Қай ҚАТЕЛІГІҢІЗГЕ өкінесіз?

0
2 576

Уақытты кері қайтару мүмкін болса, қай қателігіңізге жол бермес едіңіз?


Қай ҚАТЕЛІГІҢІЗГЕ өкінесіз?

Әнші-жұлдыздарға қойылатын жаттанды бір сұрақ бар, ол – «Өмірге қайта келсеңіз, осы жолды қайтадан таңдар ма едіңіз?» деген. Басылым беттеріндегі сұхбаттардан жиі оқитын, теледидардағы бағдарламалардан көп еститін осы сұрақты бүгін мен сізге қояйыншы. Уақытты кері қайтару мүмкін болса, қай қателігіңізге жол бермес едіңіз?


Бұл сұраққа жауап беру үшін әрине, өткен шағыңызға бір шолу жасап шығуыңызға тура келеді. Сіз ойлана тұрыңыз, ал мен көпке өмірлік сабақ болар, Жарқынай есімді бір қыздың өз аузынан естіген «өкінішін» айтайын.


Жарқынай жіберген қай қателігіне өкінеді?

Ол былай дейді:

- Өмірге қайта келсем ғой, шіркін, мен қайтадан бұл өмір жолымен жүрмес едім. Мен мүлде басқа адам болар едім.

Өкінемін. Әттең-ай, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» демекші, болары болып, бояуы сіңген соң ғана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұқтым.

Әжем марқұм «Жамандықтың мың аяғы бар» деп жиі айтатын. Оларды атап, «жоламаңдар» деп те отырушы еді. Әжем айтатын сол жамандықтың бірі – өзгенің ақысын жеу. Ол кезде әжемнің бұл сөзінің тереңіне бойламасам да, қазір өткеніме көз жүгірте отырып, өмірімнің астаң-кестеңін шығарған осы жамандықты жек көрем. Әп-сәтте өмірімді тозаққа айналдырған сол бір жамандық бүгінде белең алған.

Мен ауылда өскен қызбын. Нағашыларымыз қалада тұратын. Жазғы демалыстарда қалаға қыдырып келіп, жаңа оқу жылы басталарда аяғым тартпай әрең қайтатынмын ауылға. Содан жаңа жылға дейін ауылға үйрене алмай, жатырқап жүретінмін. Қалада өткен күндерімді сағынатынмын. Ауылдың мектебін, сыныптастырымды, қарабайыр тіршілікті менсінбейтінмін.

Сұлу болмасам да сүйкімді едім. Өзім қатарлы қыздармен емес, жоғары сыныптың оқушыларымен араласатынмын. Жағдайымыз нашар болса да мен байдың қыздарымен достасатынмын, басқаларға мұрын шүйіре қарайтынмын. Менің бұл қылығымды анам ұнатпайтын. «Қайдан шыққаныңды ұмытпа. Көрпеңе қарай көсіл» деп ұрсатын да. Мен шамама қарамай, тұрмысы жақсы отбасының қыздары секілді киініп, солар сияқты жүргім келетін. Қалауымды ата-анам орындамай қойса «Онда неге менің есімімді Жарқынай деп қойдыңыздар? Атыма сай жарқырап жүрмесем не үшін өмірге алып келдіңіздер?» деп шаптығып шыға келетінмін.

Әке-шешеммен жиі сөзге келіп қалатынмын. Сондайда мен «Құдай-ай, мектепті қашан бітіріп, қашан осы ауылдан кетер екенмін?!» деп күйінетінмін.

Ауылдан кетудің жолын іздедім. Әрине, бір ғана жол бар еді, ол – қалаға оқуға түсу. Ата-анамның мені ақылы оқыта алмайтынын жақсы білдім. Сондықтан да 9-сыныптан бастап зейінімді тек сабаққа қойдым. Қыдыруды сиреттім. Есесіне тест жаттап, мектеп оқулықтарын қайталап оқи бердім.

Жалпы, бастауышта жақсы оқығанмын. Жоғары сыныпқа өткен соң оқуға зауқым болмай, тек қыдырып, сауық-сайран қуып жүретінмін. Алайда анаммен бір ұрыс кезінде көп ойланып, ауылдан кетудің бір ғана амалы ретінде мен жоғары оқу орнына түсу үшін амалсыздан қайтадан сабаққа уақыт бөле бастап едім.

Әрекетке – берекет деген рас қой, мен тестен жоғары балл жинадым. Шымкенттегі сол кездегі аты дардай жоғары оқу орынының студенті атандым. Ал, енді сол жеңіп алған грантымнан айырылып қалмау үшін тағы да оқуға көп уақыт арнауға тура келді.

Мен «Есеп және аудит» мамандығы бойынша университетті қызыл дипломға аяқтадым. Бірқатар мекемелерде жұмыс істеп, тәжірибе жинадым.

