Бұны ата-ана үнемі айтып отыруы тиіс
фото: ашық дереккөзден алынды
Біреудің ұлы студент атанса, біреудің қызы бірінші курсты аяқтады. 3-курсқа өтіп, студенттік өмірде әжептеуір тәжірибе жинағаны да көп. Бәрі де алаңсыз демалуда. Ал ата-ана екі айдан соң перзентін кімнің үйіне жайғастыратынын ойша іздеп әуре.
Әрине, бүгінде барлық жоғары оқу орнының жатақханасы бар. Бағасы арзан, кереуеті, сабаққа дайындалатын, жуынатын, ас әзірлейтін бөлмесі бар. Оқу орнына жақын маңда жалдамалы пәтер де көп. Қаладағы ағайынның мазасын қашырғаннан осы екі нұсқа дұрыс. Біреудің қас-қабағына қарап қысылып қымтырылғаннан студент те өз қатарластарымен бірге тұрғанды қалайтыны анық. Оның үстіне тобындағы немесе мектепте бірге оқыған дос-құрбыларымен бірге тұру студенттік өмірге тез бейімдейді. Десек те ағайын-туысқанның үйінен баласына орын іздейтін ата-ана жетерлік. Әрине, оның да өз себебі бар шығар?! Алайда туыстың, бауырыңыздың үйінде жүретін ұл-қызға мынандай ақылды айтуға міндеттісіз.
1-ақыл: Рұқсат сұрау керек!
Қызым, ол менің туған бауырымның үйі болса да, сен не нәрседе де үй егелерінен рұқсат сұрауың керек. Мысалы бастапқыда:
- Кір жуарда "Кір жуатын машинаға киімдерімді жуып алсам бола ма?" деп сұра;
- Шомыларда "жуынып алсам бола ма?"
- Үтікті пайдалансам бола ма?
- Ертең емтихан еді, түнде екі-үш сағат асүйде дайындалсам бола ма?
- Шаш кептіргішті пайдалансам бола ма?
Бірінші рет қолданарда осылай рұқсат сұрағаның дұрыс. Сонымен қатар рұқсатсыз ол үйге ешкімді ертіп барма.
2-ақыл: Біреудің затын қолданба!
Мейлі, ол үйдің жуынатын бөлмесінде 4-5 сусабын тұрса да сен өзіңдікін қолдан. Өз жеке тіс пастаң, сабының болсын. Біреудің жеке гигиеналық заттарын, иіссуын қолданушы болма. Сонда олар сені ауырсынбайды.
Иә, кейде кірпігіңді, көзіңді бөлеңнің заттарымен бояғың келер, отырысқа жеңешеңнің көйлегін киюді қаларсың, міндетті түрде 1-ақылды есіңе ал, яғни рұқсат сұра.
3-ақыл: Үй тірлігіне көмектес!
Қазақ "Қонақжайлылықтың мерзімі үш күн" десе, еврей халқында "Балық пен қонақтың иісі үш күннен соң шыға бастайды" деген сөз бар. Үш күн сені төрге шығарып күтер, бірақ ары қарай сен ол үйде қонақ емессің.
Күні бойы сабақта, кітапханада боларсың, ал кешке үстелдің үстін жина, ыдыс жу, қоқыс төк. Сол үйде тұрып жатқан соң әйтеуір бір пайдаң тиюі керек. Сонда ғана үй иелері сенің жүргеніңді артық көрмейді.
4-ақыл: Зияныңды тигізбе!
Мүмкіндігінше үй тапсырмасын сабақтан кейін оқу орнының кітапханасында орындап тастағаның жөн болады. Өйткені түнде бәрі ұйықтап жатқанда сенің кітап оқып отырғаныңды ұнатпауы мүмкін. Біреу келесі бөлмеден түскен жарықтан ұйықтай алмаса, кейбіреу электр қуатын есептер.
* Басқалар ұйықтап жатқанда құлаққапсыз тикток көріп, инстаграмды парақтама.
* Лажы болса, үйде ешкім жоқ кезде немесе бәрі ұйқыға жатқанда шомыл.
* Тамақтанып болған соң әңгіме тыңдап отыра берме. Отбасы мүшелерінің шай ішіп отырып талқылайтын мәселелері болады, ашық әңгімелесулеріне кедергі келтірме.
* Демалыс күндері әркім өз үйінде еркін жүріп, демалғысы келеді. Сондықтан да кешке дейін кітапханада бол немесе дүкен арала, құрбыларыңмен кездес. Тіпті сенбі-жексенбі күні пәтерде тұратын құрбыларыңның қасына қонғаның да дұрыс. Үй егелерін "Өз үйімде еркін жүре алмадым-ау" дегізбе.
5-ақыл: Ұқыпты бол!
Қай жерде де ұқыпты адамды бәрі ұнатады. Киім үтіктедің бе, суырып, суытып орнына қой. Су іштің бе, бокалды шай. Шомылдың ба, шаштарыңды жинап, еденді сүртіп шық. Отырған орныңды, жатқан төсегіңді үнемі реттеп, таза ұста.
Ешкімге өз баласының суды төгіп алғаны да, тіс пастасын айнаға шашыратып жуғаны да білінбейді. Ал сенікі ашуын тудырады.
6-ақыл: Сөз тасыма!
Бір шаңырақ астында тұрып жатқан адамдардың бір-біріне ренжімеуі, сыртынан жамандамауы мүмкін емес. Естідің бе, ол сөз сол жерде қалсын. Екінші адамға барып айтушы болма.
Сондай-ақ отбасы мүшелері өзара ұрысып та қалады. Мұндайда араласпа, бөлмеңе кетіп қал.
Студент жасқа айтылатын бұл ақыл тізімін жалғастыра беруге болады. Бірақ осы негізгі алты ақылды санасына құю ата-ана міндеті. Ал студент өзге үйде жүргенде бұны орындауға тиісті.
Енді өзіңіз ойлап көріңізші, балаңыз үшін жатақхана дұрыс па, әлде ағайын-туыстың үйі ме?
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: