УАҚЫТ жеткізе алмай жүрсіз бе? "ПОМИДОР" әдісін қолданыңыз

0
6 811

Бұл әдіспен уақытыңызды үнемдеп, жұмысыңызды өнімде ете аласыз! Сенбесеңіз дәл қазір пайдаланып көріңіз!


УАҚЫТ жеткізе алмай жүрсіз бе?

Үнемі фейсбукқа, телеграмм желісіне кіріп, вацап арқылы келген видеоларды көргіңіз кеп тұра ма? Вацаптағы «Ағайындар», «Көршілер», «Кластастар», «Группаластар», «Мектеп» т.б. осындай группалардан тынымсыз келіп жатқан смс-тер, видеолар, дыбыстық жазбалар көңіліңізді аудара бере ме?


Күні-бойы пайдалы да пайдасыз смс-терге алаңдап, жұмысыңызды уақытылы істей алмай жүрсеңіз, сізге «Помидор» әдісін ұсынамыз. Уақытыңызды үнемдеп, жұмысыңызды өнімде ете аласыз!

Бұл әдіс «Помидор» техникасы деп аталады, ал «кличкасы» «25 минут». Тайм-менеджментте осындай екі атаумен белгілі, бұл әдіс өзін-өзі мойындатқан тәсілдердің ішіндегі ең нәтижелі әрі қарапайым түрі.


Бұл техниканы кез келген саладағы маман, студент, оқушы қолдана алады. Бұл әдісті тіпті үй шаруасын атқару барысында да пайдалануға болады.



АВТОРЫ КІМ?

Тарихына қысқаша тоқтала кетейік. «Помидор» техникасы 1980 жылы пайда болған. Авторы итальяндық студент - Франческо Чирилло.

Итальядағы университеттердің бірінде оқитын Франческо Чирилло екінші курсқа өткенде үлгерімі жақсы студенттер тізімінде болады. Жазғы демалыста жалқаулыққа бой алдырып алған ол жаңа оқу жылы басталғанда әбден қиналады.

Франческо студенттік шақтың қызығы мен сабаққа бірдей уақыт бөлгенімен, қыстық сессия жақындағанда қорқа бастайды. Осы қорқыныш оның өзіне-өзі «Әр үй тапсырмасына тым болмаса бас алмай 10 минут уақыт арнай аламын ба?» деген сұрақты қойғызады. Ол асүйіндегі пішіні қызанақ іспетті сағатты қолына алып, оның таймерін 10 минутқа қояды. Басқаша ешнәрсеге алаңдамай сабақ оқуға кіріседі. Оның тәжірибесінде адам жалпы 25 минут біррнәрсеге назарын аударып одан бас алмай жұмыс істей алатынын анықтайды.

«Pomodoro» техникасы осылай пайда болып, аз уақытта студенттер арасында кеңінен тарап, бүкіләлемдік белгілі техникалардың біріне айналған.



ЕРЕЖЕ


«Помидор» техникасымен жұмыс істеуді бастардан бұрын бір күнге арналған жұмыстар, тапсырмалар тізімін жасаңыз. Тізімдегі жұмыстарды маңызына қарай бөліңіз. Көп жұмыстың ішінен біреуін анықтап алыңыз.


  • 1. Интернетті, телефонды, теледидарды да өшіріңіз. Сағат таймерін 25 минутқа қойыңыз. Ойыңызды алдыңызға тұрған жұмысқа ғана шоғырландырыңыз.

  • 2. Ешкімге, ешнәрсеге көңіл бөлместен тек жұмысыңызды істеңіз. 25 минуттан соң оятқышыңыз шырылдайды. 5 минут үзіліс жасаңыз. Телефоныңызды тексеріп, шалынған қоңырауларға жауап беріңіз. Немесе кофе, шай ішіп алыңыз.

  • 3. Тағы да оятқышты бұрап 25 минутқа қойыңыз, көңіліңізді аударатын құрылғыларды өшіріңіз де аяқталмаған жұмысыңызға бас қойып кірісіңіз.

  • 4. Осылай 4 рет оятқышты 25 минутқа қойып, әр 25 минуттан соң 5 минут үзіліс жасап демалғаннан кейін 30 минут немесе 1 сағат үлкен үзіліс жасаңыз. Міне, осы кезде ғана интернетті қосып әлеуметтік желілерді парақтап шығуға болады.



ПАЙДАСЫ

  • «Помидор» техникасы аз уақытта көп жұмыс істеуге көмектеседі.
  • Таудай боп жиналып қалған істі шетінен бөліп-бөліп орындауға жәрдемдеседі.
  • Бір жылға жоспарлаған жұмыстарыңызды біртіндеп орындау арқылы мақсатыңызды жақындатады.
  • Жұмыс процесін жылдамдатады.
  • Жұмыс өнімділігін арттырады.
  • Құлшыныс береді.
  • Біртіндеп жалқаулықты жояды.
  • Уақытты үнемді әрі тиімді пайдалануға жәрдемдеседі.
  • Бос сөз бен мағынасыз әңгімеден тыяды.
  • Бір күнде, аптаның соңында және ай аяқталғаннан кейін қаншама жұмыстың атқарылғанына таңқалдырады.
  • Әсіресе, әр күні 30 минутын спортқа, тіл үйренуге, бетіне маска жасауға, аффирмация айтуды бастауға күш таппай жүргендерге таптырмас тәсіл.
  • Қорқынышты боп көрінген жұмыстың соншалықты қиын еместігіне, кез келген жұмысты бастаса оны аяқтауға болатынына көзіңізді жеткізеді, сеніміңізді күшейтеді.


Ал артықшылығы – бұл әдісті дәл қазір бастай аласыз. Мысалы, айтыңызшы сіз қай жұмысты орындауға ерініп отырсыз? Немесе жыл басында жоспарлағаныңызбен бастай алмай жүрген жұмысыңыз қайсы? Коментарий жазып, бөлісіңіз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АУРУ мен ПРОБЛЕМАНЫ азайтатын ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИЕТА

Адамның жазу үлгісіне қарап қандай ПСИХОДИАГНОЗ қоюға болады?