Дос болу үшін күнде оның қасынан табылу, онымен бірге қыдыру міндетті емес.
Доссыз адам жоқ шығар, сірә?! «Менің досым жоқ, мен ешкімге сенбеймін» деген адамның өзінде егер шынымен ойланып санамаласа, кем дегенде бір дос табылады.
Дос болу үшін күнде оның қасынан табылу, онымен бірге қыдыру міндетті емес. Оған күнде қоңырау шалып сөйлесу де достық ізгі ниет деген түсінік те көбінесе қате.
Дос басыңа іс түскенде танылады. Досыңмен анда-санда бір-ақ рет кездесіп, сөйлесуің мүмкін. Кейде тым болмағанда оның бір-ақ ауыз сөзін қажет етесің. Міне, достық қарым-қатынасқа осындай таза көңіл мен ақ ниет те жеткілікті.
9-маусым – халықаралық достар күні. Достық қарым-қатынасқа сызат түсірмеу үшін мынадай 4 ережені есте ұстағаныңыз жөн.
Иә, әйтсе де кейде сол дос-құрбының көңілін аңдамай сөйлеген бір-ақ сөзімізбен өзімізден алыстатып алып жататынымыз да бар. Нені білу керек?
Досыңызды ешқашан ренжіткіңіз келмесе, бар-жоғы 4-ақ ережені жаттап алыңыз! Бұл ереженің авторы – ағылшын заңгері Мэтью Хейл.
1-ЕРЕЖЕ: Ешқашан алдамаңыз!
Өтірік куәгер болу, жалған ақпарат тарату, жала жабу заң жүзінде жазасы үлкен қылмыстардың біріне жатады. Досыңызға бұндай қылмыс жасамаңыз. Егер, әрдайым оның қасында қуыстанбай, көзіне тіке қарай алатындай дос болуды ойласаңыз, ешқашан алдамаңыз, ол туралы өсек айтпаңыз, сырын шашпаңыз.
«Кейде ренжітпеу үшін де өтірік айтуға мәжбүр боламыз ғой» дейтін шығарсыз. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», әйтеуір бір күні өтірігіңіз ашылады. Сол кезде досыңыздың көңілінде дақ қалады мәңгі. Бұдан кейін оны сендіру қиын болады. Одан да сол сәтте, бір күн немесе екі ай ренжігені дұрыс емес пе?!
ДҰРЫСЫ, шақырудан бас тарту қажет болса, онымен бірге бара алмайтын болсаңыз немесе қарызға ақша бере алмайтыныңызды білсеңіз, өтірік сылтау іздемеңіз, шындықты айтыңыз.
2-ЕРЕЖЕ: Қате кеңес беруден аулақ болыңыз!
Ең бірінші кімге мұңыңызды айтып, кімнен кеңес сұрайсыз? Әрине, ең жақын досыңыздан! Ол да солай.
Белгілі бір мәселесі жөнінде кеңес сұрағанда, білгішсініп қате кеңес айтып адастырудан, шатастырудан аулақ болыңыз. Мысалы, заңгер болсаңыз, мәселесіне заңгерлік кеңес беріңіз. Дәрігер болсаңыз, медициналық тұрғыда мәселесін талдауға болады. Ал, өзіңіз білмейтін тақырыпқа тек өз көзқарасыңыз бен пікіріңізді білдіріп қана қойғаныңыз жөн.
Сізге сенген досыңыз мәселеден шығар жол таппай тұрғанда нұсқаған жолыңызбен жүреді. Егер, ол жол тығырыққа тірейтін болса, әрине одан достық қарым-қатынасыңыз үзілмесе де, оның сенімі сөніп, көңілі қалады. Іштей досыңызда «Мені әдейі жолдан тайдырды» деген ой туып, қате қадамы үшін өмір бойы сізді кінәлап өтуі әбден мүмкін.
ДҰРЫСЫ, «мен бұл орайда ешнәрсе айта алмаймын» деңіз. Бір-екі ай ренжиді, бірақ өмірінің соңына дейін емес. Қайсысы дұрыс?
3-ЕРЕЖЕ: Ұстамды болыңыз!
Достар арасында келіспеушілік, түсініспеушілік, пікірталас міндетті түрде орын алады. Сізге ұнаған нәрсе оған ұнамауы мүмкін. Оның өмірлік ұстанымдарымен келіспейтін сәттер де болады. Сыйлығы, жары, жалпы кейбір таңдауы сіздің көңіліңізден шықпай қалады.
Мұндайда ұстамды болыңыз. Ешқашан ауыр сөз айтпаңыз, айқайламаңыз.
ДҰРЫСЫ, досыңызбен ұрыс кезінде үндемей қалуға тырысыңыз. Сондай-ақ, қандай болса да оның таңдауын құрметтей біліңіз.
4-ЕРЕЖЕ: Кемшілігін айтпаңыз!
Әр адамда әйтеуір бір кемшілік болады. Ол – тәндегі кемістік, перзентінің, я болмаса өмірлік жардың жоқтығы, қызының жеңіл жүрісі, ұлының санасыздығы, істі болғандығы, жетімдігі, жазылмайтын ауруы т.б.
Сізде де бар кемшілік. Бұл сіздің жанды жеріңіз. Олай болса, досыңыздың «кемшілігін» ешқашан ашулы кезіңізде сөз арасына қыстыра көрмеңіз. Әзілге де қоспаңыз.
ДҰРЫСЫ, досыңызға өзіңіздің артықшылығыңызды айтып мақтан етпеңіз және оның кемшілігін көрсетіп төмендетпеңіз. Жұрт алдында да, оңашада да!
Сіз досыңызбен қарым-қатынаста осы ережелерді сақтап жүрсіз бе? Ал, өзіңіздің қандай «достық ережеңіз» бар? Комментарийге жазып қалдырыңыз.
(суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Қ. Әти,
Тағы да оқыңыз: