​«ЕСЕЙМЕГЕН» ата-ана деген кім?

0
3 500

14 белгісіне қарап ажыратуға болады.


​«ЕСЕЙМЕГЕН» ата-ана деген кім?

фото: ok.ru

Психологтар ата-ана болуға да дайындықпен келу керектігін айтады. Яғни, болашақта өз балаңызға жауапкершілікті жүктеп, өзіңіздің ата-аналық рөліңізді балаға таңып қоймау үшін ата-ана болуға да дайындықпен келу керек. Өзіміз байқамайтын, бірақ баланың ересек адамның рөлін алуға мәжбүр болған жағдайын білесіздер ме? Ата-аналар өз міндеттерін орындауға дайын болмаған кезде, балаға өз міндетін жүктейді. Міне, осыны «есеймеген ата-ана» десек болады. Бұл әрине, баланың психикасына әсер етеді.

Бала кезде өз ата-анасынан қажетті махаббатты, эмоциялық ресурсты ала алмаған және соның салдарынан балалық шағында қалып қойған адамды психологиялық тұрғыда, эмоционалды тұрғыда есеймеген адам деп айтамыз. Ата-анасынан эмоциялық ресурстарды ала алмаған адам өзі кейін ата-ана болғанда сол ресурстардың бәрін баласынан алуға тырысады.

Мысалы, эмоциялық тұрғыдан жетілмеген ата-аналар бір-бірімен ұрысып, ренжісіп қалса, баласы арқылы шешуге тырысады. Күйеуіне ренжіген әйел тікелей өзіне айтпай, баласы арқылы мәселені «шешеді». «Әкеңді шақыр, шайға келсін» дейді. Бала әкесіне барса, ол «шешеңнің қолынан шай ішпеймін» деуі мүмкін. Екі ересек адам өздері отырып сөйлесудің орнына балаға жауапкершілікті артып қояды. Ал бала ата-ана арасында елші болып, мәселені шешіп жүреді. Бұдан бөлек, шешесі «әкең өмірімді құртты, әкеңе төзбес едім, ажырасып кетер едім» деп немесе әкесі «сендер өмірге келіп қойдыңдар, содан кейін шешеңе шыдап жүрмін» деп жауапкершілікті балаға артады. Бұл – эмоциялық жетілмегеннің бір көрінісі. Негізі психологиялық тұрғыда есейген екі ересек адам мәселелерін өзара талқылайды немесе ақшасы мен уақытын қиып психологқа барып шешеді.

Өкінішке орай, қазақ отбасында осындай мәселелер жиі кездесіп жатады.


Эмоционалды есеймеген ата-ананың балалары қандай МӘСЕЛЕГЕ ТАП БОЛАДЫ?

Баланың өз жасына сай сіңірілуі керек эмоциялары бар. Балаға басында ата-ана жауапты, кейін ата-ана баласына жауапкершілік алуды ақырындап үйрете бастайды, еңбекке баулиды. Ал эмоциялық жетілмеген ата-ана балаларына кішкентай кезінен мойнына ауыр жауапкершілікті артады. Кейде ата-аналар «менің балам 3-4 жаста, бірақ өзінен кіші бауырларына қарайды, таңертең мені тұрғызады, барлығының киімдерін жинайды» деп мақтанып айтып жатады. Бірақ бұл 4 жастағы балаға ауыр жүк. Бұл жаста бала ойнап жүруі керек, ол ойнайтын шағында ата-ананың рөліне көшеді. Қыз балаға «сенің анаң ештеңе білмейді, талғамы жоқ, қолынан ештеңе келмейді» деп айтса, қыз бала анасының рөлін алуы мүмкін. Әкесі ішетін болса, үйдегі әкенің рөлі бірінші немесе екінші ұлға көшуі мүмкін. Әйел адам «әкеңнің еркек сиқы жоқ, үлгі алатын ештеңесі жоқ, енді үйдің тірегі сенсің» деп күйеуінің рөлін ұлына беріп жатады. Бұл балалардың психикасына өте ауыр. Ата-анасының рөлін ерте алған балалар кейін өз отбасын құруы, өз баласын тәрбиелеуі қиын болады. Мұны психологияда парентификация деп жатады. Парентификация- ата-ана мен бала рөлінің ауысып кетуі. Яғни, бала ата-ана рөлін алады, ал ата-ана балаға айналып кетеді. «Ата-аналық» (ағылшын тілінен аударғанда Parent - ата-ана) әртүрлі дәрежеде көрінуі мүмкін және салдары да ауырлық дәрежесінде әртүрлі болуы мүмкін.

