Сіз қалай жатасыз? (тест)

0
5 665

Ұйықтағанда қай қалыпта жатасыз? Суреттен өзіңізді тауып, психологтың сізге берген мінездемесін оқыңыз.


Сіз қалай жатасыз? (тест)

Психологтар ұйықтап жатқан адамға да мінездеме бере алады десе, сенесіз бе? Алдымен сынап көріңіз. Ол үшін суреттен өзіңізді тауып, белгіленген нөмір бойынша психологтың сіз туралы не айтатынымен танысыңыз.


1) САРБАЗ

Қалып: Шалқасынан жатады. Денесі, қолдары мен аяқтары да тік.

Қандай? Ертеректе бұндай қалыпта ұйықтайтындарды «ханзада, патша болады» деп болжаған екен. Ал психологтар «Эмоциясы мен нәпсісінің патшасы, ортасының ханзадасы (ханшайымы)» деп мінездеме береді.

Ұстамды, тәртіпті. Өзін ғана емес, отбасын да тәртіпке бағындыра алады.

Салмақты, сабырлы, өзіне сенімді. Қиындықпен бетпе-бет келуден қорықпайды. Жақын адамдарының көзіне тік қарай алады, өйткені ешкімнің артынан сөз айтпайды.

Барлық адамның тілін таба алатын ашық, көпшіл. Өміріне құрған жоспары бар. Және ол жоспарында көңіл көтеру, әдемі демалу да жоқ емес.



2) АРМАНШЫЛ

Қалып: Шалқадан жатады, қолдарын басының астына жастанып немесе бір қолын басынан жоғары тастап ұйықтайды.

Қандай? Позитивті және айналасына пайдалы адам. Еңбексүйгіш. Көп армандайды, бірақ, қиялшыл емес. Өмірге көзқарасы түзу. Дос-жаран мен туған-туысқанға әрқашан көмек қолын созуға даяр. Өзіне қымбат жандар үшін күшін де, ақшасы мен уақытын да аямайды.


3) ӨКПЕЛЕГІШ

Қалып: Бір жақ қырымен, екі қолын «байлап» кеудесіне қойып ұйықтайды.

Қандай? Психологтар тек ұйықтағанда ғана емес, әңгіме барысында да қолын осылай «байлап» ұстау – «Мен бәрібір өз көзқарасымды өзгертпеймін», «келіспеймін», «қолдамаймын», «қарым-қатынасқа жабықпын» дегенді білдіреді дейді. Мұндай адамның шешім қабылдауы, келісімге келуі, көнуі, кешіруі, өз қатесін мойындауы өте қиын.

Өкпелегіш. Көбіне өзін жалғыз сезінеді, жаны жиі жаурайды. Бірақ сонда да татуласуға екінші тараптан қадам болмаса, ол солай теріс қарап жүре береді.


4) ҚҰРСАҚТАҒЫ БАЛА

Қалып: Бір жағымен (оң немесе сол жағымен), аяқ-қолын бүгіп жинап жатады. Сырттай қарағанда оның жатысы ана құрсағындағы шаранаға ұқсайды.

Қандай? Оның көңілі, жаны бала сияқты кіршіксіз. Өте сезімтал, табиғатты, жан-жануарларды, тәттіні жақсы көреді.

Тұйық. Оның жаңа ортаға үйренуіне, ашылуына біраз уақыт керек. Басына түскен мәселе мен өзіне айтылған сынды қабылдауына да уақыт қажет.

Жүрегі жылы, мейірімді. Байқампаз. Айналасындағы әр адамның көңіл күйін жүзіне қарап аңғарып, қайғысын бөлісе алады. Бірақ бұл адамның өзіне де моральдық қолдау, қорғау керек.



5) ТӘУЕКЕЛШІЛ

Қалып: Қарнын көрпешеге «төсеп», етбетінен жатады. Басын бір жаққа бұрып, бір (немесе екі) қолын жастықтың астына тығып немесе бос тастап ұйықтайды. Аяқтары жүріп бара жатқан қалыпта.

Қандай? Ашық, көңілді, әзілқой. Тәуекелшіл, басқалар жүрексінген батыл қадамдарға бара алады.

