Рамазан айында ренжіп жүргендерден кешірім сұраңыз.
Фото: sps-sng.ru
Рамазан айы басталғалы уатсап желісінде бауырлар, туысқандар, достар бір-біріне «Сөзіммен, ісіммен ренжіткен болсам, Алла разылығы үшін кешір» деген мағынадағы видеожазбалар жолдап жатыр. Неге?
Өйткені Рамазан – кешірім айы. Бұл айда кешірім сұрағанды кешіру және кешірім сұрау – сүннет. Сонымен бірге бұның діни тұрғыда сауабы ғана емес, психологиялық пайдасы да көп. Олай болса, мүмкіндікті пайдаланып, ұзақ уақыттан бері ренжіп жүргендерден кешірім сұраңыз.
ПАЙДАСЫ
Ораза ұстағанда ағзаңыздың біртіндеп тазарып жатқанын анық аңғарасыз. Кешірім сұрау мен кешіру де дәл солай. Аңдамай ауыр сөз айтып немесе байқамай тісіңізді батырып алып ренжіткен адамдарыңыздан кешірім сұраған сайын және оларды кешіргенде иығыңыздағы ауыр жүктің бірі түскендей жеңілдейсіз, жаныңыз тазарады, көңіліңіздегі кір жуылады, көңіліңіз өздігінен көтеріледі, өзіңізді кінәлау сезімінен арыла бастайсыз, рухыңыз азат етілгендей тынысыңыз кеңейеді...
Тізе берсек, пайдасын санауға саусағыңыз жетпейді. Ендеше, бұл айды кешірім сұрауға, кешіруге арнаңыз. Өйткені бір жылда жиналған шлактардан, токсиндерден ағза толық тазару үшін кемінде отыз күн ашығу қажет. Көңілдегі кірді, өміріңізді сәтсіздік кедергілерінен тазалау үшін де барлық реніштерді ұмыту керек-ақ.
Сонымен, өкпесі қара қазандай боп жүрген жақындарыңыздан кешірім сұрауға дайынсыз ба? Алдына барып кешірім сұрауға қиналып жүрсеңіз, Рамазан айында бұны мынандай психологиялық техникалар арқылы орындап көріңіз.
Фото: yandex.kzХАТ ЖАЗУ
Хат жазудың түрі көп. Әрине көп арасында тарап жүрген дайын видеолардың әсері де, жаныңызды тазалаудағы күші де әлсіз болатынын есте ұстаңыз.
- Кешірім мазмұны өз қолыңызбен, өз сөзіңізбен, эмоцияңызбен құрылғаны дұрыс. Яғни, кешірім хатты еш жерден көшірмей, өзіңіз жазып, жолдаңыз.
- «Кешірім сұраймын», «Кешірші» деген бір ауыз сөзден гөрі, неліктен кешірім сұрайтыныңызды анықтап жазғаныңыз абзал. Реніш тудырған оқиғаны тәптіштеп жазып, сіздің тарапыңыздан кеткен қателікті мойындай отырып, кешірім сұрасаңыз көңілде тазару процесі терең жүре бастайды дейді психологтар.
- Ол адамды шын көңілмен сіз де кешіріңіз. «Мен ешкімге ренішті емеспін» деп өзіңізді алдамаңыз. Тым болмағанда ренжігені үшін реніштісіз ғой...
- Вацаппен ренжіп жүрген адамдарға хат мәтінін жіберіңіз. Ол адамнан жауап келуі маңызды емес. Бастысы, сіз өз парызыңызды орындадыңыз. Маңыздысы осында!
Ал егер ренішті адамның телефон нөмірі сізде болмаса, немесе «Кешірім хатты» жібергеніңізбен, ол бұл қадамыңызды дұрыс түсінбейді десеңіз, онда ойша кешірім сұрау техникасын орындауға болады.
ОЙША КЕШІРІМ СҰРАУ
- Тыныш бөлмеде өзіңізге ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Көзіңізді жұмып, 2 минуттай уақыт назарыңызды тынысыңызға (ауаны қалай жұтып, қалай шығарып жатқаныңызды) аударыңыз.
- Белгілі себептерге байланысты араңызда реніш қалған, содан бері тоңтеріс боп жүрген немесе араласпай кеткен адамды ойлаңыз. Онымен үлкен бір үйдің ауласында жолыққаныңызды елестетіңіз.
- Ренжіткен немесе ренжулі досыңыз (әлде туысқаныңыз...) 4-5 жаста. Иә, оны кішкентай бала сияқты елестеткеніңіз дұрыс. Көзі жәутеңдеп, бұртиып тұрғанын «көре біліңіз». Есімін атап, «Кешірші» деңіз. Осы уақытқа дейін қателігіңізді мойындамағаныңыз үшін кешірім сұраңыз. Ол «Кешірдім» деп үш рет айтқанын елестетіңіз.
- Кептеліп тұрған жағымсыз эмоцияңызды ойша сөздермен оған айтуға да болады. Ойша онымен сөйлесуге де рұқсат. Содан кейін «Мен де сені кешірдім» деп, кешірім сұраңыз. Қоштасып, үйдің қақпасынан шығыңыз.
Бұл жаттығуды күнде бір рет қайталау керек.
Ал оқырман, бұл орайда сіз қандай психологиялық әдіс білесіз? Білетініңізбен бөлісе отырыңыз.
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
ҰБТ-да ЖОҒАРЫ БАЛЛ жинаудың ӘДІСІ бар