Осы нақты қадамдарды орындап, ұсынылған кітаптарды оқысаң, міндетті түрде өзгересің
Фото: ашық дереккөзден алынды
Психологтардың зерттеуінше адамның көбісі өзгерісті жаңа жылдан бастағанды жөн көреді екен. Егер сен де 2025 жылдан бастап өзгеремін деген ниетте болсаң, өзіңнің ең жақсы нұсқаң болуды ұсынамыз. Өйткені өміріңнің барлық саласындағы өзгеріс өзіңнен басталады.
1-қадам: Өзіңмен таныс
Өзіңді тану – бұл күрделі, бірақ өте маңызды қадам. Бұл қай салада дамуға қызығатыныңды, қандай қасиеттеріңді жақсартқың келетінін анықтау, өзіңді түсіну. Әлдекіммен танысқанда, оны жақсы тану үшін қандай сұрақтар қоясың? Өзіңе де сол сұрақтарды қой. Мысалы:
- Мен кіммін?
- Менің өмірдегі құндылықтарым қандай?
- Мені не қуантады, не шабыттандырады?
- Мен нені жақсы көремін және нені жек көремін?
- Менің арманым не? Қай бағытта дамығым келеді?
- Қай салада жұмыс істегім келеді?
Осы секілді сұрақтарды дәптерге жазып, әрқайсысына шынайы жауап бер. Психологиялық тесттерден өту де (MBTI тұлғалық тесті, эмоционалдық интеллект тесті (EQ), құндылықтарды анықтау шкаласы) өзіңді тануға көмектеседі. Сонымен қатар өзіңді тануға жәрдемдесетін кітаптар оқу артық етпейді.
Көмекші құрал: "Ikigai: Жапондардың ұзақ және бақытты өмір сүру құпиясы" кітабы, авторлары Гектор Гарсия, Франсеск Мираллест. Кітап сенің қызығушылығың, қабілетің және қоғамға пайдаң арқылы өмірдегі орныңды анықтауға көмектеседі.
2-қадам: Өзіңді қабылда
Өзіңнің күшті жақтарың мен әлсіз тұстарыңды жазып шық. Мықты жақтарың – сені ерекшелендіретін қасиеттер мен қабілеттер. Әлсіз тұстарың – жақсартуды қажет ететін бағыттар. Бұларды білгеннен соң қай бағытта жұмыс істеу керектігін түсінесің.
Сонымен қатар кемшіліктеріңді де анықта, ол үшін өзіңді сынап төмендетпе. Кемшіліктеріңді қабылдаған соң артықшылықтарыңды жазып, дамытуды ойла.
Есте ұста, өзіңді қабылдаған кезде ғана шынайы өзгеріс орын алады. Ал егер өзіңді дәл осы қалпыңда қабылдау қиындық тудырып жатса, көмекші ретінде мына кітаптың электронды нұсқасын интернеттен тауып оқуға кеңес береміз.
Көмекші құрал: Кэрол Двектің "Мінез-құлық психологиясы: Өсу ойы мен тұрақтылық" кітабы. Бұл кітапта Кэрол Двек адамның мінез-құлқын, дамуды және жетістікке жету үшін дұрыс ойлау стилін қалыптастыруды қарастырады.
3-қадам: Мақсат қой
Мақсатыңды нақты, анық, өлшенетін етіп жаз. Мысалы: "Келесі 3 айда 10 кітап оқып шығамын" (нақты, өлшенетін, қолжетімді, маңызды және мерзімі бар). Сондай-ақ мақсатты дұрыс қою да маңызды. Дұрыс қойылған мақсат адамның әрекеттеріне бағыт береді, мотивацияны арттырады. Мысалы:
- Дұрыс: "6 ай ішінде ағылшын тілін орта деңгейде меңгеремін".
- Қате: "Ағылшын тілін үйренгім келеді".
Түсініксіз, жалпылама мақсаттардан аулақ бол жіне неге бұл мақсат маңызды екенін анықта. Мақсатқа жету сенің өміріңе не береді? Бұл сұраққа жауап берсең, мотивацияң артады.
Мысалы: "Ағылшын үйрену арқылы жаңа жұмыс табамын немесе шетелге саяхаттай аламын", "Шетелге оқуға түсем".
