Мақсатыңызға жылдам жетуге көмектеседі: ҮШ тәсіл

0
630

2025 жылға құрған жоспарларыңызға пайдаланып көріңіз


Мақсатыңызға жылдам жетуге көмектеседі: ҮШ тәсіл

Фото: ашық дерекөздерден алынды

Жаңа жыл – өзгерістер мен жаңа бастамалар үшін керемет мүмкіндік. Адамдар көбіне осы уақытта өзін-өзі дамытуға ниеттенеді, жаңа мақсаттар қояды. Бірақ мақсаты бар адамның бәрі көздегеніне жете бермейді. Неге?

Психологтар адамның мақсатқа жетпеуінің бірнеше себептерін айтады:

  • қандай қадамдар жасау керектігін білмейді
  • жоспар мен стратегияның болмауы
  • уақытты дұрыс жоспарламау
  • тұрақты әрекеттер мен тәртіптің жоқтығы
  • кейбір арнайы дағдылар мен білімнің жетіспеуі

Мақсатқа жету үшін адам өз жоспарлары мен әрекеттерін мұқият қарап, оларды нақты бағытта реттеп, психологиялық және сыртқы қиындықтарды жеңу жолдарын іздеуі керек. Бұл орайда міндетті түрде әдіс-тәсіл көмегі қажет. Біз мақсат қою мен оған жетуге арналған тиімді 3 әдісті ұсынамыз.



1. SMART әдісі

Бұл әдіс мақсатты нақтылайды, оны өлшейтін көрсеткіштермен бекітеді, қол жеткізу мүмкіндігін ескереді, мақсаттың өзектілігін түсіндіреді және уақытша шектеулер қояды.

МЫСАЛ: SMART әдісі арқылы баспана алу мақсатын анықтайық.

Mақсат: "Мен өзіме үй сатып алу үшін алдағы екі жылда қажетті қаржыны жинап, баспаналы боламын"

S (Specific/Нақты): "Мен алдағы екі жыл ішінде Алматы қаласынан 2 бөлмелі пәтер сатып аламын"

M (Measurable/Өлшенетін): "Мен пәтер сатып алу үшін 15 миллион теңге жинап алуым керек. Әр ай сайын 625 000 теңге жинап отырамын"

A (Achievable/Қол жетімді): "Менің ай сайынғы кірісім 1 200 000 теңгені құрайды, сондықтан ай сайын 625 000 теңге жинау менің бюджетіме сәйкес келеді"

R (Relevant/Өзекті): "Пәтер сатып алу - менің қазіргі өмірім үшін маңызды мақсат, себебі мен тұрақты тұрғын үйде тұрып, қаржылық тәуелсіздікті қамтамасыз еткім келеді"

T (Time-bound/Уақытқа шектеулі): "Мен алдағы екі жыл ішінде 15 миллион теңгені жинап, пәтер сатып аламын. Осы мақсатқа 2026 жылдың желтоқсан айында жетемін".



2. GROW әдісі

Бұл әдіс төрт кезеңнен тұрады. Әр кезеңде нақты іс-әрекет жоспарлары мен бақылау критерийлері бар мотивациялық әдіс.

1. “G” (Goal) - Мақсат

2. “R” (Reality) - Ағымдағы жағдай

3. “O” (Options) - Мүмкіндіктер

4. “W” (Will) - Іс-әрекет жоспары

МЫСАЛ: GROW әдісін 15 кг салмақ тастау мақсатына қалай қолдануға болатынын нақты мысалмен түсіндірейік.

Goal (Мақсат): "Мен алдағы 6 айда 15 кг салмақ тастауды мақсат етемін"

Reality (Ағымдағы жағдай):

  1. Қазіргі уақытта менің салмағым 85 кг, бойым 170 см.
  2. Менің ағымдағы өмір салтымда көп қозғалыс жоқ.
  3. Ас мәзірімде тым көп майлы, қантты тағамдар мен тәттілер бар.
  4. Спортпен аз айналысамын, бірақ аптасына бір рет фитнеске барамын.

Options (Мүмкіндіктер):

Дұрыс тамақтану: Тамақтану жоспарын өзгертіп, көкөністер, ақуыздар мен дәнді дақылдарды көп тұтыну, қантты және майлы тағамдарды азайту.

Жаттығу жоспары: Аптасына 3-4 рет жаттығу жасап, кардиожаттығуларға (жүгіру, велотренажер) көп көңіл бөлу.

Өмір салтын өзгерту: Күн сайын кем дегенде 10 000 қадам жасау немесе серуендеуді әдетке айналдыру.

Кішігірім мақсаттар: Әр ай сайын 2-3 кг салмақ тастауды мақсат етіп, бұл жетістіктерге жеткен сайын мотивацияны арттыру.

Will (Іс-әрекет жоспары)

Келесі аптаның ішінде:

  • Тамақтану жоспарын жасаймын және апталық мәзірімді алдын ала дайындаймын.
  • Жаттығу бағдарламасын жасаймын және әр аптада кем дегенде 4 рет фитнеске барамын.
  • Күн сайын таңертең 30 минут жүгіремін және 10 000 қадам жүруді мақсат етемін.

2 айдан кейін:

  • Апталық тамақтану жоспарын қарап, жаңартып отырамын.
  • Жаттығуларды көбейтіп, қиындық деңгейін арттырамын.

6 айдан кейін:

  • 15 кг салмақ тастауды жоспарлап, осы жетістікті атап өтемін.



3. OKR әдісі

OKR (Objectives and Key Results) әдісі - мақсаттарды (Objectives) қою және сол мақсаттарға жетудің нақты нәтижелерін (Key Results) анықтау әдісі. Бұл әдіс ұйымдар мен жеке адамдардың тиімділігін арттыруға көмектеседі.

МЫСАЛ: әр адам өзінің кәсіби дамуына қатысты OKR әдісін қолдана алады.

Мақсат (Objective): "Мен өзімнің кәсіби дағдыларымды жақсартып, жаңа жұмыс орнында жетекші рөлге дайын боламын"

Негізгі нәтижелер (Key Results):

  • Алты ай ішінде үш жаңа кәсіби сертификат алу.
  • Жылдың соңына дейін команданы басқару бойынша 2 жобаны сәтті аяқтау.
  • Ай сайын кем дегенде бір кәсіби семинарға қатысу.
  • Үш ай ішінде жұмысындағы тиімділікті арттыру үшін 3 жаңа құрал немесе әдіс игеру.

Бұл OKR мысалында, адам өз мақсатына жету үшін нақты нәтижелерге (key results) қол жеткізуі керек, және бұл көрсеткіштер мақсатқа жету үшін нақты қадамдарды анықтайды. Әр нәтижені өлшеуге және бақылауға болады, бұл әдіс адамға өзінің даму барысын нақты көруге мүмкіндік береді.

Бұл әдістердің әрқайсысы жеке мақсаттарды нақтылау мен жүйелендіруге көмектеседі. Ендеше, өзіңізге тиімді әдісті таңдап, оны мақсаттарыңызға жетуде қолданып көріңіз. Міндетті түрде нәтиже болады.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз

УАЙЫМдауды ТОҚТАТА АЛМАЙ жүрсіз бе? ҮШ жолы бар

Жақсы әдетке үйрететін 2 супер әдіс