Ата-аналарға кеңес
Фото: ЖИ
Жаңа оқу жылының басталуы ата-ана үшін қуаныш болса, бала үшін үлкен өзгерістің басталуы. Бір бала балабақшаға алғаш рет қадам басады, енді бірі мектеп формасын киіп, иығына сөмкесін асып, жаңа ортаға бет алады.
Бірақ жаңа орта, жаңа талап, жаңа адамдар, жаңа ережелер баланың болмашыға жылауына, таңертең киінуге қарсылық білдіруі немесе үйге келген соң қиғылық салуына себеп болады. Бейімделу барысындағы мұндай эмоциялық реакция кезінде балаға ұрсуға болмайды. Жалпы баланың ішкі күйіне әсер ететін мынандай сәттерде ұрысуға асықпай, алдымен қолдау көрсету қажет.
1. Ұйықтар алдында
Ұйқы алдындағы уақыт баланың тынышталып, ата-анамен эмоциялық байланысын қалпына келтіретін маңызды кезең. Сондықтан дәл осы уақытта ұрыс-керіс, қорқыту, жазалау немесе ауыр сөздер айту баланың мазасыздығын күшейтуі мүмкін. Тіпті шошып ояну, энурез сияқты дертке ұласады. Бала мазасыз күйде жатса, ұйықтауы қиындауы немесе түнгі оянулар жиілеуі мүмкін.
Мысалы: «Неге ашуландыра бересің», «Осындай қылығыңнан шаршадым!» деген секілді сөздер баланың санасында «Мен ата-анама ауыртпалықпын ба?» деген сезім қалдыруы мүмкін.
Кеңес: «Бүгін қиын күн болды ма? Қаласаң, маған айтып бер», «Қазір бәрін шешпесек те болады. Ертең бірге ойланамыз» деп айтыңыз. Әйтсе де кейде баланың ұйықтар алдындағы ең үлкен қажеттілігі ақыл емес, «Мен сені жақсы көремін, сен қауіпсіз жердесің» деген жылы сөз бен сезім.
2. Ұйқыдан оянған сәтте
Кейбір ата-ананың таңертең «Тұр!», «Түнде ерте жат дегенде тыңдамап едің...», «Тез киін!», «Мектепке кешігеміз!» деп ұрсады.
Әрине, таңертең асығыс болуы мүмкін. Бірақ баланың ұйқыдан толық оянуына уақыт қажет. Әсіресе оқу жылының алғашқы күндерінде балаға таңғы уақытты барынша болжамды және тыныш ұйымдастырған пайдалы.
Мысалы: «Қайырлы таң! Қалай ұйықтадың?», «Бүгін сен үшін маңызды күн. Асықпай дайындалайық», «Алдымен жуынып аламыз, сосын таңғы ас ішеміз» деп балаға таңертеңгі күннің ретін көңілді жылы үнмен түсіндіру көмектеседі. Бұл баланың миына «Қазір не болады?» деген белгісіздікті азайтады. Ал белгісіздік азайған сайын мазасыздық та төмендейді.
3. Жылап тұрған кезде
Бала жылап тұрғанда «Жылама!», «Не болды тағы?», «Ұят емес пе?» деп ұрысу оңай. Бірақ жылау баланың эмоцияны шығару тәсілдерінің бірі. Мұндай сәтте ұзақ түсіндіру, мораль оқу немесе жазалау көбіне нәтиже бермейді. Сондықтан алдымен эмоцияны реттеуге, кейін ғана мәселені талқылауға көшкен дұрыс.
«Мен қасыңдамын. Жылап алуыңа болады» деп, сабырға келген соң «Енді екеуіміз не болғанын бірге түсініп көрейік» деп сөйлесіңіз. Содан соң «Сен қатты ренжіп тұрсың. Бірақ бүгін мектепке барамыз. Мен саған киінуге көмектесемін» деңіз.
Баланың жылауына рұқсат беру оның кез келген талабын орындау деген сөз емес. Бұл әрі шекара, әрі қолдау.
4. Мектептен немесе балабақшадан енді келгенде
Бала үйге келгенде оның киімінің былғанғанын, аяқ киімін теріс киіп алғанын т.б. көріп ұрыса жөнелмеңіз.
Үйге келген алғашқы минуттарда оған талап қоймай, эмоциялық тұрғыдан «қайта жүктелуге» мүмкіндік берген жөн. Есіктен кірген бетте тәртіпке шақыру баланың үйдегі уақытын қысымға айналдыруы мүмкін.
Үй бала өзін қауіпсіз сезінетін орны болуы керек. Сондықтан ашуыңызды «Шаршаған шығарсың?», «Қолыңды жуып тамақ ішіп ал» деген қарапайым сөздерге ауыстырыңыз.
Әрине, бұл үйде ереже болмауы керек деген сөз емес. Бала үйге кірген кезде алдымен байланыс, содан кейін талап.
5. Үйден шығарда
Мектепке, балабақшаға, үйірмеге немесе басқа жерге кетіп бара жатқанда ата-анамен қоштасу кей бала үшін стресс. Әсіресе кішкентай балаларда ажырау мазасыздығы болады. Осындай сәтте «Егер жыласаң, сені тастап кетемін!», «Жылауға болмайды!» деп ұрсу баланың қорқынышын күшейтуі ықтимал. Оның орнына «Сен мектепке барасың, мен сені түстен кейін күтемін», «Мен міндетті түрде келемін» деген сияқты қоштасуды қысқа, жылы әрі сенімді жасаңыз.
Әрине, осы 5 жағдайда да кейде ұрысуға тура келуі мүмкін. Мұндайда баланың тұлғасын емес, әрекетін бағалап тәртіпке шақырыңыз. Мысалы, «Сен жамансың» мен «Бұл әрекет дұрыс емес» деген екі сөйлемнің бала психологиясына әсері мүлде бөлек. Дұрысы, осы бес жағдайда баланы құшақтаңыз, сонда оның мазасыздығы жылдам тарқап, адаптация стрессіз өтеді.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Баланың сау әрі зерек өсуіне көмектесетін 3 ереже
«Ниет бұрымы» техникасы армандарды орындайды


