Ал сіз қалай өмір сүріп жатырсыз?
фото: pbs.twimg.com
Бәріміз басқадан әйтеуір бір нәрсе күтеміз. Мысалы:
- Әйелге күйеуінің назары, махаббаты
- Балаға ата-анасының мақтау сөзі
- Әке-шешеге ұл-қыздарының үмітін ақтағаны
- Ер-азаматқа әйелінің құрметі, бағынғаны
- Сатушыға сатып алушының сұранысы
- Енеге келінінің қызметі қажет. Ал сізге кімнен не қажет?
Қажеттілігі орындалмай қалса адам ашуланады, ренжиді, көңіл күйі болмайды, ұрысып керіседі т.б. Соныңда міндетсінеді: Бастық жұмысшыға «Мен саған жалақы төлеп отырмын» десе, әйел күйеуіне «Күні бойы үйді тазалап, тамақ істеп, балаға қарап отырмын. Ал сен...» деп ұрыс шығарады. Ата-ана «Төрт жыл оқуыңның ақшасын төлеп оқыттым, бүкіл өмірімді саған арнадым. Сенің жүрісің мынау» деп, баласына ренжиді. Осыдан кейін «Мақта қыз» ертегісіндегідей «Сен маған бірінші жапырақ бер, сосын сүт берем», «Сен су әкеп бер, содан кейін жапырақ берем» дегендей, бір-бірінен алым күту, «бергенін» қайтару басталады.
Мүмкін бұл өмірдің «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегенге ұқсайтын бір заңы шығар. Бірақ өмірдің «Фрейлинг» деп аталатын заңы да бар екенін көпшілік біле бермесе керек. Егер осы заңның қағидаларымен өмір сүретін болсаңыз, ренжуді, өкінішті, ашуды ұмытасыз. Жаныңыз сыртқы әлеммен үйлесім тауып, нағыз ләззатты сезінесіз. Бәрінен де ойыңыздағы орындалып, қажеттіліктеріңізге оңай қол жеткізесіз.
Рас, фрейлинг заңымен өмір сүрсеңіз, сізге жұмысты, көршіні, жан жарды, достарды өзгертудің қажеті болмайды. Өйткені сіздің оларға қарым-қатынасыңыз өзгереді. Нәтижесі ұзақ күттірмейді, таң қалдырады.
Фрейлинг заңы туралы белгілі эзотерик Вадим Зеландтың кітаптарында көп кездеседі. Вадим Зеландтың тілімен айтқанда, фрейлинг – бұл адами қарым-қатынастың трансерфинг түрі. Ал трансерфинг дегеніміз – қолыңыз жетпей жүрген қалауыңызды, алыстағы арманды, жоспарлаған мақсатты жақындататын супер техника.
Сонымен, фрейлинг заңымен өмір сүру үшін қай қағидаларды ұстану керек, қолдану қажет.
1 ҚАҒИДА
Фрейлинг заңының басты қағидасы – ешкімнен ешнәрсе күтпей жақсылық жасау. Нақтырақ айтқанда көмектің, бергеніңіздің қайтарымын күтпеу. Қол көмегі болсын, тойана, сыйлық болсын, «бұны қашан қайтарады екен», «қайтады ғой» деген ойға берілмеңіз. Тек шын көңілмен, таза ниетпен беріңіз де ұмытыңыз.
Қазақта «алаған қолым береген» деген нақыл бар. Яғни, «Ол да кезінде менің тойыма келген, бармасам ұят болады», «Талай көмегі тиіп еді, қайтаратын уақыт келді» демей, бірінші беріп үйренуіңіз керек. Бірақ сіз «Береген қолым алаған» деген түсініктен, берген соң қайтарып алуды ойлаудан арылуыңыз қажет.
Егер осы қағиданы бұлжытпай орындайтын болсаңыз, кез келген бергеніңіз сізге ала алмай жүрген заттарыңыз немесе қол жетпей жүрген қалауларыңыз (орындалып) ретінде міндетті түрде қайтады. Бұған еш күмәніңіз болмасын, өйткені бұл ғарыштың айнымас заңы.
Қайтарымын күтпей жақсылық жасауды үйренгенде ұрыс-керіс те сізден алыстайды. Өйткені сіз бұрын «Мен оның той-томалағында тіземді бүкпей жүгіріп жүргенмін, ал ол қонақ боп отырды», «Мен оның ұлы үйленгенде керемет қылып дастархан жасап барғанмын, ол болса бір орамалын ұстап келе салыпты» дейтін болсаңыз, енді санаңызда бұндай ойға орын қалмайды. Біртіндеп әлдекімге өткен ақшаңызды, көмегіңізді, еңбегіңізді пұлдауды, есептесуді доғарғаныңызды байқамай да қаласыз. Бұл өміріңізді, жаныңызды тыныш етеді. Тіпті, өсек-аяңнан, басқаны жамандау әдетінен құтыласыз.
2 ҚАҒИДА
Өзіңізбен өзіңіз болуға және басқаға да басқа адам болуға рұқсат беру. Анығырақ айтқанда, барлық адамды сол күйінде қабылдау. Әрине, ең бірінші өзіңізді де барлық кемшілік пен артықшылықтарыңызбен қоса қабылдауыңыз қажет.
Бұл қағида сұрамаған адамға ақыл айтпауға, ешкімнің жеке өміріне араласпауға, қолынан келмейтінді талап етпеуге үйретеді.
Осыларды үйренгеннен соң айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсарады. Арада жылулық туындағанын, сенім артқанын, сыйластық орнағанын және жұрттың бәрі сізге қызығушылық таныта бастағанын көп ұзамай-ақ байқайсыз. Өйткені сіз үміт, пайда, ақша, жәрдем, бақыт, алғыс, өзгеріс, ілтипат күтуді доғарасыз.
Бір таңқаларлығы, сіз жұрттан, жақын адамдарыңыздан әрнәрсені күтуді доғарғанда, соның бәрі (ақша, көмек, бақыт, алғыс, құрмет т.б.) өзі іздеп келеді.
Осы қарапайым екі қағидамен өмір сүруді бастаңызшы, фрейлинг заңын түсінесіз. Сосын бір ғаламат күштің кез келген сіз «берген» нәрсенің еселеніп өзіңізге қайтқанын көре бастайсыз. Іздегеніңіз алдыңыздан іздемей-ақ табылып, сұраған тілек-арманыңыз жылдам орындалатын болады. Бұл ақиқат, өйткені фрейлинг – өмірдің заңы.
Әрине, бұл өзіңді ұмытып, өзгелерге қызмет ет, қолыңдағыны бөліп бер деген емес. Шамаңызға қарай «бергеніңіздің» қайтарымын күтпеу ғана. Осыны дұрыс түсініңіз!
Дайындаған: Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Интеллекті жоғары адам айтпайтын 5 сөз