«Ата-анамды СОТқа бергім келеді»

0
3 034

Сізге перзентіңіз осылай сұрақ қойса, басыңызды көтеріп тұрып жауап бере аласыз ба?


«Ата-анамды СОТқа бергім келеді»

Карантинде біреу болашағына жоспар құрса, біреу өткеніне шолу жасап жатқан болар?! Сіз бұл бос уақытыңызда не істеп жатырсыз?


«Мен карантинде біраз фильмді көріп тастадым. Соның ішінде 2018 жылы түсірілген «Капернаум» деп аталатын кино жаныма қатты әсер етті. Көріп отырып көзімнен еріксіз жас ақты. Кей жерлерінде еңіреп жыладым. Фильмнің кей тұсы менің өмірімнен алынған секілді» деп сайтымыздың вацап нөміріне есімі белгісіз бір оқырман ұзақ-сонар хат жолдапты.


Жоқшылық, қиындық біреудің ерік-жігерін шыңдап, одан табысты тұлға дайындап шығарса, біреудің өмірін кері кетіреді. Өйткені әркімнің психологиясы әр түрлі. Бір жағдайды әркім түрліше қабылдайды. Ал белгісіз жанның жолдаған хатын кім қалай қабылдайды екен? Комментарийде жазып қалдырыңыз.

Сонымен оқырман хатын жалғастырайық. Ол былай деп жазады:

«...Жан жарамды тырналап өткен «Капернаум» фильміндегі эпизодтардан соң ата-анамды сотқа беруді ойлап отырмын. Перзент – ана-ананың қолына берілген аманат емес пе? Ал менің ата-анам перзенттеріне қиянат жасағаннан басқа ешнәрсе ойламаған сияқты.

Ата-анамның қалай үйленгенін білмеймін, бұл туралы сұрауға, шүйіркелесіп әңгімелесуге бізде уақыт та болмаған. Сенбейсіз-ау, өйткені сіз көп балалы отбасында өскен жоқсыз. Ал мен бір үйдің алтыншы перзентімін, менен кейін тағы алты бала бар отбасымызда. Әке-шешем арасына екі жыл, бір жыл салып «бала жасай» берген. Перзентін өмірге әкелерде «Оның өмірі қандай болады? Қажеттілермен қамтамасыз ете аламын ба?» деп неге ойланбағандарына таңмын. Киіндіре алмаса, тәтті тамақпен қарнын тойдыра алмаса, жоғары білім алып бере алмаса, неге бақытсыз адамдардың қатарын көбейте беру керек?


Менің құрбы-құрдастарым бас қосқан кезде балалық шақтарын ерекше сезіммен әңгімелеп, оқушылық өмірлерін мәз боп еске алады. Студенттік шақтағы қызықтарын айтып күледі. Ал мен өткеніме саяхат жасағым келмейді. Өйткені ол жақта ешқандай күліп еске алатын сәт жоқ. Ол жақтан мен тек жылап қайтам.


Үйдегі 12 перзент балмұздақ пен кәмпиттің емес, жоқшылықтың дәмін татып өстік. Бала кезден-ақ қара жұмыс істедік. Сыныптастарым жаңа оқу жылы басталғанда жазғы демалыста көрші аудандағы Шардара теңізінде қалай шомылғандарын, құмда жатып күнге қыздырынғандарын айтатын. Ал мен бұл уақытта теңіз суына емес, ыстық күнде қыш құйып, су тасып маңдайымнан аққан терге «шомылатынмын».

Әкем қырманда күзетші, ал анам мектепте еден жуушы. Жалақылары аз екенін айтпасам да іштей есептеп үлгерген боларсыз. Әкем темекі шегеді, күніне бір-екі қорап тауысады, сондықтан ол жалақсын отбасы бюджетіне қоспайды. Тек қарақан басына жұмсайды. Сондықтан біздің ерте жұмысқа араласуымызға тура келді.

Ол уақытта ауылдағылардың көбісі кәдімгі топырақтан құйылған қыштан үй тұрғызатын еді. Біз таңмен таласып тұрып өзен бойына кететінбіз. Төрт ағам өзенге жақын маңдағы жарды кетпенмен ұрғылап топырақ алады. Оны үйіп жатқанда біз – әпкем, мен және сіңлім үшеуміз шелекпен өзеннен су тасимыз. Екі шелекпен қайта-қайта барып су әкеп топыраққа құю – азаптың азабы. Осы сәтте ағаларым топырақты илейді. Тек кетпенмен ғана емес, аяқпен илеп, сабан қосып әбден араластырады. Ертеңіне арнайы қалыптарға құйып, сүйреп тегіс жерге апарып кезек-кезек төңкереді. Келесі күні тағы да жардан топырақ алу, су тасу, илеу, құю қайталанады. Күнге кепкен қыштарды біз аударамыз, ал кепкеннен соң бір жерге жинаймыз. Қышты ұрлап кетпесін деп ағаларым түнде сол жаққа қонатын. Ол кезде ағаларым да, әпкем де жоғары сынып оқушылары. Олардың сыныптастары жоғары оқуға түсуге дайындалып, туған күн кешінде жүргенде, менің ағаларым жұмыс істеп нәпақа табуды ойлады.

