Бұларды сөздеріңізді байланыстыру үшін қолданбаңыз.
фото: g.foolcdn.com
Қазақта «Адамның сөзіне емес, ісіне қара» деген сөз бар. Әйтсе де психологтар адамның сөйлеген сөзіне қарап, оның интеллектін, ой-өрісін оңай аңғаруға болатынын айтады.
Егер интеллектісі жоғары адам болуды қаласаңыз, әрине өзіңізді дамыту, өзгеріс жолында жүрсеңіз, мынандай бес сөзді қолданбауға тырысыңыз. Сонда сөзді түзеу арқылы өзіңізді түзеу жылдамырақ жүзеге асады. Лажы болса сөздік қорыңыздан мүлде алып тастағаныңыз дұрыс-ақ.
«Не айтарымды да білмей отырмын»
Расында да кейде не айтарыңды білмейтін жағдайлар орын алады. Алайда ақылды адам кез келген жағдайда орынды сөз айтып, көзқарасын білдіреді немесе үндемейді.
Егер шынында да аузыңызға сөз түспесе, үндемей қоя салыңыз. «Не дейміз енді», «Не айтарымды да білмей отырмын», «Басқалардың айтқанына қосыламын» деп бір нәрсе айтқанша, бейтарап қалған жөн.
Бірақ интеллекті адамның сөзі дайын болуы керек. Ол үшін сөздік қорыңызды байытыңыз, үйде әр түрлі тақырыпқа, жағдайға өз ой-пікіріңізді айтып, әдемі сөйлеп жаттыққан дұрыс.
«Айтайын дегенім...»
фото: sun9-44.userapi.com
Байқасаңыз, көп адам осы сөзді әңгіме барысында, әсіресе бір өтінішпен біреуге барғанда жиі қолданады. Бір жаманы, «Айтайын дегенім» деп бастаған адам нақты айтарын шетке ысырып, сонау жақтан орағытып әкелгісі келеді. Сөйтеді де көп сөйлейді, алтын уақытты алады. Тыңдаушы адам іштей «Айтсайшы енді» деп отырады. Бірақ мәдениеттілік танытып, бұл сөзін сыртқа шығара алмайды.
Психологтардың айтуынша, бұл сөз тыңдаушының жүйкесіне тиеді. Қарсы алдыңызда отырған адам сіздің бірнеше рет қайталаған «айтайын дегенім» деген сөзіңізден кейін ашулана бастайды. Тіпті өтінішіңізге «жоқ» деуі әбден мүмкін.
Бұл сөзді айтпауды үйренсеңіз, бірте-бірте нақтылыққа көшесіз. «Мм», «Сол ғой», «Солай», «Шынымды айтсам» деген сөздерден де қалай құтылғаныңызды байқамай қаласыз.
«Қорқамын»
Күдікшіл, өзіне сенімсіз адамның аузынан «қорқамын» деген сөз көбірек шығады. Әрине, кейде «Балаларымның болашағынан қорқамын», «Жаңа іс бастай аламын, бірақ ол жүрмей қала ма деп қорқамын» дегенді айтып жатамыз. Бірақ басқа адамның құлағымен тыңдап көрсеңіз, бұл адамға ешнәрсе сеніп тапсыра алмайтыныңызды бірден түсінесіз.
Егер келіссөз сәтті аяқталсын десеңіз, басшылықтың сенім артқанын қаласаңыз, «қорқамын», «қорқынышты» және осымен мағыналас «мүмкін», «көреміз ғой» деген сөздерді де айтушы болмаңыз.
«Әрқашан»
фото: danceon.ru
Егер бұл сөзді көп қолданатын болсаңыз, тыңдаушының, кәсіптегі серіктесіңіздің, тіпті айналаңыздағы дос-жаранның сенімі жоғалады. Неге? Өйткені «әрқашан күн сөнбеуі» мүмкін, бірақ адамның материалдық жағдайы, көңіл күйі, энергиясы, денсаулығы әрдайым бір қалыпта болуы мүмкін емес.
Мысалы, «Мен әрқашан осындай тамаша көңіл күйде жүремін», «Мен әрдайым ерте тұрамын», «Әрқашан кеңседегі жұмысты үйге алып бармаймын» т.б. дейтін адамға сенесіз бе?
«Әрқашан» дегенді қосып сөйлегенде адамда бұл «Мен өтірік айтқанда түк те қиналмаймын» деген түсінікті қалыптастырады дейді психологтар. Осындай күдік тудырмас үшін «әрқашан» деген сөзді көп қолданудың қажеті жоқ.
«Дұрыс сияқты»
«Солай сияқты», «Дұрыс сияқты», «Дұрыс емес сияқты», жалпы сөзіңізге «сияқты» деген сөзді қосу өзіңізге сенімсіз екеніңізді аңғартады.
Мысалы, «Сіздің ұсынысыңыз дұрыс сияқты ғой», «Әлгі кісінің айтқаны сияқты...», «Меніңше де бірінші нұсқа дұрыс сияқты» дегеннен гөрі нақтысын айтып үйреніңіз. Яғни, «дұрыс» немесе «бұрыс» деңіз.
Әрине, бірден бұл сөздерді лексикаңыздан алып тастау оңай емес. Бірақ та күнде әр сөзіңізді бақылау, қадағалау арқылы ақылсыз, сенімсіз сөздерден құтыласыз. Жүріс-тұрысыңызды түзулеп жүретініңіз секілді әңгімелесу барысында сөздеріңізді де түзулеп отырыңыз. Бұл орайда ойыңызды айнаға қарап айту, сөзіңізді диктофонға жазып тыңдау жақсы көмектеседі.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Балаға неге «МЕН» деп айтуды үйрету керек?