2025 жылы бала тәрбиесіндегі бұл қателіктерді реттеңіз
Көрнекілік сурет: ашық дереккөзден алынды
Ата-аналар арасында "бала кішкентай кезінде мейір-махаббатқа тойса, есейгенде оның құрбаны болмайды" деген түсінік бар. Психологтар бұл пікірді қолдайды, бірақ барлық нәрсенің шегі болуы керектігін ескертеді.
Шектен тыс өбектеу баланың дамуына теріс әсер етеді екен.
1. Өз бетімен шешім қабылдау дағдысы дамымайды
"Адамды күрес шыңдайды" деген сөз бар. Ал егер бала үшін барлығын ата-ана өзі істесе, бұндай шектен тыс қамқорлық балаға өз мәселелерін шешу мүмкіндігін бермейді. Бұл оның тәуелсіздігі мен сенімділігін төмендетеді, ал есейгенде өздігінен әрекет ету қиынға соғады.
Сонымен қатар, баланың әрекеттеріне ата-анасы үнемі араласып, оның шешімдеріне күмән келтірсе, бала өз қабілеттеріне сенімсіз болып өседі. Бұл өзін-өзі бағалауды төмендетіп, ұялшақтыққа немесе шешімсіздікке әкелуі мүмкін.
2. Жауапкершілік сезімі жоғалады
Өз бетінше әрекет ету мүмкіндігі берілмеген бала жауапкершілікті ата-анасына артып, болашақта өз міндеттерін орындаудан қашуы мүмкін. Оның тарапынан әрекет азаяды.
Ата-ана қамқорлығына үйренген бала есейгенде де соларға тәуелді болып қалуы мүмкін. Мұндай адамдар көбінесе өз бетімен шешім қабылдауға немесе өмірлік маңызды қадамдар жасауға қорқады.Тіпті қартайса да ол әке-шешесіне жалтақтап, олардан көмек, мақұлдау күтіп отырады.
3. Қарым-қатынас құруы қиындайды
Өбектелген балалар көбінесе өз құрдастарымен қарым-қатынас жасауға дағдыланбайды, себебі ата-ана барлық әлеуметтік жағдайларды өз бақылауында ұстайды. Бұл достық қарым-қатынас құруда қиындықтар туғызады.
4. Тәуелділікке бейім келеді
Бар жұмсағын аузына тосып, құласа астына көрпе боп төселіп, жыласа жұбатуға асығып бәйек болған ата-ананың баласы кейбір эмоцияларын сыртқа шығара алмай өседі. Ата-анасынан айырылғанда, мұндай бала өз эмоциясын басқара алмай қиналуы мүмкін. Өйткені оның эмоциясын әке-шешесі үнемі бақылауда ұстап, жағымсыз сезімдерді бойынан өткізіп көруге мүмкіндік бермеген.
Нақтырақ айтқанда, қиындық туғанда эмоцияға беріліп, депрессияға бейімділікті арттыруы мүмкін.
5. Тұлғалық дамуы тежеледі
Өздігінен қателіктер жасап, олардан сабақ алмаған бала жеке тұлға ретінде толықтай қалыптаса алмайды. Бұл оның өмірдегі бағытын табуын қиындатады.
6. Физикалық белсенділігі төмендейді
Ата-ана баланы шамадан тыс қорғап, оның айналасындағы микробтармен табиғи байланысын шектесе, баланың иммундық жүйесі жеткілікті түрде қалыптаспайды. Нәтижесінде, бала жиі ауырып, инфекцияларға бейім болады.
Мысал: Бала үнемі стерильді ортада болса, иммунитеті "жаттығудан" қалып қояды. Көпшілік жерлерден, дала ойындарынан немесе басқа балалармен араласудан бас тарту иммунитетті әлсіретеді.
Сонымен бірге ата-ана баласын жарақаттанудан қорқып, белсенді ойындар мен спортқа қатысуға шектеу қояды. Бұл физикалық белсенділіктің төмендеуіне, нәтижесінде семіздік, бұлшықет әлсіздігі немесе басқа да денсаулық проблемаларына әкелуі мүмкін.
Ой тұздық:
Баяғыда дана қарияға бір әйел келіп:
– Баламды өте қатты жақсы көремін, оған қолымнан келгеннің бәрін беремін. Бірақ ол менің сөзімді тыңдамайды, жалқау, ерке. Ертең менсіз қалай өмір сүреді деп уайымдаймын. Не істесем болады? - деп сұрайды.
Қария әйелді үйінің бақшасына ертіп барып:
– Мына көшетке қарашы. Егер күні-түні суарып, топырағын күнде қопсыта берсек не болады? - деп сұрайды. Әйел:
– Тамыры топыраққа бекімей құлайды, көп су шірітіп жіберетін шығар, - дейді.
Сонда қария былай дейді:
– Ағаштың тамыры тереңдеп, өздігінен күш жинауы керек. Ал тамырын жиі тексеріп, күнде суара берсең, оның табиғи өсуіне кедергі келтіресің. Балаға да дәл солай. Қажетті қамқорлық пен махаббат көрсеткен дұрыс, бірақ өздігінен үйренуіне, қателесіп, сабақ алуына мүмкіндік беру керек. Әйтпесе, сенің махаббатың оған зиян әкелуі мүмкін. Қателесуге, өз мәселелерін шешуге, өз қалауын жасап көруге мүмкіндік бер, өбектей берме.
Шешім жолдары
* Шектен тыс бақылаудан бас тарту: Баланың әрекеттеріне сенім білдіріп, өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беріңіз. Баланың жеке шекарасын құрметтеңіз. Баланың өз қалаулары, пікірлері мен шешімдері болуы қалыпты жағдай екенін түсініңіз. Оның әр әрекетін бақылау немесе шешім қабылдауға араласу қажетті емес.
* Жауапкершілікке баулу: Оған жас ерекшелігіне сай міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеңіз. Баланың жасына сай тапсырмалар беріп, оларды орындауын қадағалаңыз. Мысалы, өз бөлмесін жинау, үй тапсырмасын өздігінен орындау немесе азық-түлік тізімін жасау сияқты кішігірім істерден бастауға болады.
Сондай-ақ оған шешім қабылдау құқығын беріп, оның салдарына жауапты болуды үйретіңіз. Бұл балаңыздың өмірге дайын болуына көмектеседі.
* Қолдау көрсету: Балаға бағыт беріңіз, бірақ шешімді өзі қабылдасын. Баланың қабілеттеріне күмәнданудың орнына, оның қолынан келетініне сеніңіз. Егер сіз балаңызға сенім білдірсеңіз, ол да өзіне сенетін болады. Балаға шынайы қолдау мен сенім көрсеткенде ғана ол өз бетінше өмір сүруге және қиындықтарды жеңуге қабілетті тұлға болып өседі.
* Қателіктерден үйренуге мүмкіндік беру: Баланың қателесуіне рұқсат етіңіз, бұл оның өмірлік тәжірибесін арттырады. Оның қателесуден қорықпай әрекет етуіне жағдай жасаңыз. Бұл оның өзіне деген сенімін арттырады.
Есте ұстаңыз: Қамқор болу мен бақылаудың арасында тепе-теңдікті табу маңызды. Баланы толық еркіндікке жіберу де, шамадан тыс бақылау да дұрыс емес. Және де балаңыз сіздің жалғасыңыз емес, ол – дербес тұлға. Оның өзіндік өмірі, қызығушылықтары мен мақсаттары бар екенін ұмытпаңыз.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: