Өз миссияңды табудың ОҢАЙ 5 жолы

0
197

Миссия – өмірдің компасындай...


Өз миссияңды табудың ОҢАЙ 5 жолы

Фото: www.pexels.com

Бүгінгі қарбалас өмірде көп адам таңды кәсібімен қарсы алады, кешті де сонымен аяқтайды. Жұмыс істейді, табыс табады, алға жылжиды. Бірақ бір сәтте бәрі мәнсіз көрініп, өмір босқа өтіп жатқандай сезімде болады, жүректе қуаныш, шабыт жоқ...

Егер сені де осындай сезім жиі қоршаса, тоқта. “Мен не үшін осыны істеп жүрмін?”, “Мен не үшін бармын? Өмірімнің басты мағынасы неде?” деген сұрақтар қой. Бұл сұрақтарға берген жауап сенің миссияңды ашуға көмектеседі.


Миссия дегеніміз не?

- Миссия – жай ғана жұмыс емес. Ол – адамның ішкі мәнімен, жүрек қалауымен, өмірге келгендегі мақсаты мен қоғамға тигізер пайдасымен байланысты.

- Миссия – адамның өмірлік бағыты, мақсаты, не үшін өмір сүріп жатқанын, қоғамға қандай пайда тигізгісі келетінін түсінуі.


Неге миссияны табу керек?

Миссияны тапқан адамның өмірінде:

  • Әр күн мағыналы болады, босқа өтіп жатыр деген ой жоғалады. Әр қадамың мағыналы сезіледі.
  • Мотивация күшейеді. Қиындыққа мойымайсың, себебі мақсатың айқын.
  • Өзіңді табасың. Басқалардың өмірімен емес, өз бағытыңмен жүресің.
  • Жұмыста да, жеке өмірде де таңдау жасау жеңілдейді – бәрін миссияңа сай өлшейсің.


Миссияны табудың жолдары

1) Өзіңді зертте:

  • “Маған не қуаныш әкеледі?”
  • “Менің күшті жақтарым қандай?”
  • “Басқалар менен қандай көмекті жиі сұрайды?”
  • «Мен қандай іспен айналысқанда өзімді тірі сезінемін?»
  • «Мен тез үйреніп, жақсы істей алатын нәрселер қандай?»
  • «Менің көмегім кімге қажет?»
  • «Егер ақша маңызды болмаса, не істер едім?»

Осы сұрақтарды дәптерге жазып, терең ойланып, жауап бер. Жауаптарды талда.


2) Өткенді сарала

  1. Өміріңдегі 5 ерекше сәтті еске түсір. Яғни ең қуанышты, бақытты сәттеріңді еске ал. Сол кезде қандай іспен айналысып едің?
  2. Сол бақытты сәттерде қандай рөлде болдың? Не істеп жүрдің?
  3. Сол сәттерден ортақ тақырып тауып көр. Бұл – сенің табиғи миссияңның кілті болуы мүмкін.


3) Қоғамға тигізер пайдаңды тап

Жақындарыңнан кері байланыс ал. Туыс-бауыр 5 адамнан сұра: «Менің қандай қасиетімнен немесе ісімнен адамдарға пайда келіп жатыр деп ойлайсың?». Тағы 5 танысыңнан сұра: «Айналамдағы адамдар мені несімен мақтайды?»

Жиналған пікірлерді сараптап, ортақ ойды шығар. Шынайы миссия тек өзің үшін емес, өзгелерге де игілік әкелгенде толыққанды болады.

Мысал:

  • Мұғалімнің миссиясы: Балаларға білім беріп қана қоймай, болашаққа адал, ойлы азамат тәрбиелеу.
  • Дәрігердің миссиясы: Науқасқа ем жасап қана қоймай, оған сенім мен үміт сыйлау.
  • Жазушының миссиясы: Кітап жазып қана қоймай, оқырманның ойына сәуле түсіру, дұрыс бағыт беру.Алуан пікірден ортақ идея шығару арқылы өз миссияңа жақындайсың.


4. Байқап көр

«Мен қандай іспен айналысқанда уақытты ұмытып кетемін?», «Жас кезімнен бері маған ерекше ұнайтын нәрсе не?» деген сұрақтарға шынайы жауап жаза отырып, қызықтырған бір бағытты таңда. 7 күн бойы соған арнап уақыт бөл.

  • Жазып отыр: өзіңді қалай сезіндің? Қуат алдым ба, жоқ па?
  • Уақыт өте келе сенің миссияңа сәйкес келетін іс өз-өзінен ашыла бастайды.


5. Миссия формуласымен анықта

Жоғарыдағы 4 әдісте қойылған сұрақтардың жауаптарын біріктіріп, қорытып мына үлгімен жазыңыз: «Менің миссиям – (қабілетіңізді/құндылығыңызды) пайдалана отырып, (кімге) көмектесу, (қандай нәтижеге жеткізу)».

Мысал: «Менің миссиям – білімімді пайдалана отырып, жастарға дұрыс бағыт беру, олардың өз мүмкіндігін ашуына көмектесу».


Қысқа-нұсқа: Миссия – өмірдің компасындай. Оны тапқан адам қайда барарын біледі, адаспайды. Ал өміріңді миссияңмен үйлестірсең – әр күнің қуатқа, әр қадамың мәнге айналады.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Неліктен "Шүкіршілік дәптерін" бастау керек?

Ағайын арасында сақталуы тиіс 7 қағида