Жұмыс ауыстырып, онда да бәріне үлгеріп, басшылықтың көзіне түсе білдім.

Бастапқыда көмекші боп жұмысқа орналассам, аз уақытта қызметім жоғарылады. Мен керемет маманмын деп айта алмаймын, бірақ есепке жүйрік едім және стратегиялық ойлау қабілетім жоғары екенін айтып мақтана аламын. Мен осы қабілетімді басқа мақсатта пайдаландым.

Әркімге өзіне жетпей жүрген нәрсе маңызды және сол тақырып қызық емес пе?! Мысалы, ауру адамға – денсаулық, бітіруші түлекке – студент болу, бойжеткен қызға – тұрмысқа шығу, түрмедегі адамға – бостандық... Ал, менің көксегенім – жетіспеушіліктен құтылу, баршылықта өмір сүру еді.

Несін айтайын, «Ебін тапқан екі асар» деген сөзді ұран етіп, екі жылдың ішінде қаладан үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны анамның атына жаздым. Қалған ақшаға қымбат көлік сатып алдым, оны сіңлімнің атына жазып қойдым. Міне, мен осылай екі жылдың ішінде баспаналы да, көлікті де болдым.

Бірақ, даналарымыздың «Қыста қарға жасырғаның қар ерігенде ашылар» дегені келді. Қылмысым әшкереленді. Тергеуге алындым.

Қолыма кісен салынып, уақытша тергеу изоляторына алып кетіп бара жатқанда менде соншалықты қорқыныш болған жоқ. Бар ойым – қанша жыл түрмеде отыратынымды білу ғана еді. Өйткені, қылмысымнан сытылып шыға алмайтынымды білдім. Сенесіз бе, сотқа дейін қамауда болғанымда мен кей-кейде өзіме риза болып қуанатынмын. Неге дейсіз бе? Үйді де, көлікті де өз атыма жаздырмағаныма. Менің атымда болса ол мүліктер тәркіленетін еді.

Әйткенмен, мен жазамды тас қамақта өтеуіме тура келді. Ол жерде ешкім басымнан сипаған жоқ. Ол жердегі бір күн бір жылға татиды, уақыт өтпей бір орында тұрып алғандай...

Қатты қиналғанымда талай рет өкінгенімді жасырмаймын. Сонда да мен олжа болған – үйім мен көлігімді ойлап алданатынмын.

Сот үкімімен берілген мерзімде жазамды өтедім. Осы тұста айта кетейін, түрмеден ешкім сау болып шықпайды. Туберкулез боп шыққанымды қоя беріңізші, өкпеме сары су жиналып, денсаулығымнан айырылдым.

Түрмеден шыққан соң денсаулығымды түзеу үшін сіңлімнен бұрын өзім әперген көліктің ақшасын алдым. Өкпеме жиналған сары суды алып тастау үшін екі рет операция жасалды. Бірақ, одан кейін тәуір боп кеткен жоқпын, керісінше күннен-күнге әлсіреп, жағдайым нашарлап бара жатыр.

Қазір қу сүйек боп қалғанмын. Ем алып жатырмын. Мен үшін үй де, көлік те, басқасы да қажет емес, тек ұзақ өмір сұраймын құдайдан.

Өкінішім өзегімді өртейді. Енді мені ешкім жар етіп алмайтынын білем. Жар атанып, бала сүйер шағымның түрмеде өткеніне ызам келеді. Ауруыма ем қонбай жатқанына налимын. Қаражатты аяп жатқаным жоқ, алайда денсаулығым оңалар емес.

Әжемнің «ауру патшадан дені сау құл бақытты» деген сөзінің мәнісін енді ғана түсінгендеймін. Деніңіз сау болса – жарлымын, бақытсызбын демеңіз ешқашан.

Үлкендер бекерге «Екі нәрсенің қадірін біл: уақыт пен денсаулықтың» деп айтпайды екен ғой. Уақытты кері қайтара алмайтыныма өкінем, денсаулықтың қадірін білмегеніме өз-өзіме ренжимін.

...Қанекей, өмірге қайта келсемші... Мен ешкімнің ала жібін аттамай, маңдай термен адал нәпақа тауып, барға қанағат етіп тыныш өмір сүрер едім... Әттең...


Жарқынай уақытты кері қайтарар мүмкіндік болса, уақыт пен денсаулықты қадірлеп, адам жазған ҚР заңдарына да, жазылмаған дала заңдарына да қайшы келетін іске бармай, тыныш өмір сүретінін айтады. Ол бастығының сөзіне ергеніне өкінеді. Ал, сіз ше, қай қателігіңізге қатты өкінесіз?

Пікірге «қателігіңізді» бір ауыз сөзбен болса да жазып қалдырыңыз, сонда өзгелер ондай қателіктерден бойын аулақ ұстар?!.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Әке, ішпеші...


Еркектің сабырсыздығы қайда алып барады?