Балаңыз ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА дайын ба - ата-аналарға кеңес

0
7 496

"Ең бірінші" психологиялық әдісімен қашықтан оқуға дайындалу оңай.


Балаңыз ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА дайын ба - ата-аналарға кеңес

Жаңа оқу жылының басталуына 23-ақ күн қалды. Ал сіздің балаңыз қашықтан оқуға дайын ба?


Психолог мамандары адам кез келген нәрсеге дайындықты бастарда өзіне-өзі сұрақ қойып отырса, мәселе оңай шешілетінін айтады. Өйткені «Сұрақтар – бұл жауаптар» дейді олар.

Бірақ дәл қазір сізге көп сұрақ қажет емес. Себебі дайындық жүргізуге небәрі үш-ақ апта уақытыңыз бар. Сондықтан біз сұрақтарды «Ең бірінші» әдісімен қолдануды ұсынамыз. Бұл уақытыңызды да, қуатыңызды да үнемдеуге жәрдемдеседі.



Ең бірінші НЕНІ білу керек?

Ең бірінші оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан оқытылатынын, мектеп формасы қажет емес екенін білсеңіз жетеді.

«Онлайн оқу қашанға дейін жалғасады?», «2021 жылы да балам қашықтан оқи ма?» деген сұрақтармен өзіңізді де, мұғалімді де мазаламаңыз. Өйткені бұны дәл қазір ешкім білмейді.

Мемлекетті, індетті, елдегі қазіргі жағдайды кінәлап, уақытыңызды да, жүйке жасушаларын да шығындаудың қажеті жоқ. Білім жүйесі қашықтан оқыту форматына ең бірінші мұғалімдер мен оқушылардың денсаулығын қорғау үшін көшті. Ал сізге ең бірінші балаңыздың амандығы керек.


Қысқа-нұсқа: Қашықтан оқыту=амандық.



Ең бірінші НЕ керек?


Оқу жылының алғашқы тоқсанында оқушылар қашықтан оқитынын білдіңіз. Демек балаңызға жаңа киім, сөмке сатып алудың қажеті жоқ. Ең бірінші оқулық, компьютер, телефон және интернет керек.


1. Оқулық

Оқушылар қашықтан оқыса да қағаз оқулықпен қамтамасыз етіледі. Биыл оқулықтарды тасымалдауға волонтерлер де атсалысады. Балаңыздың сынып жетекшісімен байланысып, оқулықты қашан, қалай алатыныңызды анықтаңыз. Оқулықтарын түгендеңіз.


2. Компьютер

Мектеп уақытша компьютермен қамтамасыз ете ала ма, ол жаңа ма? Сұрап біліңіз. Дегенмен бір үйге бір компьютер қажет екенін түсініңіз. Қазір барлық гипермаркеттерден пайызсыз бірнеше айға бөліп төлеу арқылы компьютер де, ноутбук те сатып алуға болады. Үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, ай сайын онлайн төлей аласыз. Ұқыптап пайдаланса, ноутбук 9-10 жыл қалтқысыз қызмет етеді.


3. Интернет

Жақында оқушылар мен мұғалімдерге арналған арнайы «Білім» мобильді тарифы іске қосылады. Тариф бойынша абоненттік төлем құны – 990 теңге. Бұл тариф арқылы оқушылар білім беру ресурстарын тегін қолданады. Алайда бұл әлі пысықталуда және ол тарифтың қалай жұмыс істейтіні де белгісіз. Сондықтан үйіңізге Wi-Fi қостырсаңыз артық етпейді. Айына бір рет төлейсіз де лимитсіз күні-түні үй ішіңізбен түгел ноутбукты, смартфонды сымсыз қосып, пайдаланасыз.

Ай сайын балаларыңыздың мектепке барып-келуіне автобусқа, жолға төлейтін және тамаққа, бәлішке, суға деп беретін барлық ақшаны есептеңізші. Қанша жұмсалатын еді? Міне, сол ақшаны интернетке (Wi-Fi) төлеңіз.


4. Телефон. Бүгінгі заманның барлық баласында ұялы телефон немесе планшет бар екені анық. Балаңыздың телефон нөмірі ауысты ма, сіздікі ше? Ауысқан болса, я болмаса вацап желісіне жаңа нөмір тіркесеңіз, бұл туралы мұғалімдерге хабарлап айтыңыз.

Қысқа-нұсқа: Оқулық+телефон+ноутбук+интернет=Қашықтан оқыту.



Ең бірінші КІМГЕ керек?

«Ең бірінші бала кімге керек?», «Баланың білімі ең бірінші кімге қажет?» деп сұрақ қойып, жауап беріңіз.

«Бала – елдің ертеңі», «Бала білімді болса елге пайдасы тиеді, сондықтан оның білімі мұғалім мен мемлекетті қызықтыруы керек» дейтіндер табылар. Бірақ бұл жерде «Ең бірінші» әдісімен сұрақ қоюды ұмытпаңыз. Яғни, ең бірінші бала – ата-ананың ертеңі, баланың білімі оның өзі үшін және ата-анасы үшін қажет.

Ендеше «Мұғалімі өзі айтар, қажет болса хабарласар» деп күтіп отырмай, балаңыз қай интернет ресурстарын пайдаланатынын, қандай қосымшаларды жүктеу керектігін сұраңыз. Қажетті интернет ресурстар тізімін жазып алып, оларды қалай қолдануға болатынын үйреніңіз, балаңызға үйретіңіз. Бұл жөнінде ютуб каналында видеосабақтар көп.

Қашықтан оқуды мектепте партада отырып білім алғанмен теңестіруге болмайды. Демек баланың оқу үлгерімін қадағалап, оған көмектесіп, тапсырмаларын тексеріп, білмегенін үйретуіңіз керек. Өйткені баланың тәрбиесі мен білімі, денсаулығы ЕҢ БІРІНШІ ата-анаға керек.


Қысқа-нұсқа: Онлайн<Оффлайн; Мұғалім<Ата-ана.


Баланың өміріндегі бас ұстаз да, ең бірінші жауапты адам да – ата-ана. Олай болса, балаңыздың оқу үлгерімін қадағалау жауапкершілігін қолға алыңыз.

Психологтар жауапкершілікпен орындалған қай істің де нәтижесі жоғары болатынын айтады. Сондай-ақ кез келген істі міндетсінбей, керісінше «міндетім» деп атқарған адам үшін ауыр жеңілдеп, қиындық оңай боп, мәселе жылдам шешіледі дейді.


«Ең бірінші» деп аталатын психологиялық әдістің үш сұрағын басқа мәселелерді шешу үшін де қолданып көріңіз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ЕRNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сіз қандайсыз? (тест)


Бұл ҮШЕУін жасай берсеңіз, ЕШҚАШАН өзгермейсіз