Өзіңізге деген СЕНІМДІ арттыратын 6 фраза

0
3 582

​Айтуды бүгіннен бастаңыз.


Өзіңізге деген СЕНІМДІ арттыратын 6 фраза

(фото: pbs.twimg.com)

Адамның өзін-өзі бағалауы, өзіне сенімділігі оның сөзінен, даусынан айқын көрінеді. Бұны айналаңыздағы таныстардың, дос-құрбының сөзінен байқап жүрген боларсыз?!

Психологтар да адам өзін өзгерту үшін ең алдымен сөзін өзгертуі керек дейді. Бұны өзгерудің ең оңай формуласы деген дұрыс шығар. Ендеше, салмақты, киімді, өмір сүру салтын емес, бірінші сөзді өзгертуден бастаңызшы. Терлеп-тепшіп жаттығу жасамайсыз, тек кейбір сөзді өзгертсеңіз, яғни қажет жерде айтып үйренсеңіз жетеді. Бірге қолданып, бірге сынап көрейік.



«Иә»

Бір қарағанда «иә» деп айту оңай болғанымен, кейбіреулер өзіне келгенде «иә» деп айта алмай қиналады. Мысалы:

1) Әлдекім «Сұлусың», «Сен мықтысың», «Әлі жап-жассың» т.б. деп комплимент айтса «Жоқ-ей, тым асыра сілтедің», «Қайдағы, қартайдық қой» деп сызылады, қысылады. Бұл өзіне сенімсіз адамның жауабы. Ал сенімді адам «иә, рақмет», «иә» деп жауап қайтарады. Өйткені ол өз бағасын біледі.

«Иә» деп айтуға дағдылану үшін өзгенің комплиментін күтіп жүрмеңіз, күнде кішкентай жетістігіңіз үшін де өзіңізді өзіңіз мақтап отырыңыз.

2) Өзін бағалайтын адам ең жақсыға өзін лайық көреді. Ұнаған затына «иә» деп өзіне рұқсат бере алады.

Өзіңізге сенімділігіңізді арттырғыңыз келсе, ескіріп жыртылайын деп тұрған халатыңызды, аулаға, үйге киетін тәпішкеңізді тастаңыз. Арзан болса да жаңасын сатып алыңыз. Жаңа зат көңіліңізді ғана емес, сенімділігіңізді де әп-сәтте көтереді. Осылай ай сайын тозған бір затты жаңалап отыруға дағдыланыңыз.

Сонымен бірге әдемі сөздерді, әдемі заттарды, жылы-жұмсақ тағамдарды тек қонаққа емес, алдымен өзіңізге арнаңыз.

3) Мүмкіндіктерге де «иә» деңіз. Бастығыңыз жаңа қызмет ұсынса «қолымнан келмейді» деп қашпаңыз. «Үйреніп алам» деп мүмкіндікті пайдаланыңыз. Жарыңыз қымбат сыйлық жасаса «Неге алдың ақшаны құртып» демеңіз, керісінше қуана қабылдаңыз. Дәл сол сияқты барлық мүмкіндіктерге «иә» деп айтуды бастаңыз.



«Жоқ»

Көп жерде ешкімнің көңілін қимай, «жоқ» дей алмайтынымыз рас. Бірақ өз мүмкіндігіңізге, жағдайыңызға қарап расымен де бара алмайтын болсаңыз, қолыңыздан келмесе немесе уақытыңыз болмаса бірден «жоқ» деп айтыңыз. Шаршап немесе ауырып, я болмаса үй шаруасына үлгере алмай жатсаңыз, онымен қалай дүкен аралайсыз, қалай қонақ шақырасыз? Себебін айтып «жоқ» деңіз.

Жалпы, өз шекарасын қорғай алатын адам өзгенің көңілін емес, өз көңілін бірінші орынға қояды. Мысалы, бір жақын адамыңыз қарызға ақша сұрады. Ақшаңыз бар боп тұрса да «жоқ» деңіз. Әрине, бұл өзгелерге, жағымсыз күй сыйлайтын, ашуландыратын жағдайларға «жоқ» деп айтуды үйрететін тәсіл.

Есте ұстаңыз, сіз қандай қарым-қатынаста болсаңыз да айналаңыздағылар өміріңіздің соңына дейін талқылайды, әңгіме қылады, өсектейді. Сондықтан ешкімнің көңіліне, сөзіне қарамай, өзіңізге ұнаған өмірді сүріңіз.



«Білмеймін»

Адам бәрін білуге міндетті емес. Адам компьютер немесе робот емес. Тіпті жетістігі көп миллиардерлердің, ғалымдардың өзі кейбір сұраққа жауап бере алмай қалады. Бұл ұят емес, «Жақсы сұрақ екен, бірақ мен білмеймін» немесе «Бұл туралы ойланбаппын» деп қысқа қайыра салыңыз. Білмегініңіз үшін өзіңізді жазғырып, бағаңызды төмендетпеңіз.

Сонымен қатар, «Сен қызметтегі адамсың ғой, мынаны орындап берші», «Мектепте үздік оқып едің ғой, баламның есебін шығарып берші», «Қалада жүрсің ғой, құжатымды реттеп берші» дегендер табылады. Бар шаруаңызды жинап қойып, білмегеніңізді білу үшін ақпарат іздеп әуреленбеңіз. «Мен оны білмеймін» деп айтудан ұялмаңыз.



«Кешіріңіз»

Өз айыбын, қателігін біліп тұрса да кешірім сұрай алмайтындар бар. Кешірім сұрағаннан кісілігіңізге зиян тимейді және кішірейіп қалмайсыз. Керісінше, бұл сіздің ішкі күйіңізді реттеп, кез келген жерде еңсеңізді көтеріп еркін, сенімді жүруге көмектеседі. Өйткені кешірім сұрағанда иығыңыздан ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп қаласыз.

Сонымен қатар даналарымыз «Қателігін мойындау да – ерлік» деп айтқан. Ал қателігін мойындау, ол үшін кешірім сұрау – батыл қадам. Батылдық сенімділікті жоғарылатады.



«Рақмет»

Өзіне сенімді адам өзгелерді (уақытын, ниетін, қызметін т.б.) бағалай біледі. Кез келген жәрдем үшін «рақмет» деп айтады. Өзгелерге «рақмет» деп айтып үйреніңіз. Бұл сөз де сіздің өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырады.



«Айтарым бар»

Өзіне сенімділікті арттырудың тағы бір жолы – өз пікіріңізді қалыптастыру. Яғни, әр жағдайға, оқиғаға, ұсынысқа өз көзқарасыңыз болуы керек. Отбасындағы, жұмыстағы мәселелерге дұрыс болсын, бұрыс болсын «Айтарым бар» деп өз ойыңызды айтыңыз. Әркімнің айтқанына бас шұлғи бермеңіз. Өз талғамыңыз, таңдауыңыз болсын.

Ұлы Абай атамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деп, әр адамның өз ой-пікірі болуы керектігін ескерткен. Көп айтса көндімен тіршілік кешпеңіз.

Байқасаңыз, әрқайсысы бір-ақ ауыз сөз. Сондықтан да айту қиын болмас. Бұл фразаларды айтқанда даусыңызды шығарып, нақты сөйлеуді ұмытпаңыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Осы КҮЙДЕ арманыңыз ЖЫЛДАМ орындалады

Тегін ЭКО-ны кімдер жасата алады?