НЕГЕ ерте тұру МАҢЫЗДЫ?

0
7 940

Өміріңізге, кәсібіңізге, денсаулығыңызға оң өзгеріс енгізгіңіз келсе, ең алдымен ерте тұруды үйреніңіз. Әдеттегіден ерте тұруға дағдылануды Рамазан айынан бастаңыз!


НЕГЕ ерте тұру МАҢЫЗДЫ?

Американдық жазушы Марк Твен «Адам үшін екі маңызды күн бар, біріншісі өмірге келген күн, екіншісі неліктен өмірге келгенін түсінген күн» дейді. Ал, сіз не үшін өмірге келгеніңізді білесіз бе? Мейлі... тым болмаса не үшін өмір сүріп жатқаныңызды білетін шығарсыз?..

Меніңше, адам бұны түсінген күннен бастап, жұмысын, отбасын, туған-туысын, біреудің өтініші мен көңілін емес, бірінші орынға өзін қоюды үйренеді. Өйткені, отбасының жағдайын жасайтын да, кәсібін жақсартатын да адамның өзі. Ағайынға жақсылық жасап, ата-анаңызға қажетті дәрі-дәрмек әперіп шипажайларға апару үшін де ең бірінші өзіңіздің денсаулығыңыз бен табысыңыз жақсы болуы керек. Ал, өзіңізге көңіл бөлуге таңғы уақыт өте ыңғайлы.


«Өзіме, денсаулығыма қарауға уақытым жоқ...», «Иә, сол жаттығуды жасасаң, дәрісіз-ақ емделесің дейді, бірақ уақыт жоқ менде», «Төрт балам бар, солардан-ақ уақытым босамайды...», «...Сұлу, сымбатты болу үшін де уақыт керек қой...», «Тіпті ойлануға уақыт жоқ сенесің бе?..» дегенді жиі естиміз әйелдерден.

Ал, ер-азаматтар спортпен айналысуға, балаларының күнделігін тексеруге не болмаса бір айдан бері гардеробтың қисайып тұрған есігін жөндеуге әйтеуір уақыт таба алмай жатады.


«Уақыт жоқ» дегенді сөзді сіз де жиі айтасыз ба? Сылтау ретінде ме, әлде шынымен уақыт таппай жүрсіз бе? Жетістікке жеткеннің қайсысы болмасын «Уақыт бар. Күнің жетпесе түніңді арна» дейді. Дегенмен, бәрі де таңғы уақыттың өнімді екенін мойындайды.

Олай болса, үлгермей жүрген шаруаларыңызға таңғы бір сағатты арнауға әдеттеніңіз. Мысалы, сіз таңеретң нешеде ұйқыдан тұрасыз? Енді бір сағат ерте тұрып, көңіл бөле алмай, уақыт жеткізе алмай жүрген істеріңізбен айналысыңыз.

Таңғы бір сағат адамның физикалық, психологиялық тұрғыда өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіруіне, тіл үйренуіне, күрделі мәселелерінің шешімін іздеуге, мақсат жоспарын құруға да өте қолайлы.

Сонымен, сіз ерте тұруды бастадыңыз делік, бұл уақытты қандай мақсатқа, неге, кімге арнамақсыз?


ӘР КҮНГІ АЛҒАШҚЫ САҒАТТЫ ӨЗІҢІЗГЕ АРНАҢЫЗ!



АҚШ-та рейтингі жоғары мотиваторлардың бірі – Хэл Элрод әр күннің алғашқы сағатын әркім өзіне арнау өте маңызды екенін айтады.

Жас кезінде жол апатына түскен Хэл Элродтың сүйектері сынып, бас-ми сүйегі мен омыртқасы қатты жарақатталады. Мүгедектер арбасына таңылған Хэл Элродтың бұл күйінің өзгеретініне дәрігерлер күмәнді еді. Бірақ та, Хэл Элродты бүгінде көпшілік жүгіру марафондарының жеңімпазы ретінде жақсы таниды...

2008 жылы Хэл үлкен қаржы дағдарысына тап болады. Қаржы проблемасы оның өзіне қол жұмсауына дейін апарады. Алайда, Хэл қиындыққа берілмеді. Ол армандарын қайтадан бастауға күш таба білді.

Бүгінде бүкіл әлемге есімі белгілі Хэл Элрод мүгедектер арбасын тастап, денсаулығын түзеуге және бизнесін қайтадан нөлден бастап құруға күш-қуатты қайдан тапты? Ол бұл күшті таңғы уақыттан тапты.

Күйреген бизнесін де, сынған сүйектерін де жылдам қалпына келтірген Хэл өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, «Магия утра» кітабын жазып шықты.

Кітапта автор таңның жетістікке жетелейтін ғажайып ғаламаты мен табысты арттыратын берекесі туралы кеңінен түсіндірген.

Ал, таңңың берекесі мен ғажайыбын, мол қуатын ұғып, түсіну үшін алдымен сіз ерте тұруға және әр күннің алғашқы бір сағатын өзіңізге арнауға үйренуіңіз керек!


АЛҒАШҚЫ 1 САҒАТ БІР КҮНДІ БАСҚАРАДЫ



Кез келген адамның өмір сүруінің сапасы – оның физикалық, рухани және психологиялық күйінің сапасына байланысты. Хэл Элрод күннің алғашқы сағатын әркім осы үшеуін дамытуға, жақсартуға арнауы қажет дейді. Осы үш бағытта бірдей дамып отырғанда ғана өміріңіздің сапасы артады екен. Басқа жолын іздеп әуреленбей-ақ қойыңыз!

Хэл таңертең бір сағатты спортқа, медитация жасауға, аффирмация айтуға, бір күндік жоспар құруға арнайды. Әркім өзінің қалауына қарай спорт түрін, медитация мен аффирмацияларды таңдауына болады. Таңғы бір сағатқа арналған рухани, физикалық және психологиялық даму жоспарын құрғаннан кейін оны үзбей 30 күн орындауыңыз керек.

Хэл «30 күннен соң таңңың ғажайыбын түсіне бастайсыз. Ал бұны түсінген адам ешқашан күн шыққанша ұйықтап жатпайтын болады» дейді.


Бірсыдырғы өміріңізді өзгерткіңіз келе ме? Ешқашан көбеймейтін жалақыңыздың, табысыңыздың өскенін қалайсыз ба? Армандарыңызға қарай қадам жасағыңыз келе ме? Онда Күннен бұрын ояныңыз және таңғы уақытты дұрыс пайдалана білуді үйреніңіз!

суреттер: ашық дереккөздерден алынды


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


"ПРЕЗИДЕНТ болуға кім ЛАЙЫҚТЫ" - Адамды танып-білуге арналған 5 сұрақ

Өмірді өзгертудің ЕҢ ЖЫЛДАМ ЖОЛЫ