Көмекші құрал: "Мақсат қоюдың құпиясы" кітабы, авторы Брайан Трейси. Кітапта автор адамдардың мақсат қоюда және оларды жүзеге асыруда жіберетін қателіктерін түсіндіріп, табысқа жетудің дәлелденген стратегияларын ұсынады.
4-қадам: Жоспарла
Мақсаттарыңды жүзеге асыру үшін нақты әрекет жоспары керек. Мақсаттарыңды қысқа, орта және ұзақ мерзімді етіп жоспарла. Содан соң күнделікті, апталық және айлық әрекеттер жоспарын жаса.
Көмекші құрал: Тимоти Ферристің "4 сағаттық жұмыс аптасы" кітабы. Бұл кітап уақытты тиімді пайдалану және жеке өмірді қалай оңтайландыру туралы керемет кеңестер береді.
5-қадам: Әрекетке көш
Жоспар қағазда немесе сөз жүзінде қалып қоймас үшін үздіксіз әрекет қажет. Иә, арман мақсатқа, ал мақсат нақты жоспарға айналғанда ғана іске асады, бірақ ең бастысы — әрекет ету. Үлкен өзгерістерге кішігірім, бірақ тұрақты қадамдармен қол жеткізесің.
Ол үшін әр күні мақсатыңды еске түсіріп, оған қадам жаса. Қалағаныңдай нұсқаң болу үшін қаламасаң да күнде әрекет жасауды тоқтатпауың керек.
Көмекші құрал: Стивен Ковидің "Жеңіске жетудің 7 дағдысы" кітабы. Бұл кітап жеке даму мен кәсіби өмірді жақсарту үшін маңызды дағдыларды ұсынады.
6-қадам: Прогресіңді бақыла
Әр апта немесе ай соңында "Не істедім? Не істемедім? Жоспарды қаншалықты орындап жатырмын?" деп есеп бер.
Өзіңнің прогресіңді бағалап, жақсы жақтарын атап өтіп, әлсіз тұстарында жұмыс жаса. Бұл сенің дамуыңды бақылауға мүмкіндік береді, ал жетістіктеріңді бағалап отыру - мотивацияңды арттырады.
Көмекші құрал: "Өзіңе сенім арт" кітабы, авторы Ричард Бах. Бұл кітап қысқа, бірақ терең ойға толы. Өзіңді, армандарыңды және ішкі әлеміңді тыңдауды үйретеді.
7-қадам: Өзіңді ынталандыр
Кішкентай жеңістерің үшін өзіңді марапатта. Бұл алға жылжуға күш береді. Мысалы: "5 кг салмақ тастаған соң жаңа киім аламын".
Қолдайтын адамдармен қоршау да мотивация береді. Әрине ол үшін кертартпа сөз айтып, кемшіліктеріңді еске түсіре беретін адамдармен байланысты үз.
Көмекші құрал: Тони Роббинстың "Ішкі алыпты ояту" кітабы. Автор мақсатқа жету үшін өзіңізді қалай баптап, ішкі күшті пайдалану керектігін үйретеді.
8-қадам: Тоқтама
Әр түрлі жағдайлар, кедергілер болатыны анық. Мұндайда «Мен не үшін бұл істі жасап жүрмін?» деп өзіңізге сұрақ қойып, жақсы нұсқаңызға жету мақсатын еске түсіріп отырыңыз.
Тұрақты әрі тоқтаусыз әрекет уақыт өте олардың үлкен нәтижеге әкелетініне сенімді болыңыз.
Көмекші құрал: Дэвид Гоггинстың "Сындыру мүмкін емес" кітабы. Автор қиындықтарды жеңіп, шексіз жігерімен мақсаттарға қалай жеткенін баяндайды. Бұл кітап сізге беріктік пен тоқтамау рухын сыйлайды.
Өзіңнің ең жақсы нұсқаң болу сенен батыл қадамды және жауапкершілікті қажет етеді. Ең бастысы — бастаудан қорықпау және шегінбеу.
(Көмекші құрал ретінде ұсынылған кітаптардың электронды нұсқасын интернеттен немесе кітап дүкендерінен таба аласыз)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз: