Бұл ҚАУІПТІ кезеңнен өткендердің НЕКЕСІ ұзақ болады

0
4 062

Рамазан айынан соң үйленуді жоспарлап жүрген жастар бұны білгені жөн.


Бұл ҚАУІПТІ кезеңнен өткендердің НЕКЕСІ ұзақ болады

Статистика деректеріне сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде Рамазаннан кейінгі екі айда отбасы құрғандар көп екен. Биыл да маусым мен шілде айларында біраз шаңырақ көтерілетіні анық. Бірақ оның қаншасының некесі ұзақ болатыны белгісіз.

Бұл орайда психолог мамандар отбасылық өмірдің ең қауіпті кезеңінен өте білген ерлі-зайыптыларға қорқудың қажеті жоқ екенін айтады. Ол қандай қауіпті кезең? Қай жылдарды қамтиды?



Белгілі америкалық психотерапевт Вирджини Сатир жалпы отбасылық өмірдің қауіпті 6 кезеңі бар екенін айтады. Олар:

  • алғашқы 3-5 жыл
  • бала 6-7 жасқа толғанда
  • балалар жасөспірім шақта кезде
  • балалардың алды ержетіп (бойжетіп), басқа қалаға оқуға (әскерге т.б.) кеткен кезде орын алады.
  • ерлі-зайыптыларда климакс басталғанда
  • тұңғышы отбасы құрған кезде...

Байқасаңыз, ерлі-зайыптылар жаңа рөлдерге ие болған уақыт қауіпті кезең саналады. Вирджини Сатир мұндағы ең қауіптісі – неке құрғаннан кейінгі 3-5 жыл деп атайды. Осы дағдарыс кезеңінен өте білгендер үшін басқа отбасылық қауіпті кезеңдер жеңіл болады екен.

Психотерапевт бұны өмірге баланың келуімен байланыстырады. Оның айтуынша, өзгерген жағдайды «өзгереді» деп күтетіндер үшін бұл кезеңнің қиындығы мен қаупі көп. Сонда не істеу керек? «Бәрі бұрынғыдай болады» деген иллюзиядан арылыңыз, өзгеріске орай бейімделіңіз.

Сонымен бірге Вирджини Сатирдың мына ақыл-кеңесін жадыңызда ұстаңыз.


ҚАУІПТІ КЕЗЕҢНЕН ӨТКІЗЕТІН 6 КЕҢЕС


1-КЕҢЕС: Тұңғыш бала өмірге келгеннен бастап, бал айы аяқталады. Осы күннен бастап тәтті өмірдің дәмі кермек татып өзгереді. Олар алаңсыз, тыныш ұйқыны ұмытады. Әйел түн ұйқысын төрт бөлуді, еркек баланың жылаған дауысынан бірнеше рет оянуды қалыпты жағдай деп қабылдап, күн тәртібін, дағдыларды өзгертуі керек. Иә, жағдайды емес, өздерінің ойын, әдеттерін өзгертуі қажет.


2-КЕҢЕС: Ерлі-зайыптылар бұрынғыдай қайда барса да бірге қолтықтасып жүре алмайтынын ұққаны дұрыс. Көбіне ер-азамат достардың отырыстарына, туған күн кештеріне, ағайын-туыстың той-томалағына жалғыз барады. Ал әйел кішкентай баласына қарап үйде қалады. Осыған үйрену керек.


3-КЕҢЕС: Бұрынғыға қарағанда екеуі де ашуланшақ. Өйткені ұйқы, бірге қыдыру азаяды да, ал отбасылық шығын, ұрыс көбейеді. Есте ұстаңыз, баланың тамағы, жөргегі, ойыншығы, киімі, ауыра қалса дәрі-дәрмегі – бәрі ақша. Ал баланың бабы, күтімі – үлкен еңбек. Екеуінің де жұмысы оңай емес, сондықтан бұл кезеңде «Мен...» деп бір-біріне ешнәрсені міндет етпегені дұрыс. Бұл сөзді «Біз» деп өзгертіп, бір-бірін қолдап-қуаттап отыруы тиіс.


4-КЕҢЕС: Әйел қырық жанды болғанымен, оның қолы төртеу, бесеу емес. Оның қолы бұрынғыдай екеу-ақ, бірақ жұмысы көбейген. Екі сағат сайын емізіп, жөргегін ауыстыратын әйел үйдегі көп шаруаға үлгере алмайды. Түнімен баланы тербетіп, кейде ол күндіз ұйықтайды. Оның шашы да, қылығы, мүсіні мен мінезі де бұрынғыдай емес. Күні бойы түзде жүретін ер-азамат әйелдегі бұндай өзгерістерге түсіністікпен қарағаны абзал. «Неге ептей алмайсың?!» деп ұрысудың орнына үй шаруасында (қоқыс төгу, өз киімін үтіктеу, таңғы асын өзі дайындап ішу т.б.) көмектескені жөн-ақ.



5-КЕҢЕС: Ұзақ уақыттан бері күні бойы балаға қарап, үйде қамалып отырған әйел демалысты қалайды. Оның демалысы – баламен бірге аулада серуендеу. Сол сияқты еркек те отбасының күйбеңінен бір сәт тынығуды қалайды. Әйел күйеуінің жұмыста бөгелуін, демалыс күндері үйден «қашып кететінін», ал ер адам әйелінің үй тірлігін кейінге қалдырып, күн ұзақ тыста серуендегенін түсіністікпен қабылдауы керек.



6-КЕҢЕС: Бір-біріндегі кемшіліктерге, физикалық және психикалық әлемдеріндегі өзгерістерге көз жұма қарап, ашу кезінде айтылған артық сөздерді елемеуге тырысқан дұрыс.


Қарап отырсаңыз, қарапайым кеңестер. Бірақ оңай боп көрінген түсіністік, шыдамдылық, сабырлылық таныту, жағдайды қабылдай білу және өзгеріске қарай өзгеру қолынан келмейтін ерлі-зайыптылар да бар. Алайда некені сақтаймын деген ниеттегі адамның қолынан 6 кеңесті орындау келеді.


Есте ұстаңыз: Отбасылық өмірдің бұл қауіпті кезеңі – өтпелі. Өтпелі кезеңде бір-біріңізге қолдау көрсетіңіз. Жағдай қиындағанда бір-біріңізден қашпаңыз, жақындаңыз. Осындай отбасылық қиындықтар ерлі-зайыптыларды бір-біріне ең жақын адамдарға айналдырады.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Кешірім сұраудың ОҢАЙ әдісі

ҰБТ-да ЖОҒАРЫ БАЛЛ жинаудың ӘДІСІ бар