Қыштың дайын болуы соншалықты мол еңбекті қажет еткенімен, бағасы арзан еді. Амал жоқ, одан басқа ауылда біз үшін табыс көзі жоқ. Жазғы демалысымыз осылай өтетін. Біз жазымен қыш құйып сатып, жаңа оқу жылына оқу құралдарын, мектепке киетін форма, сөмке сатып алатынбыз. Бұдан бөлек ас-суымыз да бар ғой. Әпкем екеуміз сабақтан соң ауылдағы әркімнің үйін ақтап, сырлап берсек, ағаларым шөбін тасып беріп, қорасын соғатын. Тыным таппайтынбыз. Кешке шаршап төсекке құлай кететінбіз. Азанымен тұрып мектепке асығатынбыз. Енді ойланыңызшы, тек ас-ауқатын табуды ойлап, сабақтан соң жұмыс істеген бала мұғалімнің берген үй тапсырмасын жарытып оқи ала ма? Жоқ!

Оған шамаң келмейді. Өйткені біз тек қара жұмысқа жегіліп қойған жоқпыз, сонымен қатар азықты үнемдеп пайдаландық, яғи тоя тамақ ішпедік. Өйткені үпір-шүпір көп балаға тамақ та шақ келмейтін. Анамыз күнде таңертең тұра салып қамыр илеп, түске таяу тандырға нан жабатын. Ал анам ыстық отқа қолын салып пісірген көп нан сол күні кешке таусылатын. Бір қап ұн бір аптаға жетпейтін еді.


Қиын өмір сабақ оқуға мүмкіндік бермеді. Біз бәріміз мектепте нашар оқыдық. Әйтеуір аттестат алып шыққанымызға қуандық. Бірақ оның не керегі бар, өйткені бізді ата-анамыз ақылы оқыта алмайды.


Үлкен ағамның сүйген қызы өзіміздің ауылда тұратын еді. Мектеп бітірген соң біраз жыл соқа басы состиып жүріп қалған ағам бір күні әлгі қызды алып-қашып келді. Ол қыз бақуатты отбасынан еді. Хабаршылардың апарған қалыңмалын азсынып қайтарып жіберіпті. Артынша қызды ата-анасы келіп алып кетіп қалды. Сол кездегі ағамның етбетінен жатып жерді ұрғылап жылағаны әлі көз алдымда. Сол жағдайдан кейін ағам араққа салынды. Ал одан кейінгі ағам неден түңілгенін білмеймін, бір күні оны асханада асылып қалған жерінен таптық. Зіңгіттей жігіт өзіне-өзі қол жұмсап өлді. Кейінгі екі ағам мектеп бітірген соң ауылдың сиырларын бақты. Таңертең өріске айдап кетіп, кешке күн ұясына кіре бастағанда ауылға айдап келеді. Күнге қап-қара боп күйген, оның үстіне «падашы» деген аты бар жігітке қандай қыз қарайды айтыңызшы?!

Бір-екі қыз беттерін қайтарды ма екен, бір күні екі ағам да «Болды, енді мал бақпаймын» деп шорт кесті. Әкем «Қайтіп тамақтарыңды таппақсыңдар? Мынау інілеріңді, қарындастарыңды кім асырайды? Бәрі «тамақ, нан» деп ауыздарын ашып отыр» деп айқайлады. Оған анам қосылды «Ақша таппайтын болсаңдар кетіңдер. Үлкен ағаларыңнан пайда жоқ, оның дүкенде қарызы бар екенін ұмытпаңдар, төлеу керек...» деп. Ұрыс керіске, айқай-шуға ұласты. Екі ағам үйден шығып кетті. Бір апта үйге қонбады. Екінші аптада үйге милиция формасындағы екі адам келді. Екі ағам көрші ауылдан мал ұрлап ұсталыпты. Қастарында тағы екі жігіт бар екен. Топтасып жасалған ұрлық ауыр қылмысқа жататынын айтты милиция.

Екі ағам түрмеге жабылған соң, тұрмыс жағдайымыз күрт төмендеді. Асыраушымыз сол екеуі еді ғой. Әупірімдеп күн көріп жүргенімізде көрші ауылдан әкеміз қатарлы бір еркек әпкеме құда түсіп келді. Әйелі қайтыс болған, төрт баласы бар. Әпкем жылап, тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтып әке-шешеме жалбарынды. Алайда оның қалауынсыз қинап, ұрсып, өзінен әлдеқайда үлкен еркекке ұзатып жіберді. Енді үйдегі бар ауыртпалық маған түсті. Мектепті енді ғана бітірген кезімізде бір жас кіші сіңлім екеуміз қырманда жұмыс істедік. Таңертең трактормен ауылдың бірнеше қыз-келіншегін егістікке алып кетеді, бидай арасында өскен арамшөптің басын жұламыз. Бұл бидай әлі піспеген кезде жүргізілетін жұмыс. Арамшөптің түсі бидай сабағының түсіне қарағанда қою жасыл болады.


Адам бойымен бірдей биік өскен бидай арасымен жүріп отырамыз. Кешке дейін бірнеше қашықтықты жүріп өтеміз. Бір күні қалың бидай арасымен жүріп келе жатып, түскі уақытта ұйқы қысты да сәл тынығып алмақшы болдым. Орамалымды төсеп жата кеттім. Көзім ілініп кетіпті. Қорқынышты түс көріп ояндым. Жоқ түсім емес, өңім екен.


Менен бес-алты жас үлкен жігіт үстіме шығып, аймалап жатыр. Айқайламақ болған едім аузымды бір алақанымен жапты да, бір қолымен етегімді түрді. Біраз уақыт қарсыластым, қарулы жұдырығымен бетіме ұрғанда көзімнің оты жарқ етті де талықсып кеттім. Есімді жисам, сіңлім түрткілеп жатыр. Ол егістіктің анау басына дейін арамшөп жұлып барып, кері қайтқан жолда мені көріп қалған ғой. Қанша уақыт талып жатқанымды білмеймін, бірақ орнымнан тұрғанда кіндігімнің төменгі жағы қатты ауырғанын білем.

Қыз ғұмырымнан мен осылай айырылдым. Бұл жөнінде ешкімге айта алмадым. Тек оңаша қалсам болды жылай бердім. Әлгі еркек біздің ауылыкі емес, мал іздеп немесе қой бағып жүрген біреу шығар. Мүмкін есі дұрыс емес біреу, әлде мені сырттай тани ма екен? Қорғайтын ағаларымның түрмеде екенін біліп істеді ме, білмеймін. Кім болса да жеті ұрпағына дейін жететін қарғыс жаудырдым күні-түні. Әлі де қарғаймын оны.

Күндер өте берді. Бір күні үйге ұзын бойлы бір жігіт пен екі жас әйел келді. Әке-шешем танитын сияқты, хал-жағдай сұрасып жатыр. Ошақ басында самаурынға от салып отырғанмын, сіңлім жүгіріп келді де «Әдемі көйлегіңді ки. Сені көруге келіпті. Жігіт көрікті» деді күліп. Жүрегім аузыма келді. Жігітті сырттай көрдім, келбетті, бірақ мен абыройымнан айырылып қойғанмын ғой. Анама айта алмаймын, өйткені ол дереу әкеме айтады. Ал әкем естісе аямайды, тірідей көмеді. Көп ойланып отыра алмадым. Сіңлімді үйден көйлегімді әкеп беруге жұмсадым да, өзім жинап жүрген азын-аулақ ақшамды алып үстімдегі ескі көйлегіммен көшеге жүгірдім. Кешкі автобус келетін уақыт еді, мініп ауданға жеттім. Одан ары қарай қалаға кеттім. Сол бір күнгі оқиға болмағанда мен қашпас едім ғой. Айыбымның ашылып қалуынан, әке-шешемнің жүзін төмен етуден қорықтым.

Менің үйден кетіп қалғаныма ата-анам қуанбаса уайымдамағанын сезем. Өйткені 90-жылдары елде қиыншылық заман еді. Ал көп балалы біздің отбасымызда жағдай тым төмен болатын. Бір адамға кемігеніне әкемнің қуанатынын жақсы білем.

