын. Жалпы, ыдыс-аяғыма өзгенің араласқанын жақтырмайтыным да бар бір жағы."