Сіз өкінбейтіндей өмір сүріп жатырсыз ба? Өкінбейтіндей өмір сүруді қалай түсінесіз?
фото: www.cpacareermentor.com
Интернеттегі статистикалық мәліметтерге сенсек, түрлі себептермен жер бетінде күн сайын шамамен 150 мың адам қайтыс болып жатыр екен. Бұл кімді болса да ойландырмай қоймас. Кімге қанша жас өлшеп берілгенін білмегенімізбен, бәріміз де мәңгілік емес екенімізді білеміз. Иә, сіз де білесіз, бірақ көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатын қамшының сабындай – қысқа өмірді қалай өткізіп жатырсыз?
Адамның көпшілігі көп нәрсені керісінше істейді. Іштей «иә» дегісі кеп тұрғанымен, «жоқ» дейді. Сүйіктісінің телефон соққанын қалап тұрса да, «енді хабарласпа» дейді. Өзінің емес, өзгенің дегенімен жүреді. Тіпті, өзіне ұнамайтын жұмыспен айналысады. Өмірдің бір-ақ рет берілетінін білсе де, өзін емес, басқаның жағдайын көбірек ойлап, өзгенің көңіл күйіне көп алаңдайды.
Бұл қателігін іштей білсе де, адамның көбісі өмір бойы өзін-өзі алдаумен өтеді екен. Тек өлер алдында ғана мойындап өкінеді. Сөйтеді де «Мен дұрыс өмір сүрмеппін» дейді.
Бұған австралиялық жазушы Бронни Вэрдің жазбасын дәлел етуге болады. Ол саналы ғұмырының талай жылын реанимация бөлімінде медбикелікке арнаған. Өзінің ұзақ жыл жұмысында өлім аузында жатқан пациенттермен өткен сәттерін Бронни Вэр кітап етіп жазған. Кітап «Пять заповедей для полноценной жизни» деп аталады, 27 тілге аударылып тараған.
Адам өлер сәтінде ғана шындықты мойындайды
«Адам өзінің расымен де өлетініне көзі жеткенде ғана ол шындықты мойындайды» деп жазады Бронни Вэр. Әлемге танытқан кітабын жазу үшін пациенттерге медбике бір ғана сұрақ қойыпты: «Өкінішіңіз не?»
Пациенттерінің жауаптарын саралай келе, Бронни Вэр олардың өкінішін бес топқа топтастырады.
1. «Жұмысбастылықпен достарыма, туған-туысқа уақыт арнай алмағаныма өкінем»
Ең көп адам дос-жаран мен ағайын-туыстың қуанышқа жайылған дастарханына қат-қабат жұмыстың арасынан уақыт тауып бара алмағанына өкініш білдіргендер екен. Олар ең жақын достарымен болмашыға араздасып, араласпай кеткеніне өкініпті. «Өліп бара жатса да бала кездегі достарына, бірге өскен бауырларына деген сағынышын білдірген пациент көп болды» дейді Бронни Вэр кітабында.
Ал, сіздің досыңыз көп пе? Жақын араласатыныңыз нешеу? Бір құрсақтан шыққан бауырыңыз қанша? Оларға қаншалықты уақыт пен көңіл бөліп жүрсіз? Зейнеткерлікке шыққанда бәріне уақыт бөлермін деп жүргеніңізде, тәннен жан шығар мезгіл жетіп қалмасын. Әлде, қанша жыл өмір сүретініңізді білесіз бе?
2. «Мен соншалықты көп жұмыс істегеніме өкінем»
фото: ninetrends.ru
Бұл сөзді еркектің барлығынан естігенін айтады австриялық жазушы. «Ұл-қызының кішкентай кезінде, яғни олар қажет еткен кезде жанынан табыла алмағанына өкінген ата-аналарды аядым. Ал жұмыстан қолы босаған зейнеткерлік жаста перзенттері жан-жаққа қанат қағып кеткен» дейді Бронни Вэр.
Иә, кішкентай кезде бала ата-анасының өзіне көңіл бөлгенін қаласа, ал қартайғанда ата-ана ұл-қызынан осыны қажет етеді. Біліп қойыңыз, тек қана көңіл. Олар үшін басқа ешнәрсеңіздің қажеті жоқ.
3. «Батылдығымның жетпегеніне, сезімімді айта алмағаныма өкінем»
Шынайы сезімін өмір бойы ноқталап, іште сақтағандар «Артық конфликті қаламағандықтан, мен шынында ол туралы не ойлайтынымды сол күйі айта алмай өмірден өтіп барамын», «Балаларым үшін ғана мен онымен бірге тұрдым», «Басқаны шын сүйсем де ата-анамның қалауымен үйленіп едім», «Сезімсіз отбасы құрдым» деп өкініш білдіріпті.
Расында, «Қыздың жолы – жіңішке» деп сезімін білдіре алмай «кәрі қыздар», батылдық таныта алмай сүрбойдақ жігіттер жүр. Жар төсегіне сатқындықтан сезімі сөніп қалса да «Жаман да болса аман болсын, перзенттерімнің әкесі (анасы) ғой», «Орта жаста ажырасып жатсақ, жұрттан ұят» деп, сезімсіз бір шаңырақ астында тұрып жатқан ерлі-зайыптылар қаншама?!
Сіздің ше, жұбайлық өміріңізге көңіліңіз тоқ па? Сүйгеніңізге қолыңыз жетті ме? Отбасыңыз бар ма? Батыл болыңыз!
4. «Тағы біраз жыл өмір сүру мүмкіндігі берілсе, айналамдағылар менен күткендей емес, өзіме ұнаған өмірді сүрер едім»
Жазушы медбике «Бүкіл өмірін, күш-қуатын өзіне ұнамайтын жұмысқа арнағаныма өкінгендер де аз емес. Айналасындағы адамдардың сөзінен шыға алмағанына, ата-анасына, әйеліне (күйеуіне), достарына, бастығына ұнаймын деп, әркімнің көңіл кілтін табамын деп жүргенде өмірінің қалай өтіп кеткенін аңғармай қалғандар көп» дейді.
Байқаңызшы, мұндай адамдар сіздің де айналаңызда көп-ақ. Олар өз өмірін емес, өзгенің өмірін сүріп жатқанға ұқсайды.
5. «Өзіме бақытты болуға рұқсат бермегеніме өкінем»
«Көпшілігі тек өмірінің соңында ғана бақыт – бұл таңдау екенін, өзінің және айналасындағылардың қатаң қағидасы мен ұстанымдары бақытты сезінуге кедергі болғанын түсінеді». Бұл Бронни Вэрдің сөзі. Ал, қарапайым медбикенің кітап жазуына арқау болған – бұл пәнимен қоштасып кеткендердің өкінішті сөздері.
Олар білмеді. Қалай дұрыс өмір сүруді ақтық демі қалған сәтте ғана түсінді. Ішіне толған мұңды ақтарып салғысы келсе де, сыртқа білдіргісі келмей «менде бәрі жақсы» деп өзгені де, өзін де алдап өмір кешті. Ал, бұндай алдау – бақытты болуға кедергі болды.
Ал, сіз өкінбейтіндей өмір сүріп жатырсыз ба? Өкінбейтіндей өмір сүруді қалай түсінесіз?
Жазира СМАҒҰЛОВА,