Мысалы, көптеген балалар кіші іні-қарындастарына қамқорлық көрсетуге немесе ұрысып жатқан ата-аналарды татуластыруға тырысады. Кейде «ата-ана» болу тіпті пайдалы болуы мүмкін, мысалы, жауапкершілік сезімін немесе басқаларға қамқорлық жасау қабілетін дамыту. Бірақ көбінесе бұл жағдай баланың дамуына зиян келтіреді және оның салдары ересектерге әсер етеді. Сондықтан білім беруде жауапкершілік, тәртіп пен ойын мен ойын-сауық арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.

Ата-ана тәрбиесін көргендер көбінесе «ішкі баламен» психотерапевтік жұмысты қажет етеді. Оларға өмірден ләззат алу қиын болуы мүмкін және олар әрқашан қамқор ата-ананың рөлін алуға тырысады. Олардың өзін-өзі бағалауы көбінесе басқалар үшін не істеп жатқанына және олардың қаншалықты «жақсы» екеніне тікелей байланысты. Олар әдетте ойыннан немесе импровизациядан гөрі қатаң тәртіпті қалайды.

Сондықтан, ата-аналар өздерінің бойынан осындай қылықтарды байқаса, психологиясымен жұмыс істеуі керек. Сіздің де балаларыңыз есейгенде өзіңіз секілді өз жауапкершілігін баласына артып қоймасын десеңіз, ойланыңыз!

фото: dzen.ru

Өзіңіздің «есеймеген ата-ана» екендігіңізді білу үшін, бойыңыздағы МЫНА 14 белгіге назар аударыңыз:

1. Сіз үнемі жауапкершілікті сезініп өстіңіз.

2. Сіз көңіл көтеру, демалу үшін өзіңізді еркін ұстай алмайсыз. Өзіңізді босату қиын.

3. Сіз бақылауда болғанды ұнатасыз.

4. Ата-анаңыз сізді өзара ұрыс-жанжалдарына «араластырды».

5. Бала кезіңізде жасыңызға лайықты емес міндеттер жүктелді.

6. Сізді «тілалғыш» және «жауапты» деп жиі мақтайды.

7. Сіз өзіңізге ғана сене алатыныңызды сезінесіз.

8. «Бала болудың» қандай екенін шынымен сезіне алмадыңыз.

9. Ата-аналар өз міндеттерін көтере алмай, оларды сізге жүктеп қойды.

10. Сіз біреуге үнемі қамқорлық жасайсыз.

11. Сіз басқаларға қамқорлық жасауды ұнатасыз, тіпті өз қажеттіліктеріңіз үшін де.

12. Сізде эмпатия сезімі жоғары және басқалармен өте тығыз байланыс орнатуға қабілеттісіз.

13. Сіз үнемі «келісуші» рөлін аласыз.

14. Сіз әрқашан сіздің күш-жігеріңіз бен көмегіңіз жеткілікті бағаланбайтын сияқты сезінесіз.

Егер сіз осы сипаттамада өзіңізді танитын болсаңыз, ішіңіздегі «кішкентай баламен» байланыста болу сізге өте пайдалы болуы мүмкін.


ІШТЕГІ «кішкентай баламен» қалай байланыс орнатуға болады?

1. Не болып жатқанынан хабардар болыңыз

2. Сіздің тұлғаңыздың осы бөлігінің бар екенін мойындаңыз (сізге ұнаса да, ұнамаса да), оны байыппен қабылдаңыз және ол туралы көбірек білуге тырысыңыз.

