Әр бала білуі тиіс 4 ақиқат

0
2 296

​Бұны балаға кішкентайынан айтып отырыңыз!


Әр бала білуі тиіс 4 ақиқат

фото: ашық дереккөзден алынды

Жасы 30-40-қа келсе де иллюзиямен өмір сүріп жатқандар бар. Олар әрекеттен гөрі түрлі магиялық техникалар мен дұға жасап отыра бергенді дұрыс көреді. Мәселе туындай қалса оны шешудің жолын емес, көріпкел мен балгер іздейді. Өзіне емес, наным-сенімге сенеді. Өкініштісі, бір ғажаптың боларын күтіп жүргенде бәрінен құр қалады, өмірі өтіп кетеді.


Олар туралы өзгелер «Бойы өссе де ойы өспей қалған», «Әлі бала сияқты» дейді. Ал психолог мамандар бала есейген шақта да «бала» боп қалмауы үшін өмірге шынайы қарауды үйрету керектігін ескертеді. Әсіресе, өмірдің мына бұлжымас төрт ақиқатын бала санасына сіңіріп өсіру қажеттігін айтады.



1. Бәрі тек еңбекпен келеді

Әрбір жетістіктің, жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Біз көбіне адамның бүгінгі жетістігін ғана көреміз, ал оның сол деңгейге жету үшін қаншама жылды сарп етіп, күніне неше сағат уақыт бөлгенін есептемейміз.

Біреу сайыстан бірінші орын алса «Бақ шаба ма, бап шаба ма деген. Бағы бар екен» дейміз. Тіпті біреу жақсы жарға үйленсе де «бағы бар жігіт екен» деп айтамыз. Ал жігіттің сол қыздың жүрегін жаулау үшін түрлі қадамға барғанын, жұрттан ерекше көңіл бөлгенін, яғни еңбектенгенін ескермейміз.

«Бақ шапты», «бағы бар екен» деп, өсіп келе жатқан балаңызды ертегіге сендірмеңіз. Білім, спорт жарысында тек бап шабады. Жақсыға ие болу, ешнәрседен тарықпай өмір сүру үшін де көп еңбектену қажет.

«Адамды адам еткен еңбек» демекші, білім мен атақ, табыс пен жетістік, абырой, бақыт бәрі-бәрі тек еңбекпен келеді. Әрине әке даңқымен қыз өтіп, әке малының арқасында тер көпей-ақ баспана мен көлік алып, беделді қызметке орналасып жатқандар бар. Бірақ біреу арқылы ие болған мүлікті, шыққан биікті сақтап қалу да еңбекті қажет ететінін перзентіңізге ескертіп отырыңыз.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген мақалдың орнына «Қимылдаған қыр асар», «Ойшыл ойланып отырғанда, тәуекелшіл іске кіріседі», «Әрекетке – берекет», «Еңбек – бәрін жеңбек» деген сияқты еңбектенуге итермелейтін сөздерді айтыңыз.



2. Ит үреді, керуен көшеді

Жұрттың не дейтінін ойлап өмір сүру адамды жүрек қалауынан, армандарынан адастырады. Нақтырақ айтқанда, өз өмірін сүруге кедергі келтіреді.

Шындап келгенде әркімнің өз мәселесі, бір кем дүниесі бар, яғни басқамен шаруасы жоқ. Біреудің өмірін, таңдауын, ісін талқылау – уақытша. Көп болса екі-үш ай сөз қылады да ұмытады.

Өкінішке орай, бұны кеш түсініп өкінетіндер көп. Ал сіз балаңызға кішкентайынан өз өмірін сүруді үйретіңіз. «Өзің таңдаған жолмен жүр», «Жүрегіңді тыңда», «Саған қайсысы ұнайды?» деп, баланың өзіне не керек екенін білуге жетелеңіз. Өз ой-пікірін қалыптастыра біліңіз.



3. Адам өзін өзгертпейінше өмірі де өзгермейді

Көп адамның өмірі ата-анасының, бауырының немесе ата-енесінің, жан жарының, я болмаса перзентінің өзгергенін күтумен өтіп жатыр. Соларды тәрбиелеуге барлық күш-қуатын, уақытын жұмсап жүргендер де аз емес.

Бос әурешілік. Әр адам тек өзін тәрбиелеп, өз әдеттері мен ойын, шешімін өзгерту арқылы ғана өміріне өзгеріс енгізе алады.



4. Ақымақты жеңе алмайсың

Ақымақ сөзге түсінбейді, өзгені тыңдамайды. Ол үшін әрқашан өзінікі ғана дұрыс. Сондықтан да ақымақпен айтысу, оның қателігін ұқтырам деу – уақытты жоғалту, жүйкені тоздыру ғана. «Сенікі дұрыс» деп бойды алыс ұстаған абзал.

Мысал: Есек пен жолбарыс шөптің түсіне бола дауласып қалыпты. Есек «Шөптің түсі жасыл» десе, жолбарыс «Көк. Көк шөп дейді ғой халық» дейді. Есек сөзін дәлелдегісі кеп аң патшасы арыстанға жүгінеді.

Есек «Ұлы мәртебелім, шөп деген жасыл ғой иә?» деп ақырады. Арыстан оған «Иә, шөп жасыл» депті. Есек «Жолбарысқа шөп жасыл десем, келіспей менімен айтысып жатыр. Оны жазалаңызшы» деп шағымын айтады.

Сонда арыстан «Жолбарыс 5 жыл үнсіз жүрсін» деп жазалайды. Есек қуанып «Шөп жасыл, шөп жасыл» деп бақырып кете барыпты.

Жолбарыс «Ұлы мәртебелім, мені не үшін жазаладыңыз? Бәріміз шөпті көкке теңейміз ғой» деп ренжиді. Арыстан оған «Шөптің көк не жасыл болуы маңызды емес. Жазалауымның себебі мынада: сен сияқты ақылды да қайратты жолбарыстың есекпен болмашы бір нәрсені дауласуға алтын уақытын жұмсағанына қынжылдым» деген екен.


Міне, осы төрт ақиқатты бала тәрбиесінде айтып, ұл-қызыңыздың санасына сіңіре білсеңіз, оны көп қателіктен сақтайсыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Еркектер МЫНАНДАЙ ӘЙЕЛМЕН өмір сүргісі келеді

Жалғыздықтан құтылу үшін МЫНА ТӨРТЕУІН өзгертіңіз