​Өміріңізді жылдам өзгертетін ЕКІ ЕРЕЖЕ

0
11 029

Егер, «Қиындықтан көз ашпайтын болдым ғой», «Неге жолым болмай қойды?», «Жүйкем жұқарып кетті» дегенді жиі айтатын болсаңыз, онда сізге өмірмен... жо-жоқ, өзгемен қарым-қатынас жасау ережесін өзгерту қажет.


​Өміріңізді жылдам өзгертетін ЕКІ ЕРЕЖЕ

суреттер: ашық дереккөзден

Өмірден көргені мен түйгені мол үлкендердің айтуынша, әркім өз өмірін өзі қиындатып жүр. Егер, «Қиындықтан көз ашпайтын болдым ғой», «Неге жолым болмай қойды?», «Жүйкем жұқарып кетті» дегенді жиі айтатын болсаңыз, онда сізге өмірмен... жо-жоқ, өзгемен қарым-қатынас жасау ережесін өзгерту қажет. Қалай?

БІРІНШІ ЕРЕЖЕ

«Келесіде», «Ертең» деген сөзді сөздік қорыңыздан өшіріп тастаңыз да, «Қазір», «Бүгін» деп айтатын болыңыз. Және соған сай әрекет етіңіз.

1-мысал: Жасыңыз 30-дан асты, әлі отбасы құрмағансыз. Өмірлік серігіңізді іздеу үстіндесіз. Кез келген адаммен танысу, сөйлесу, қарым-қатынасты қиындатпаңыз. Алғашқы минуттан-ақ сөзіңіз жарасып сала беруі қажет. Бұрыннан таныс адамдардай сөйлесіп, кездесуді сол күні-ақ ұйымдастырған жөн.

Ал, егер ол кездесуге шақырса, сызылып, созылмаңыз. Келесі аптаға, келесі айға қалдырмай-ақ сол күні-ақ танысыңыз. Жасанып, жасандылық танытудың, «не сөйлеймін?», «Ол мынандай сұрақ қойса, мен былай жауап беруім керек!» деп екі-үш күн дайындалудың да қажеті жоқ.

5-7 жылдан бері хат жазысып, сөйлесіп, бірақ бір-біріңізбен әлі кездесе алмай жүрген адамдармен байланысты үзіңіз. Біліп қойыңыз, күрделі, қиын қарым-қатынасқа тек уақыты көп жұмыссыздар ғана шыдай алады. Ал, сізде уақыт көп пе?.. Соынмен қатар, сізге қуаныш сыйлай алмайтын, керісінше, жүйкеңізді тоздыратын, жылататын, ашуландыратын қарым-қатынасты да тоқтатыңыз.

Сөзіңіз жараспай жүргендермен, сізге сенімсіздік танытпағандармен де қарым-қатынасқа нүкте қоя салыңыз. Оның сенімінен шығуға, дәлелдеуге уақыт пен жүйке жасушаларын шығындап қайтесіз? Есте сақтаңыз, сіз тек некелі жарыңыздың алдында ғана есеп беріп, оның сенімінен шығуға тырысып, оған ғана дәлелдей аласыз!

2-мысал: Сымбатыңызды өзгерткіңіз келеді. Жаңа киімді де 5-6 кг салмақ тастаған соң сатып аламын деп жүрсіз. Артық салмақпен күресуге 2-3 ай ғана уақытыңыз жұмсалады ғой, неге созбалақтап жүрсіз? «Дүйсенбіден бастап», «ертеңнен бастаймын» дегенді доғарыңыз. Дәл қазір бастаңыз, сонда ғана әрекет басталады. Дәл қазірден бастамасаңыз, онда сіз биыл арықтамайсыз!

3-мысал: Отбасы құрғаныңызға 8-10 жылдай уақыт боп қалды. Бірақ әлі екі адамдық жұмсақ диванда емес, жерде жатасыздар делік. Әйтсе де, «Шіркін-ай, ерлі-зайыптыларға арналған диванда жатсақ қой» деп армандап қоясыз ғой иә?! Түсінем, үйленген кезде (тұрмысқа шыққанда) пәтер жалдап тұратын едіңіз, қазір екі бөлмелі времянка сатып алғансыз. Өз үйіңіз бар қазір. Енді неге жатын бөлмеге арналған диван сатып алуды кейінге қалдырып жүрсіз? Осы сұрақты таныс келіншектерге қойған едім, олардың жауабы мынандай болды: «Үлкен үй сатып алайық, сосын аламыз», «Үйді күрделі жөндеуден өткізейік, сосын...», «Бірден барлық жиһазды жаңаласақ деп отырмыз, ал оған қаражат жиналмай жатыр» т.б.

ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ

Ұрысты дауға ұластырмаңыз! Адам болған соң, қателеседі. Сіз де қателесесіз. Қателік, қате сөйлеу, қате іс жақын адамыңызбен, сүйіктіңізбен (жарыңызбен), көршіңізбен, әріптеспен, ұл-қызыңызбен ұрыстырады. Бұл қарым-қатынас заңдылығы! Алайда оны даурықтырып, ушықтырмау – әркімнің өз қолында.

1-мысал: «Ыдысы сылдырламайтын отбасы жоқ» дейді үлкендер. Сылдырласын, бірақ сынбасын!

Күйеуіңізбен (әйеліңізбен) араңызда ұрыс пайда бола қалды делік. Керісті керіп, ұрысты ұзақ уақытқа созсаңыз, ыдыс ғана емес, көңіл де сынады. Өзіңіз ғана емес, өзгені де жылатасыз. Әрине, керіспеңіз демеймін, бірақ жылдам келісіп, ары қарай ушықтырып жібермеңіз демекпін. Дұрысы, ұрысты бейбіт жолмен, түсіністікпен шешу.

2-мысал: Құрбыңыз ұжымдағы біреумен ренжісіп қалды. Оны келіп сізге айтты. Тыңдау – достық міндетіңіз. Дегенмен, құрбыңызды дұрыс болмаса да оны жақтағыңыз кеп отыр. Немесе құрбыңыздыкі бұрыс, ал оны ренжіткен адамдыкі дұрыс, «Енді сенікі де жөн емес қой», «Өзің кінәлісің, мойындасай кінәңді» деп айтпақшысыз ба? Тоқтаңыз! Жақтамаңыз да, даттамаңыз да. Дұрысы, бейтарап қалу. Әпкеңіз, сіңліңіз, көршіңіз, я болмаса тағы да басқа бір жақын адамыңыз өзгемен арада болған ренішін, ұрыс-керісін айтса да үнсіз қалған абзал.

3-мысал: Кезекте тұрғанда, дүкенде, базарда, жұмыс орнында немесе аулада көршілер арасында сізге қатысы жоқ дау-дамай туды. Араласпаңыз. Ұрыс кезінде ұстамдылық таныта алмайтын болсаңыз, ондай жерден жылдам кетіп қалуға тырысыңыз.

Міне, қарым-қатынас барысында бар-жоғы екі-ақ ережемен өмір сүретін болсаңыз, болмашы нәрсе күрделіленіп, қиындыққа айналмайды. Мен бұл екі ереженің нәтижелі екеніне сенемін. Сіз де сеніңіз. Олай болса, 2 ережені қолдануды дәл қазір бастаңыз. «Бүгін, «Қазір» – бірінші ереже. Ал, бірінші ереже екінші ережені соңынан өзі-ақ ертеді.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