​Бай болуға кедергі келтіретін 7 әдет

0
937

Бұл әдеттер сізде бар ма?


​Бай болуға кедергі келтіретін 7 әдет

Фото: ашық дереккөзден алынды

Кім бай болғысы келмейді десеңізші?! Әрине, ол үшін жамбасты диваннан көтеріп жұмыс істеу керек дейді бай адамдар. Ал психологтар әдеттерді өзгерту де маңызды екенін айтады. «Әдетің мінезге айналады. Ал мінезің – тағдырың» деп әдетті өзгерту арқылы өмірді өзгертуге болатынын Шәкәрім атамыз да айтқан.

Сонымен, бай болу үшін қандай әдеттерден аулақ болған жөн?


1-әдет

Тілемсек ниет. Түсінікті болу үшін бұны айналасынан үнемі көмек күтетін немесе сұраншақ адам десек болады.

Мысал келтірсек, тілемсек ниетке мынадай ойлар жатады: «Үкімет не береді екен?», «Тағы бір бала тусам мемлекет жеңілдікпен үй беретін шығар?», "Құрбан айтта мешіттерде тегін ет тарататын шығар», «Ағам қаладағы пәтерін жалға бергенше, менің студент баламды тегін тұрғызса болады ғой», «Әпкем ай сайын бір жаңа көйлек алады. Кимейтін киімдерін сұрайын», «Көршіміз жаңа клемдер алыпты. Ескі кілемдерін не істейді екен, білу керек», «Әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға қайырымдылық жасайтын қор көп. Соларға тіркеліп қою керек еді» т.б.

Ең жаманы, тілемсек ниетті адам тұрмысын түзеудің жолдарын, жаңа идея емес, тегін нәрселерді іздейді. Ал психологтар адам тілемсек ниетінен арылмайынша байымайды дейді.



2-әдет

Үнемдеу. Оның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Мысалы: трассада жылдамдықты арттырып, жол ережелерін жиі бұзатын болсаңыз, табысыңыздың бір бөлігі айыппұл төлеуге жұмсалады. Үнемшіл адам айыппұл төлемес үшін жол ережелерін бұзбауға тырысады. Бензинді үнемдеу үшін дос-жаранды ары-бері тасып, әркімнің шашбауын көтеріп жүру дағдысынан арылады.

Темекі тартатын болсаңыз, тастаңыз. Есесіне ай сайын темекіге жұмсалатын ақшамен коммуналдық шығындарды төлеп отырасыз. Коммуналдық шығындар демекші, электр қуатын, суды да үнемдеуге болады. Алайда электр қуатын үнемдеймін деп, кірді қолмен жууға, суды үнемдемек боп аптасына бір-ақ рет шомылуға болмайды.

Сол сияқты тамақ пен киімнен, баланың дамуынан да ақша үнемдеу - қателік. Мысалы, кейбір аналар «Үйде отырмын ғой, өзім қараймын», «Енем күні бойы үйде, балаға қарамағанда не істейді» деп, бала мектепке барғанша балабақшаға бермейді. Салыстырып қарасаңыз, балабақшаға барған баланың дамуы әлдеқайда алда.

Таразыға салсақ, үнемдеудің «+» жағынан гөрі «-« жағы көбірек. Артық шығын шығармауды ойлайтын адамның көбісі кіріс көлемін ұлғайтуды ойлай бермейді екен. Өйткені ми үнемі «Қалай үнемдеймін?» деген сұрақтан босамайды. Шығынды азайтуды ғана ойлағаннан адам байымайды. Кірісті арттыруды да қатар ойлау қажет.



3-әдет

Сылтау айту. Кейбір адамда сылтаудың вагон-вагоны болады. Әр күнге, әр жағдайға сылтауы дайын тұрады. Психологтар әдетте жалқау адамның сылтауы таусылмайды дейді.



4-әдет

Өзіңді аяу. Қазақта «Аясаң аяма» деген сөз бар, ал бизнесмендер «Аяу – байлықтың дұшпаны» дейді екен.

Рас. Өйткені өзін аяйтын адамда баюға жетелейтін қайсарлық, табандылық, тәуекел сияқты қасиеттер болмайды. Сондай-ақ жанаяр адам ұйқышыл, қорқақ, әркімге кінә артқыш, жағдайларға шағымданғыш боп келеді.

Бұл әдет уақытты ұнамайтын жұмыс істеуге, мұра қалдырмаған ата-бабасына ренжуге, жоғары білім әпермеген немесе өзі қаламаған мамандықта оқуға мәжбүрлеген әке-шешесін кінәлауға, көмектеспейтін бауырларын жамандауға шығындайды. Және жанаяр адам жайлы аймақтан шығуға әрекеттенбейді. Ал өмірді өзгертетін, жетістікке жеткізетін құралдар, байлық, өзгеріс жайлы аймақтың сыртында.



5-әдет

Болмашыға ренжу. Ренжу қалыпты жағдай, бірақ тез ренжіп қалатын адамдар болады. Олар қонаққа барса, есік жаққа отырып қалса да бұрқан-талқан болады. Осындай болмашы нәрселерге ренжу арқылы ол айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын бұзады. Ал баю жолында қарым-қатынас өте маңызды.



6-әдет

Сериал көру. Анда-санда, демалыс күндері кино көруге болар, бірақ берері жоқ сериал мен ток-шоулар көру - уақытты босқа өткізу. Және сериалдағы кейіпкерлерді уайымдап, энергисын сарп етеді.

Бай адамдар теледидарды кітаппен ауыстырғандар. Олар тұлғалық даму мен кәсібін ілгерілету жолында мотивациялық, психологиялық фильмдер қарағанымен, кітарты көп оқиды. Ал білім – кітапта.



7-әдет

Сақтау. Әдемі киімін, жаңа бұйымдарын, сәнді ыдыстарын, тіпті тәтті шоколадтарын сақтап қою - кедей адамдарға тән дейді психологтар. Бұның астарында өзіне жақсыны қимау, бақытты болуды кейінге қалдыру, жақсы өмір сүруге талпынбау, бай болуға ұмтылмау психологиясы жатыр.

Жаңа бұйымдарды қолдану бұл – эмоция. Саяхаттау – эмоция. Ал эмоция – вибрация. Ақша вибрациясы жоғары алаидарға магнитше тартылады.

«Адам ақшасы көп болғаны үшін саяхаттамайды, көп ақша табу үшін саяхаттайды» деген сөз бар. Бұл сөзде де эмоцияны меңзейді.


Бай болуға кедергі болатын әдеттер қатарын жалғастыра беруге блады. Ең негізгілері осылар. Қысқаша формуласы: ниетті түзеу+сылтау айтуды, болмашыға ренжуді доғарып жауапкершілікті қолғау алу+баюдың жолын іздеп өзіңді аямай әрекет ету+бос уақытты қаржылық сауаттылықты, білімді арттыруға арнау.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Балабақшада балаңыз таяқ жеп жүрген жоқ па?

НЕГЕ бүгінгі жұмысыңыз ертеңге қала береді?