Еңбектің физикалық, материалдық, психологиялық тұрғыда да пайдасы көп.
Фотолар: Шедеврум нейросеті арқылы жасалды
Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Өйткені еңбекқор балалардың 70 пайызы зиянды әдеттерге жоламайды екен және күйзелісті жеңе біледі. Еңбексүйгіш адам табысты болады. Еңбекшіл еркек мақсатшыл келеді. Еңбекқор жас ең үздік азамат болып қалыптасады.
Айта берсек, еңбектің физикалық, материалдық, психологиялық тұрғыда да пайдасы көп. Сондықтан да баланы ес білген уақытынан бастап еңбекке баулу қажет.
Баланы еңбекқор етіп өсіру үшін психологтар бірнеше тиімді тәрбие әдістерді ұсынады.
1. Үлгі көрсету
Ежелгі Қытай ойшылы Конфуций "Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйренемін" деп, не нәрсені де адамның өзіне істету – үйретудің ең тиімді әдісі екенін айтқан. Ал дана ата-бабамыз "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген.
Екеуі де 100 пайыз рас аксиома. Бала көргенін қайталайды. Сондықтан өзіңіз еңбекқор болыңыз, балаңыз да сол әдетті бойына сіңіреді.
Тәрбиені қиындатпаңыз. Жай ғана үйде бүгінгі істі ертеңге қалдырмау, тәртіппен жұмыс істеу, заттарды реттеп қою, сынған бұйымды тезарада жөндеу, қоқысты уақытылы шығару сияқты қарапайым істеріңізбен перзентіңізге үлгі болсаңыз жеткілікті.
2. Жауапкершілік беру
Баланы жастайынан жауапкершілік алуға үйретіңіз. Әр ісіне жауап беруге әдеттендіріңіз. Жастарына сай тапсырмалар беріп, оларды өз бетімен және уақытылы орындатқызыңыз.
Мысалы, ойыншықтарды жинау, бөлмесін тазалау, төсегін реттеу, киімін үтіктеу, аяқ киімін сүрту, түймесін қадау, ыдыс жуу т.б.
Мектеп жасындағы балаңызға әр күні сабақтан келген соң шұлығын жуып, жайып қою секілді жұмыстар арқылы тазалыққа дағдыландырыңыз. Жауапкершілік осындай ұсақ-түйектен басталады.
3. Жұмыстың маңыздылығын түсіндіру
Баланы кішкене күнінен еңбекке құштар қылып тәрбиелеп, адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын орайы келгенде айтып, санасына құйып отыру қажет. Психологтар балаға 9-10 жасынан бастап еңбектің құндылығын түсіндіру керек дейді. Ал еңбектің маңыздылығын ұқтыру үшін оның нәтижесін көрсетіңіз.
Бұл тұрғыда Ыбырай Алтынсариннің "Әке мен бала" әңгімесіндегі әкенің әдісін қолданыңыз. Ол еңбектің құндылығын нәтижесімен түсіндіреді. Сол сияқты сіз де мысалы, егер бала үйде көмектессе, оның нәтижесінде не өзгергенін айтып, еңбектің жемісті екенін сезіндіре біліңіз.
Мүмкіндік болса, балаңызды жұмыс орныңызға жиі апарып, қалай жұмыс істеп жатқаныңызды көрсетіңіз.
Сонымен бірге Абай атамыз жалқаулықты неліктен адамның бес дұшпанының біріне теңегенін түсіндіріңіз. "Еріншектік аздырады, еңбекқорлық оздырады" деген секілді мақал-мәтелдерді де әркез айтып отыруды да ұмытпаңыз.
4. Мақтау мен марапат
Кез келген адамды мақтау сөз ынталандырады. Әсіресе балалар еңбегін ата-анасы бағалағанын күтеді. Бала үшін ата-анасының мақтау сөзінен артық мотивация жоқ. Сондықтан да бала еңбек еткен кезде міндетті түрде оны мақтап, жұмысын бағалаңыз. Бұл ынталандырудың, еңбекке баулудың тиімді әдісі.
5. Тұрақтылық пен тәртіп
Баланы жұмысқа үйрету тұрақты тәртіп арқылы жүзеге асады. Белгілі бір уақыттарды күнделікті тапсырмаларға арнап, оның орындалуын бақылап отырыңыз. Сондай-ақ ол тәртіпке үйренгенше, қайталап айтудан жалықпаңыз.
Мысалы, мектептен балаңызды алып қайтып келе жатырсыз делік. Жол бойы оған "Қазір үйге барған соң, ең бірінші қолымызды сабындап жуамыз. Киімімізді ауыстырып, реттеп, бүктеп қоямыз. Содан соң тамақ ішеміз. Ойнаймыз да, ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды жинаймыз. Үй тапсырмасын орындаймыз. Сөмкеге ертеңгі сабақ кестесі бойынша кітаптарды саламыз" деп, тәптіштеп айту керек. Және айтқаныңызды баланың орындауын қадағалаңыз.
6. Қателіктерден сабақ алу
Үй шаруасына көмектескенде немесе өз бетінше еден жуғанда бала міндетті түрде қателік жібереді. Қателік жасаған жағдайда балаға оны түсіндіріп, қателіктен сабақ алуға үйрету қажет. Бұл еңбек етуге деген ынтасын жоғалтпай, шыдамдылықты дамытады.
Егер бала өзі бірдеңе жасап, нәтижесінде ыдысты сындырып алса немесе бір бұйымды бүлдірсе, ұрысуға асықпаңыз. Қателігін түсіндіріп, ары қарай еңбек етуіне мүмкіндік беріңіз. Бұл олардың өзіндік бастамаларын дамытып, еңбекқорлыққа баулиды. Ал егер әр қателігі үшін айқайлап ұрса берсеңіз, ол еңбектен жери бастайды.
Баланы еңбекке баулудың негізгі алты жолы осы. Өз тәжірибеңізге сүйеніп, басқа да әдіс-тәсілді қолдансаңыз артық етпейді.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Квадробика: жасөспірімді қалай қорғаймыз?