Хат жаздым саған, жете алмасын білсем де...

0
3 249

Жан жарыңа, өмірлік серігіңе шексіз сүйетініңді күнде қайталап айта біл! Өйткені, бүгін бар жан жарың ертең ұйқыдан тұрмай қалуы да мүмкін...


Хат жаздым саған, жете алмасын білсем де...

3-наурыз – бүкіләлемдік жазушылар күні. Жалпы, әркім өз өмірінің сценаристі, жазушысы. Дегенмен, өзгенің өмір-күнделігінен де ой түйген артық етпес.


...Санжар, қал-жағдайың қалай, көңіл-күйің жақсы ма? Осы хатты жазсам ба екен, жазбасам ба екен деп, көп ойланып барып, бір тоқтамға келіп жазып отырмын. Бәрібір сенің маған жауап қайтармайтыныңды білемін. Сонда да, осы хатты саған арнадым...

Бүгін 1-қаңтар, 2019 жылдың алғашқы күні. Кеше жаңа жылды анамның қасында қарсы алып, бүгін өзіміздің үйге келдім. Таң қалып отырған шығарсың, неге өз үйімізде жаңа жылды қарсы алмады деп. Ия, сен қасымда болған кезде, жаңа жылды міндетті түрде үйде қарсы алушы едік.

Екеуміз бірге тұрған 26 жыл ішінде әр жаңа жыл түні бірге болып, жаңа жыл таңын бірге атырушы едік. Ол тура бір айнымас заң секілді еді. Есіме түссе әлі күнге дейін күлкім келеді.

Есіңде ме, сонау бір 1990-шы жылдардағы жоқшылық кезі?! Бір жылы жаңа жылдық дастарханға қоятын асымыз да болмай қалып еді ғой. Сол кезде ары ойланып, бері ойланып, жаңа жылда бірінші рет екіге бөліндік. Балаларға бәрібір каникул, мен қызымызбен өз төркініме, ал сен екі ұлыңмен өз ата-анаңның үйіне кеткен едің сол жаңа жылда. Екеуміз де өз ата-аналарымыздың үйінде 3-4 күн жатып қайтайық дегенбіз. Мен үшін сонда жаңа жыл еш қызықсыз келгендей болды. Сен қасымда болмағаннан, төркінімдегі бар туысым көзіме еш көрінбегендей еді.

Таңертең ояна салып, ата-анама үйіме қайтуым керек деп, қайтып кеттім. Сені ата-енеміздің үйінде 3-4 күн жатып келеді деп ойласам да, өзім төркінімде бір күннен артық жата алмадым. Үйге келе салып, өз тірліктеріме кірісіп кетсем, тықырлап есік ашылып жатыр. «Бұл кім тағы, 1-қаңтар күні таң атпай біздің үйге келген кім?», - деп қарасам, сен кіріп келе жатырсың. Екеуміздің сол кезде әбден күлгеніміз есіңде ме? «Сен неге жатпадың ата-анаңның қасында?» - десем, «Ал, сен неге төркініңде жатпай тез кеп қалғансың?» - деп сен күлдің. Екеуміз де бір күнде бір-бірімізді қалай сағынып қалғанымызды айтып жеткізе алмап едік сонда.

Иә, одан бері 2000-шы жылдар өтті. 2010-шы жылдар өтті. Міне 2020-шы жылға да жақын қалдық.

Айран ба, сусын ба бір нәрсе ішейін деп тоңазытқышты ашсам, іші толы тамақ. Еттің түр-түрі тұр. Жылқының еті, қазысы, сиырдың тартырылған еті, мантыға жақсы ғой деп әкелгенмін, қойдың етінен істеген қуырдақ та тұр. Тіпті, тауықтың аяқтары да самсап тұр, піскені бар, шикісі бар, бұл тек ет қана. Жеміс-жидектің, айран-сүттің, ішер сусынның түрлерін айтпай-ақ қояйын. Бәрі бар, баяғыдай тамақ жоқ боп әрқайсысымыз өз ата-анамыздың үйіне кететін күн баяғыда өтіп кеткен.

Бәрі бар, иә, тек Сен жоқсың, Санжар. Сен жоқсың. Қазір менен таңдау жаса, ішерге асың жоқ, қалтаңда көк тиын ақшаң жоқ сол баяғы кезіңді қалайсың ба, жоқ, ас та төк тағам, қымбат киім, банкіде миллион теңге депозитің бар қазіргі кезіңді қалайсың ба десе, ойланбастан баяғы кезімді қалар едім. Әттең, бірақ бәрібір сені қайтару мүмкін емес.

Сенің қасымда жоқ болғаныңа кімді кінәлайын? Сен кеткен соң тура бір жыл сені кінәладым. «Менің бір өзімді үш балаңмен қалдырып кетуге қалай дәтің барды?» деп күнде түнде жыладым. Қалтамда бір тиын ақшам жоқ, басымда қуықтай екі бөлмелі баспана, үш баланы оқыту, жеткізуді менің бір өзіме жүктедің де, кете бардың. Артыңа қайрылмадың.

Қазір сенің жағдайыңның жақсы екендігіне сенімдімін. Қасыңда айдай сұлу хор қызы, мекенің дүниедегі ең көркем жер, жасыл желекті дала, әсем гүлмен көмкерілген, бұлбұл құстар сайраған бау-бақша...

Ал мен саған жете де алмаймын. Мені ойлайсың ба, ойламайсың ба, оны да мен білмеймін. Бірақ менің сені ойламаған, еске түсірмеген күнім жоқ. Сен кеткелі 8 жыл өтті. 8 жыл сенсіз таңым атты, 8 жыл сенсіз күнім батты. 8 жылдан бері менің сыңарым – Жалғыздық, 8 жыл менің досым – Ой, 8 жыл маған сені ұмыттыруға тырысқан – Еңбек қана болды.

Екеумізге де Алла тағаламыз көрікті аямай-ақ берген жандар едік. Сен нағыз жігіттің сұлтаны дерліктей едің, мен де көп қыздардың маған қарап бой түзейтінін, мен сияқты озат студент болғысы келетінін, мен сияқты киінгісі келетінін, мен сияқты боянып-сыланғысы келетінін, ал маған қараған жігіттің көзін ала алмай тұрып қалатындарын жақсы білетінмін.

Студент кезімізде, қыз-жігіт боп жүріп, мен сені қыздардан қызғанып, ал сен мені бөтен жігіттерден қызғанып жүріп күніміз өтетін. Сол қызғаныш сенің өмір бойғы серігіңе айналды-ау. Сол қызғаныш мені бір кездері шексіз бақытты етсе, сол қызғаныш бір кездері менің ең үлкен сорыма айналды. Бір кездері сен мені қызғанады, себебі шексіз сүйеді деп қуансам, кейін келе сол шексіз қуанышым нағыз қайғыма айналды.

Мен қызмет еттім. Сен қара жұмыс істеп қалдың. Мен сыланып, киініп, боянып қызметіме кетсем, сен жұмыс киіміңмен ауыр құрылыс жұмысына кететінсің. Жылдан-жылға өзіңді менен төмен сезіне бастадың. Ол сезімнің соңы сенің мені кешке жұмыстан масаңдау боп қарсы алатыныңмен аяқталды. Масаңдау дегенім бер жағы, келе-келе сол масаңдау қалып ес-түсін білмей ішуге айналған жоқ па?..

Бірақ мен өзгерген жоқпын. Сол сұлулығым жылдар арта еселенбесе кеміген жоқ, ал қызметім сол сұлулығыммен қоса арта түсті. Мен саған адал болдым, алайда сен маған сенбедің. Мен сені сендіре алмадым. Сенің алдыңда түнімен ақтала-ақтала мен шаршадым, ал сен менен күдіктенуден шаршамадың.

Сұлу әйелге үйленудің қаншалықты ауыр жүк екенін сен кеш түсіндің, ал басқалар бұл уақытта сені сұлу әйелі бар шексіз бақытты еркек деп ойлады, сенің орныңда болғысы келді. Бірақ маған сенен басқа ешкімнің керек емес екеніне сенбеген күйі кеттің.

Арақ ішу – ең үлкен күнә болса да, сенің іше жүріп, айналаңа жақсылық жасай жүргеніңді бәрі біледі. Айнала көршілердің бірінің үйінің төбесін тегін жабсаң, бірінің моншасын тегін соқтың, бірінің жерін тегін аударыссаң, бірінің мал қорасының қабырғасын тегін көтерістің, ал бірінің күйе-күйе боп пешін тегін тазаластың. Менен қанша рет ұрыс естісең де, қоймадың біреуге көмектесуді. Сен кеткенде сол көмектескен адамдарың менімен бірдей қайғырды, мені демеп-сүйеді. Әлі күнге сол баяғы сен көмектескен адамдар менің суымның құбыры бұзылса да, электр жарығым істемей қалса да, әйтеуір бір көмек керек бола қалса тұра жүгіреді. Жақсылықтарыңды айта-айта жүреді.

Иә, Сен кеттің менен, мені тастап кетіп қалдың, мәңгілік мекеніңе. Ол – қайтып келуі мүмкін емес жер. Мен де ол жаққа сені іздеп бара алмаймын.

Қазір сенің жағдайыңның жақсы екендігіне сенімдімін. Қасыңда айдай сұлу хор қыздары жүргеніне, мекенің дүниедегі ең көркем жер – жұмақтың төрі екендігіне, жасыл желекті дала, хош иісті әсем гүлмен көмкерілген, бұл-бұл құстар сайраған жәннаттың бау-бақшасы... Ал мен саған жете алмаймын...

Хат жаздым саған, жете алмасын білсем де. Хатым жетпесе де, елесің менің қасымда тұрып, бұл хатты оқып тұрғанына сенімдімін. Мен ұйқыда жатқанымда, мені түн қараңғылығынан да қызғанып, алыстап кете алмай жүргеніңді де білемін. Сен де біл, жаным, сен менің өмірімнің тозағысың, сен менің өмірімнің жәннатысың...


Осылай дейді «Сарыағаш-Астана» пойызында сапарлас болған келіншек. Оның күйеуіне деген сағынышы көпке ой салса екен деймін.

Жан жарыңа, өмірлік серігіңе шексіз сүйетініңді күнде қайталап айта біл, оқырман!

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)

Мерей Тұран,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз


Ата-ананың ПЕРЗЕНТІНЕ жасаған бұл көмегі – жақсылық емес, ҚАСІРЕТ (ВИДЕО)


НЕГЕ кейбір ЕРКЕКТЕР 40 жастан асса да ҮЙЛЕНБЕЙ ЖҮР?