Қалада мені кім күтіп отыр дейсіз, бір апта вокзалда, сосын подъездерде түнеп жүрдім. Бір күні «Электрон» деген аялдамада отырғанымда қасыма үлкен әйел келді. Ол менің жағдайымнан хабардар болған соң жаны ашып үйіне ертіп әкетті. Басына жаулық таққан, жүзі жылы әйел болған соң одан сезіктенбедім. Ертеңіне бір пәтерге әкеліп, төрт қыздың қасына қосты. Түсінікті шығар, иә-иә, күні-түні еркектерге қызмет көрсеттім. Ауылдан шықпаған мен қалада бәрі осылай өмір сүреді деп ойладым алғашқыда. Кейін уақыт өте келе өзімнің кім екенімді біле бастадым. Бірақ бұл кезде мен өз жұмысыма үйреніп те қалған едім, оның үстіне барар жерім де жоқ қой.

Жылдар жылжып жатты. Бізді жеңгетайымыз үнемі бақылауда ұстайды. Бір күні пәтерге сыныптасым кіріп келмесі бар ма? Жерге кіріп кете жаздап ұялғаным-ай! Жиіркенішті жұмыспен 5-6 жылдан бері айналысып жүрсем де бәрібір жүрегімнің түбінде ар-ұятымның қалғанын осы кезде ұқтым.

Таңға дейін ауылдағы жаңалықтарды, бауырларымның жағдайын сұрадым. Сол бір күні мені көруге келген жігітке сіңлім тұрмысқа шығыпты. Әпкем балалы болыпты. Екі ағам түрмеден шығыпты. Біреуі қатты ауырып жатыр екен. Ал екіншісі ауылдағы бір сыныптасына еріп Алматыға шекілдеуік сатуға кетіпті. Ал үлкен ағам мен үйден қашып кеткеннен кейін көп ұзамай жұмыс істеймін деп қалаға кетіпті де сол күйі із-түссіз жоғалыпты. Іздеу салыныпты, бірақ табылмапты. Кішкентай інілерім мектепте оқып жатыр екен, олар бұрынғы біз сияқты жазда қыш құйып күндерін көріп жатқанын естідім.

Бір қызығы, маған іздеу салмапты, ешкім іздемепті. Жүрегіме ауыр тигені осы болды. Одан соң мен де бауырларымды да, ата-анамды да іздемеймін деп шештім.

Хатымды созбалақтамайын. Содан бері арада талай жыл өтті. Мен жұмысымды ауыстырдым. Базарда сауда жасаймын. Бірақ сол күйі тұрмысқа шықпадым. Қазір жасым 42-де. Пәтер жалдап тұрамын. Сыныптастарым ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып жатыр. Ал менде бала да жоқ. Осы күйіме, балалық шағымнан бастап қиындықпен, азаппен өткен бақытсыз өміріме мен тек әке-шешемді кінәлаймын.

Жоғары білімдері жоқ, тұрмыстары нашар. Не атадан қалған мал жоқ. Жақсы жалақы ала алмайтынын біле тұра топырлатып туа бергеніне күйінемін. Ол уақытта да жүктіліктен қорғайтын дәрі-дәрмек, заттар бар еді ғой, неге сақтанбаған? Бесінші перзентті дүниеге алып келгеннен кейін тоқтату керек еді. Сонда мен де өмірге келмес едім. Егер көп балалы отбасында өспегенімде мүмкін менің басымнан мұншалықты көп қиындық өтпес пе еді деп ойлаймын. Мүмкін мен де қалаға тәнімді саудалас үшін емес, жоғары білім алу үшін келер ме едім. Жағдайымыз жақсы болғанда ағаларым да ұрлық жасап түрмеге түспес еді-ау?! Үлкен ағам өзінің сүйгенімен бас қосар еді...


Бәріне кінәлі ата-анам. Мен ол екеуін сотқа бергім келеді. Сот залында олардан мені не үшін, қандай мақсатпен өмірге әкелгенін сұрағым келеді. Мен туылғанда, мектепке барғанымда, бойжеткенімде қуана алмаса, бақытты сезінбесе, не мені қуантпаса неге өмірге алып келді екен?


«Капернаум» фильміндегі 12 жасар бала әке-шешесіне осы сұрақтарды қойды. Бірақ ата-ана жауап бере алмады. Сізге перзентіңіз осылай сұрақ қойса, басыңызды көтеріп тұрып жауап бере аласыз ба? Бала «жасамас» бұрын, осы сұрақтарға жауап беріп үйреніңіздерші, ата-аналар!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазып алған: Табиғат Қалыбек.

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

БҰҒАН уақыт пен ақша шығындау – АҚЫМАҚТЫҚ

Үйде отырған әйелдердің 2 ҚАТЕЛІГІ