Біреуге тәуелді болғанды ұнатпайды, бірақ, өзіне тәуелді адамдарды қатаң бақылауда ұстайды. Өзін мінсіз санағандықтан болар, өзіне айтылған сынды көтере алмайды. Бірақ өзі басқаларға турасын бетке айтатын тікмінезді. Бұнысын біреу бірбеткейлікке ұқсатса, жақсы танымайтындар «дөрекі» деуі мүмкін.



6) ӨТЕ САҚ

Қалып: Шалқасынан, аяғы мен қолдарын «құлыптап» ұйықтайды.

Қандай? Ешкімге сенбейді. Біреу алдап кете ме, затымды ұрлап кете ме деп үрейде жүреді. Өте сақ. Жетістігін де, мәселелерін де жан баласына айтпай, сыр сандығында құлыптап ұстайтын әдеті бар. Осы әдеті оны көптен оқшаулап, көбіне жалғыз жүруіне себеп екенін білмейді.

Ісіне ұқыпты. Ойы тиянақты. Бірақ ол өзін «жабық» ұстау арқылы жұмыста қабілет-қарымын көрсете алмайды. Бұйырғаннан құр қалып, елеусіз жүретіні де өзгеге сенбейтіндігі мен күмәнді ойларынан.



7) ЖҰЛДЫЗ

Қалып: Оның жатысына қарасаңыз, аспандағы жұлдызға ұқсайды, қол да, аяқ та екі жақта. Еркін.

Қандай? Ол бір өзі екі адамның орнын алып жатады. Ойына, қалауларына шекара қоймағандықтан ба, көбіне армандары жылдам орындалады, табысы да көп.

Пейілі, жүрегі кең. Өмірдің берерін қабылдауға әрқашан әзір. Дос-жаранға, ағайынға құшағы ашық.

Ойын да ашық айтады. Қысылу, қымтырылу деген оған тән емес.

Көптің назарында жүреді. Көшбасшылық қасиеті басым. Ерке. Өмірдің нағыз еркесі деуге болады.



8) КҮРЕСКЕР

Қалып: Бір жақ қырымен, бір аяғын бүгіп, бір қолын жастанып жатады. Сырттай қарасаңыз, ол ұйықтап жатса да «жүріп» бара жатқанға ұқсайды.

Қандай? Әрекетшіл. Қолы, ойы, тілі де үнемі қимыл-қозғалыста. Шаршамайды. Ұйқышыл емес.

Бойында ерекше қуат бар. Күрделі мәселелерді шешіп, ірі істерді атқарып жүреді. Мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тырысады. Қолынан келмейтіні жоқ әмбебап адам.



9) ЖАҚСЫ ДОС, АДАЛ ЖАР

Қалып: Жастықты немесе көрпешені құшақтап ұйықтайды.

Қандай? Бір нәрсеге немесе бір адамға тәуелді. Айырылу, жоғалту, ажырасу ол үшін – таргедия.

Бұндай адамдар көбіне өмірін отбасына арнап, тыныш үйде отыруды таңдайды. Өзгелер сияқты тау қопарып, мол табыс тауып, көштен қалмауға тырысуға қызықпайды.

Ол үшін қарым-қатынас өте маңызды. Достық, туыстық және отбасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін бәріне көне алады.

Бұндай адамдардан ең жақсы дос, сезімге адал жар, жұмысына жан-тәнімен берілген қызметкер шығады.



10) ӘЛСІЗ

Қалып: Қарнымен, етбетінен жатады.

Қандай? Физикалық денесі мықты, шымыр болғанымен, психологиясы әлсіздеу.

Өз күшіне сенімсіз. Стреске, күйзеліске тез түседі.

Бұндай адамдардың ешкімге айтпайтын арманы, мақсаты бар. Бірақ мақсатына жету үшін оған қолдау көрсететін, қиналғанда демейтін жанашыр керек.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


НЕГЕ сізді бәрі РЕНЖІТЕ БЕРЕДІ?

"Бала сүйе алмай қаламын ба?" - ҚОРҚЫНЫШты "қуатын" ГИПНОЗдық ТӘСІЛ