3. Іштегі «кішкентай баланың» қажеттіліктерін біліңіз

4. Өзіңізді және сіздің қажеттіліктеріңізді тыңдау идеясы мүлдем ерсі болып көрінуі мүмкін. Өйткені сіз физикалық тұрғыда ересек адамсыз. «Кішкентай бала» көбінесе бізге ата-анамыз бала кезімізде бермеген нәрселерді қажет етеді.

5. Ішіңіздегі «балаға» ата-ана және дос болыңыз.

Сіздің қажеттіліктеріңіз бен тілектеріңіздің қайсысы балалық шақта орындалмағанын және қайсысы әлі де қанағаттандырылмағанын анықтаңыз. Бұл әр адамда әр түрлі болады. Кейбір адамдарға бала кезінен тәртіп жетіспеді, енді оны өз бойында тәрбиелеу маңызды. Ал кейбіреулер керісінше, тым тәртіпті болды, «тізгінді» қатты ұстады, енді олар еркін болуды үйренуі керек.


Ата-анасы ішкілікке құмар болса бала есейгенде ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛАДЫ?

Бала ата-анасының бірінің немесе екеуінің де ішкенін, олардың ұрсысын, тіпті төбелесін көреді. Оларға араша түсуі де мүмкін. Ата-анасы ішкен балалар есейгенде стрессте болады. «Ұят сезімі» көлеңке болып жанынан қалмай жүреді. Себебі ол ішкіш әкесін немесе анасын мас халінде көшеден сүйреп үйге әкелуі мүмкін. Оны ауладағылар, сыныптастары көреді, бұл жағдайдан бала әрине қатты ұялады.

Бала қанша талантты, ақылды болса да, ол өз мүмкіндігіне сенбейді. Себебі бала өзін құнсыздандыруға, абыройының төгілуіне үйреніп қалғандықтан өзіне сенуі қиын болады. Бір істі аяғына дейін жеткізе алмайды. Себебі бала кезде «бүгін әкем ішіп келе ме, дұрыс ұйықтай аламыз ба, ішіп келіп үйден қуып шыға ма екен?» деп алаңдап жүреді. Бұлай алаңдаған балада тұрақтылық болмайды.

Бұдан бөлек ата-анасы ішкен балалар тілалғыш болуы мүмкін. Әкесі яки анасы «сен тілімді алмадың, содан соң ішіп келдім» деп ішкеніне баланы айыптауы мүмкін. Осылайша өз әрекеті үшін жауапкершілікті балаға артады. Бала ата-анасы өзінің қай әрекеті үшін ішіп келетінін білмей қиналады. Одан кейін бала барлығына өзін кінәлі сезініп, кінәлі болмас үшін бар нәрсені жасауға дайын тұрады.


МӘСЕЛЕні қалай шешуге болады?

Бала кезден стресс, құнсыздандыруды көріп келген, басқалар үшін жауапкершілікті көп алған адамда бұл әрекеттер үйреншікті дағдыға айналып кетеді. Адам мәселесін шешем десе осы үйреншікті болып кеткен дағдыны өзгертуі керек. Бұл дағдыны 6 айдан 1 жылға дейін психолог маманның терапеясымен өзгертуге болады. Психологпен терапеяда өмірде көрген мәселелерді өн бойыңыздан өткізіп, жылап, ашуланып, қуанып, қызғанып, жек көріп, барлық сезімді араластырып, ара-жігін ажырата аласыз.


ЕСЕЙМЕГЕН ата-ананы ПСИХОЛОГ есейте ала ма?

Ересек адамдар психологқа барып, әрекеттерін өзгертуіне болады, бірақ бұл қиындау, себебі адам қартайған сайын психикасы қатая бастайды. Қартайған сайын адам регрессияға кетіп, бала қалпына келе бастайды. Сондықтан, арадағы дәнекер баласы болуы тиіс.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Психологиялық қысымға ТӨТЕП БЕРЕ АЛАСЫЗ БА?


ЫНЖЫҚсыз ба? Онымен күресуге болады